"Шетелдіктердің 38 млн доллардай табысы салықтан босатылуы мүмкін"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
9492

"Астана" халықаралық қаржы орталығы бюджеттен 6 миллиард теңгеден астам қаражат сұратуда.

"Шетелдіктердің 38 млн доллардай табысы салықтан босатылуы мүмкін"

Бұл ақша АХҚО-ның органдары мен ұйымдарын қосымша қаржыландыру үшін қажет көрінеді.

Дегенмен орталық бұл миллиардтардан бас тарта алады. Бірақ бір шарты бар: ол үшін Үкіметтен АХҚО-да тіркелетін шетелдіктерге арнап "инвестициялық салықтық резиденттік" енгізуді ұсынады.

Алайда ел тарихында болмаған мұндай жаңа институтты енгізу үшін конституциялық заңнамаға өзгеріс қажет болатын көрінеді.

Осы орайда АХҚО-ны қолдаған қаржы министрлігі "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталатын жаңа конституциялық заң жобасын әзірлеуде. Бірақ оны Үкіметтің және Парламенттің қолдар-қолдамасы әзірге белгісіз.

Дегенмен вице-премьер–қаржы министрі Әлихан Смайылов басқаратын орган қаржы орталығы органдары мен ұйымдарын қосымша қаржыландыруға бюджет қаражатын шығындағанша, аталған жаңа институтты енгізген дұрыс деп тауып отыр. 

"Ұсынылып отырған түзетулер қабылданбаған жағдайда АХҚО органдары мен ұйымдарын қосылған құн салығы (ҚҚС) сомасында бюджеттен қосымша қаржыландыру қажеттілігі туындайтындығын айта кету керек. Өйткені "Нысаналы аударым" бағдарламасы бойынша орталық алатын бюджет қаржысына ҚҚС есептеледі. Қолданыстағы салық кодексі бойынша бюджеттен алынатын нысаналы аударымдар тек ЭКСПО ұйымдары үшін ғана "өткізу айналымы" болып табылмайды. Осылайша, ұсынылған түзетулер қабылданбаса, АХҚО органдарының нысаналы аударым бойынша ҚҚС-қа болжамды шығыстары мынадай болады: 2019 жылы – 3,2 млрд теңге, 2020 жылға – 3,2 млрд теңге және бұл сома бюджеттен қаржыландыруды талап етеді", – дейді қаржы министрлігі.

Сарапшылар "инвестициялық салықтық резиденттік" енгізілсе де, бәрібір бюджет шығын шегетініне назар аудартады.

"Қаржы орталығы ашылар кезде, ол он жыл ішінде 40 млрд доллар экономикалық тиімділік әкеледі деп жарияланды. Алайда қазір сонша тиімділікті байқап отырған жоқпыз. Өйткені инвесторлар дамушы елдерден теріс айналуда. Сондықтан Алматы қаржы орталығының соңынан аттанбауы үшін АХҚО өзіне инвесторды тартатын әрқилы әрекет жасауда. Соның бірі – орталықтың инвестициялық салықтық резиденттігі бағдарламасы. Қарапайым тілмен айтсақ, Қазақстанға белгілі бір көлемде инвестиция салған шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға және олардың барлық отбасы мүшелеріне Қазақстанға шектеусіз көп реттік кіру визасы берілетін болады. Бұл мысалы, көрші Қытайдың көптен сұрап жүргені. Бұл инвестрезиденттік тек визамен шектелмейді, оларға салықтық жеңілдіктер де жасалады. Тиісінше, бюджет сол салықтардан қағылады", – дейді экономист Вячеслав Свиридов.

Оның байламынша, АХҚО шетелдіктер, яғни бейрезиденттер үшін де ҚҚС төлейді. Себебі орталықтың органдары негізінен, кәсіби заңгерлік, консалтингтік, IT қызметтерді шетелден сатып алады. Яғни, оларды салықтан босатса, қаржы орталығына да ҚҚС төлеу қажет болмайды.

Қаржы министрлігі бұл институт әзірше енгізілмегендіктен, бюджеттің қанша салықтан қағылатыны да беймәлім екенін алға тартады.

Әйтсе де, аталған конституциялық заң жобасының тұжырымдамасында бірқатар есептемелер келтірілген.

"Инвестордың шетелдік табысы 500 мыңнан 2 млн доллар аралығында болғанда, инвестордың дивидендтерден табатын табысы 75 мыңнан бастап, 300 мың долларға дейін жетеді, ал басқа көздерден алатын табысы 425 мыңнан бастап, 1,7 млн долларға дейін құрайды. Дивиденд түріндегі және басқа көздерден түскен табысқа тиісінше 5% және 10% салық салынады. Демек инвестор АХҚО-ның инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасына қатысқан жағдайда, дивиденд түріндегі табысынан 3,7 мыңнан 15 мың долларға дейін, ал басқа көздерден табысынан 42,5 мыңнан 170 мың долларға дейін салықтан босатылады", – делінген құжатта.

Қаржы министрлігінің алдын ала есебінше, осы институт бойынша пессимистік сценарий жүзеге асқанның өзінде, алғашқы бес жылда жалпы сомасы 6 миллионнан астам дивиденд түріндегі және басқа көздерден түскен табыс салық төлеуден босатылмақ.

Оптимистік сценарийде бұл ауқым 38 млн доллардан асуы ықтимал.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу