Шетелге шығу шығыны көп болса, қайтпек керек?

1098

​Қазақстанды қаншалықты жетік меңгердіңіз?

Шетелге шығу шығыны көп болса, қайтпек керек? Фото: inbusiness.kz

Мамыр айында, жалпы алғанда, биыл 11 демалыс күні бар. Мерекелер қарсаңында inbusiness.kz тілшісі еліміздегі ең танымал туристік бағыттар бойынша зерттеу жасады. Ақысы қолжетімді әрі тұрғындар арасында кең танылған туристік бағыттарға зер салайық. 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, еліміздегі ТОП-5 туристік аймақ тізімі мынадай:

Алматы қаласы – 1 392 015 ішкі турист;

Астана қаласы – 939 894 ішкі турист;

Шымкент қаласы – 412 268 ішкі турист;

Ақмола облысы – 427 212 ішкі турист;

Алматы облысы – 351 677 ішкі турист.

"АЛАТАУДЫҢ ЖҮРЕГІ"

Жылдың кез келген уақытында өзінің керемет атмосферасын жоғалтпайтын әсем қала – Алматы. Отыз минуттай уақытта халықаралық деңгейдегі тау шаңғы курортына жетуге болатын әлемдегі жалғыз мегаполис. Шаһар, тіпті, қаһарлы қыс мезгілінде жаймашуақ, жайлы ауа райымен танымал. Ал, көктем мен жаз мезгілдерінде Алматы сізді өз жылуымен, қылқан жапырақты ағаштарының хош иісімен және жазғы дәмхана, кофеханалардан аңқып тұратын иістерімен баурап алары сөзсіз.

Алматы қаласының көрікті жерлері:

  • Бүкіл отбасымен баруға арналған локациялар: Ботаникалық бақ, 28 панфиловшылар бағы, Көк базар, Зообақ, Океанариум, Аквапарк. Жергілікті сәулет құрылыстарын тамашалауға жаңа алаңға бет бұрыңыз. Ескі алаң және Абай атындағы алаңға да барып көріңіз – бұл жерде әрдайым қызықты шаралар өтіп жатады.
  • Көк-Төбе, Медеу, Шымбұлақ – белсенді туризм үшін таптырмайтын орындар.
  • Қалада кинотеатрлар мен сауда орталықтары өте көп. Оның әрқайсысы заманауи, әдемі әрі ерекше. Алуан түрлі дәмхана, мейрамхана, сауықтыру орны бар.
  • Сондай-ақ, міндетті түрде Алматы облысында орналасқан табиғи орындарға да барып көріңіз: Үлкен Алматы көлі, Шарын шатқалы. Ашық аспан астында пикник өткізуге де әбден болады. Тек демалып алған соң, табиғатты ластамай, қалған қоқысты жинауды ұмытпасаңыз болғаны.

Жылдың кез келген мезетінде бұл қала сізді құшағын жая қарсы алады. Алматы – нағыз туризмге арналған қала, сол себептен оған көбірек уақыт бөлгеніңіз жөн.

БАС ҚАЛА

Таңғажайып көркем Астана қаласы. Мұнда әр апта келіп, демалыс күндеріңізді өткізіп тұрсаңыз да жалықпайсыз. Жаңа ғимараттар саны артып, қала тез кеңейіп келеді. Қала ландшафтында жасыл желектер күн сайын артуда; жаңалық пен заманауилық лебі де бар.

Сол жақ жағалауда орналасқан көрікті жерлер:

  • 97-метрлік Бәйтерек – астанамыздың символы, мұнараға көтерілсеңіз, қала алақаныңызда тұрғандай көрінеді.
  • Жалтыраған көкшіл сфера пішініндегі болашақ энергия мұражайы – Нұр Әлем (дүниежүзілік Экспо-2017 көрмесінің мұрасы).
  • Ғимарат ішінде жағажайы бар, әлемдегі ең биік шатыр – Ханшатыр сауда және ойын-сауық орталығы.
  • Ханшатырдан тікелей Ақ Ордаға апаратын, салтанатты футуристік сәулет құрылыстарымен қоршалған Нұржол бульвары да әдемі.

Ескі қаланың байсалды әрі жылы атмосферасын таңдайтын жандар үшін:

  • Б. Қосшығұлұлы салдырған мұсылман балаларға арналған мектеп (қазіргі күні Халық банкі орналасқан), көпес Матвей Кубриннің сауда үйі (қазіргі Астана супермаркеті), көпес Василий Кубриннің үйі (Мемлекеттік мұрағат), көпес П.Г.Моисеевтің үйі (ҰОС мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталь) және басқаларын тамашалай аласыз. Міндетті түрде ғимараттардың ішіндегі ең көнесі – Сәкен Сейфуллин атындағы мұражайға кіріп, ардақты ақын әрі қоғам қайраткерінің өмірімен танысып шығыңыз.
  • Оң жақ жағалауда үлкен әрі салтанатты Әзірет Сұлтан мешіті, жылтыраған пирамида пішініндегі Бейбітшілік және Келісім сарайы, Ұлттық мұражайға баруға кеңес береміз.

Өнер сүйер жандар үшін:

  • "Астана Опера" опера және балет театрына және "Астана Балет" театрына барып, әлемдік әрі отандық классика үлгілерімен үнемі жаңарып тұратын репертуарынан таңдаған қойылымдарды тамашалауға шақырамыз.

Спорт сүйер қауым үшін:

  • "Барыс Арена" спорттық кешені бар. Бұл жерде хоккей жарыстары ғана емес, концерт, форумдар мен басқа да іс-шаралар өтіп тұрады.
  • "Астана Арена" стадионы. Амфитеатр түрінде салынған стадионда әлемдік деңгейдегі футбол матчтары, және басқа да спорттық, мәдени шаралар өткізіледі.
  • "Алау" мұз айдыны – коньки тебуге арналған жабық стадион.

Бұл – Қазақстан астанасының, сіз үшін дайындаған көрікті орындардың аз бөлігі ғана. Олардың саны өте көп, сондықтан барлығын асықпай қарап шығу үшін сізге бір емес, бірнеше күнге қалуға кеңес береміз.

 

ШЫРАЙЛЫ ШАҺАР

Шырайлы "шығыстың" ерекшеліктеріне құмар жандарды Шымкент қаласы құшағын жайып қарсы алады. Оңтүстіктің жүрегі, таңғажайып көне қала. Ол – жазық даланың тап ортасында, ыстық күн шуағының астында орналасқан.

Мұнда жануарлар мен құстарды табиғи ортасында көруге болатын саялы бақтар бар. Міндетті түрде Дендробақты өз жоспарыңызға қосыңыз, бұл – тек туристердің ғана емес, жергілікті тұрғындардың да жиі серуендейтін орны.

Оазис тұжырымдамасына сай, Шымкентте бассейндер мен су аттракциондарды аквапарктер мол. Ыстық күні қала ішінде серуендеген соң, сергіткіш салқын суға шомылып, су аттракциондарында көңіл күйді көтеруге не жетсін!

Шымкент тіл үйірер асымен де танымал. Алтын түстес нағыз палаудың, арнайы рецепттер бойынша әзірленген хош иісті лағманның, кәуаптар мен самса және көптеген басқа тағамдардың дәмін татуға кеңес береміз.

Базарларды да аралап шыққаныңыз жөн болар. Түрлері мен дәмдері сан алуан қарбыз, қауын, алма, түрлі жаңғақтар мен тәттілер... Барлығынан да ауыз тиіп көруге болады: саудагерлер барын салып, ең жақсысын ұсынуға тырысары сөзсіз!

Тарихи орындары:

  • Шымкент өлкетану мұражайы;
  • Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай;
  • "Кең Баба" этнографиялық саябағы;
  • Сайрам көне қалашығы – ұлы философ, ғұлама ақын Қожа Ахмет Яссауидің туған жері, орта ғасырлардағы ірі әкімшілік және сауда орталықтарының бірі.

Сонымен қатар, қаладан тыс көне киелі жерлерге сапарға шығуға болады:

  • Арыстан Баб кесенесі
  • Түркістан қаласы
  • Отырар және Отырар оазисі
  • Ақмешіт үңгірі
  • Домалақ-Ана кесенесі.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласы таңғажайып табиғатымен, терең тарихымен танымал. Қаладан небәрі 60-70 шақырым жерде таулар мен шыршалы ормандар, керемет көркем таулы көлі бар. Дәл осы облыста Зеренді мен Бурабай курорттары орналасқан, бұл жерлерде демалып қана қоймай, шипажайларында денсаулықты да жақсартуға болады.

Ақмола облысының көрікті жерлері:

  • "Бурабай" ұлттық саябағы. Оның аумағында таулар және мәңгі жасыл орман қоршаған 14 көл бар. Олардың ішінде әйгілісі Әулиекөл (Бурабай), Шортанды, Үлкен және Кіші Шабақты көлдері. Бұл жерде Абылай хан алаңы және хан тағы да орналасқан.
  • "Көкшетау" ұлттық саябағы. Флора мен фаунаға бай, аласа жартасты, ақ қайыңды шоқылармен және қарағайлы орманмен көмкерілген, тектоникалық текті алып көл – Зеренді көлі бар өте үлкен саябақ;
  • "Бұйратау" ұлттық саябағы. Бұл жерде жабайы маралдарды кездестіруге болады.
  • Дүниежүзілік ЮНЕСКО мұрасына енгізілген Қорғалжын қорығы. Көктем мен күз айлары орнитологиялық экскурсияға барсаңыз, қызғылт қоқиқаздың үлкен шоғырын көре аласыз.

Тарихи орындар:

  • Саяси құғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешені. Сталиндік құғын-сүргін жылдары шамамен 20 мың әйел осы лагерден өтті, ал 8000-ға жуығы өз мерзімдерін толығымен осы жерде өткізді. Негізінен олар танымал мемлекет, саясат және қоғам қайраткерлерінің жұбайлары еді.
  • Ботай мәдениеті мұражайы – энеолит дәуірінің ботай мәдениетіне арналған этнография және археология мұражайы. Дәл осы дәуірде Қазақстан аумағында алғаш рет жылқылар қолға үйретілген.
  • Сондай-ақ, Ақмола облысының тарихи-өлкетану мұражайы, І.Есенберлиннің әдеби мұражайы, Кеңес Одағының Қаһарманы Мәлік Ғабдуллиннің мұражайы.

Мамыр айынан қазан айына дейін бұл облыста ауа-райы өте керемет, орташа +25 градус болады. Бұл – тауға шығу, жазда жағажайда демалу, күзде саңырауқұлақтар мен жидектер жинау уақыты. Қыс түскенде, ауа райы -30-ға дейін суыса да, қарлы саяхатты ұнататындардың сүйікті кезеңі келеді: бұл кезде мұз астынан балық аулау, коньки, шаңғы және сноуборд тебу және басқа қызықтар мол. Ақмола облысы өз қонақтарына жыл он екі ай бойы белсенді демалыс сыйлауға дайын!

АЛМАЛЫ МЕКЕН

Алматы облысы әр жүз шақырым сайын ауысып отыратын керемет пейзаждарымен таңғалдырады: таңертең 2 510 метр биіктіктегі Үлкен Алматы көлінде болып, түстен кейін шөл далада, Айғай құмның бөктерінде тұруыңыз әбден мүмкін!

Алматы облысының көрікті жерлері:

  • Аса көркем көлдер: суға батқан "қорғаушылары" бар Қайыңды және бірі бірінен жоғары орналасқан Көлсай көлдері.
  • Шарын шатқалындағы "Қамалдар мекені". Дәл осы жерде мұз дәуірінен бері өсіп келе жатқан Шаған тоғайын да көруге болады.
  • Алматы қаласының ең танымал көрікті орнына айналған Үлкен Алматы көлі.
  • Айғай құм. Ерекше әдемі құмды аймақ.
  • Түрген сарқырамалары. Алабалық шаруашылығы, түйеқұс фермасы, ашық аспан астындағы этнобақ арқылы сарқырамаға баруға болады.
  • Ақбұлақ, Ойқарағай, Табаған биік таулы курорттары.
  • Асы үстірті. Үстірт – әлемдегі ең қуатты телескопы бар обсерватория құрылысына арналған үздік орын.
  • Тамғалы тас мекені. Жартасқа салынған, керемет анық сақталған көне суреттерімен танымал.
  • Тері ауруларына, орталық жүйке жүйесіне, қимыл-тірек аппаратына ем болатын ерекше емдік суы бар ащы-тұзды Тұзкөл.

Алматы облысында ауа-райы жайлы: көктемнен бастап, күздің ортасына дейін температура деңгейінің +20 градустан төмен түсуі сирек; қыстыгүні де жылы болады - қаңтардың орташа температурасы -5 градус.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу