Шетелге заңсыз шығарылған активтер қалай қайтарылады?

Капиталды елге қайтару бойынша Бас прокуратураның бастамасымен тиісті топтар құрылды.

Шетелге заңсыз шығарылған активтер қалай қайтарылады?

Парламент Мәжілісінің отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтарудың жолдары туралы айтты, деп жазды inbusiness.kz.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Азат Перуашев осыған қатысты сауал қойды. 

"Жуырда Өзбекстан оффшорлық аймақтардан Гүлнар Каримова заңсыз жолмен шығарған 130 млн долларды қайтарды деген ақпарат тарады. Бізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың оффшорлық компаниялардан заңсыз шығарылған қаражатты қайтаруға қатысты тапсырмасы бар еді, бұл заң жобасында нақты механизмдер қарастырылған ба?", – деп сұрады депутат Антикор басшысынан. 

Сұраққа жауап берген Марат Ахметжанов Қазақстан осы бағытта 68 елмен халықаралық шартты ратификациялағанын жеткізді. 

"Активтерді қайтару бойынша бізде уәкілетті органдар бар. Бүгінде біз құқықтық көмек көрсету туралы 68 халықаралық шартты ратификацияладық. Шетелдік активтерді есептеуге көмектесетін үш қаржылық топ жұмыс істейді. Айта кету керек, бұл жерде ең бастысы шетелге заңсыз шығарылған активтерді анықтау керек. Тек содан кейін қайтару үшін заңды негіздер қажет. Бүгін талқыланған заң жобасы аясындаға негізсіз баюға тосқауыл қою қадамдары қарастырылған. Яғни оның негізсіз баюы шын мәнінде расталғаннан кейін, аталған мүлікке талап қоюға және тыйым салуға болады", – Марат Ахметжанов.

Спикердің айтуынша, шетелге заңсыз шығарылған қаражатты қайтарудың екінші жолы – қылмыстық іс қозғау.

"Мұнда құзырлы уәкілетті орган – Бас прокуратура. Өйткені бұл тыйым салуды қажет ететін мүлік. Бұған сот, прокурор санкция береді, сондықтан аталған талаптар уәкілетті орган арқылы жіберіледі. Бұл мәселе бойынша қаржылық тергеу өте маңызды", – деді Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар Антикор басшысы ратификацияланған шарттарда саяси, нәсілдік және басқа да себептермен қудалау болмайтындай баптар қарастырылғанын атап өтті. 

"Құқықтық нюанстар бар, бірақ жалпы алғанда, бүгінде Бас прокурордың қадағалауымен бұл ақшаның қайтарылуын тергеу әдістемесі әзірленді. Осы мәселемен неғұрлым сауатты айналысатын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бар", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.

Еске сала кетсек, 8 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елден заңсыз шығарылған қаражат пен сыртта сатып алынған активтерді қайтару бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу