banner

Шикізат мәселесі шешілмей зауыт салынбайды

5128

Павлодар облысында салынатын қант зауытына тәулігіне 6 мың тоннна қант қызылшасы керек.

Шикізат мәселесі шешілмей зауыт салынбайды

Павлодар облысының басшылығы Ақсу қаласының маңынан агропарк құрмақ. Ондағы негізгі нысан қант зауыты болады деп күтілуде. Зауытты 2020-2021 жылдары салу жоспарланып отыр. Болжам бойынша, кәсіпорын жыл сайын 100 мың тонна қант өндірмек. Сондай-ақ бұл жерде 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асыруда.

"Қант зауыты Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Себебі салынатын зауыт ішкі нарықтағы сұраныстың 20 пайызын қамтитын болады", – дейді "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Әлібек Несіпбеков.

Корпорация мамандары жобаны қолға алмас бұрын халықаралық тәжірибені көріпті. Осы орайда , былтыр Павлодар облысының делегациясы АҚШ, Германия, Қытай елдеріне барып қайтқан.

Әлібек Несіпбековтің сөзінше, қант зауытын салуға 70 гектар жер бөлінген. Ресейдің "БМА Руссланд" фирмасы техникалық-экономикалық негіздеме әзірлепті. Инженерлік желілерді тартуға қажетті тиісті техникалық талаптар да дайын. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, зауыттың құны шамамен 150 млн долларды құрамақ.

"Қазір әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда жобаға ресейлік, қытайлық және испаниялық компаниялар қызығушылық танытуда", – дейді Әлібек Несіпбеков.

Қант қызылшасын өңдеумен айналысатын инвестор анықталмаса да, жергілікті аграрлар шикізат базасын әзірлеуге кірісті. Жоспар бойынша қант зауыты тәулігіне 6 мың тоннаға жуық қант қызылшасын қайта өңдейді. Демек қант қызылшасы егілетін алқаптың аумағы 15 мың гектардан кем болмауы керек. Сол себепті облыстағы 10 кәсіпорын "Павлодар Қант" деген кооператив құрып отыр. Ондағы мақсат – болашақ қант зауытын шикізатпен қамту.

Қазірдің өзінде облыстың егіс алқаптарында қант қызылшасына арналған тәжірибелік алаңдар пайда болды. Оған Германиядан әкелінген элиталық тұқымдар егілді. Дәлірек айтсақ, германиялық KWS брендінің 8 сорты сынақтан өткізілуде.

"Бұған дейін облыс аумағына қант қызылшасы егілген емес. Өйткені қажеттілік болған жоқ. Бірақ біздің өңірде қант қызылшасын өсіруге мүмкіндік бар. Оның үстіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өзі бұған қызығушылық танытуда. Қазірдің өзінде қанат қызылшасының 8 сорты бес ауданның аумағына егілді. Тұқым себілген аумақтың жалпы көлемі 11 гектарды құрайды", – дейді Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.

Басқарма өкілінің сөзінше, германиялық сорттың басты артықшылығы – өнімділігі жоғары. Павлодар облысының климаты жағдайында әр гектардан 50 тоннадан астам өнім алуға болады. Тағы бір артықшылығы – қанттылығының көптігі.

"Бұл болашақ зауыт үшін өте маңызды. Еліміздің оңтүстігінде қант өндірісіне қанттылығы 14 пайыздан басталатын қызылша пайдаланылады. Ал біздің өңірден алынатын өнімнің қанттылығы 20-22 пайыздан басталады деп күтілуде", – дейді ол.

Өнімді қазан айында жинап алу жоспарлануда. Жиым-терім жұмыстары аяқталған соң, өңірде қант қызылшасының қандай сортын өсіру тиімді екені белгілі болады.
Сонымен қатар, Павлодар облысындағы ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясының мамандары да қант қызылшасын өсірумен айналысуда. Олар отандық өнім түрлерін еккен. Ғалымдар тұқымның экологиялық жағдайларға қаншалықты шыдас беретінін анықтап көрмек.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу