Шілдеден бастап банктер қазақстандықтардың биометриялық деректерін жинай бастайды

124

Деректер кемінде 5 жыл сақталуы керек.  

Шілдеден бастап банктер қазақстандықтардың биометриялық деректерін жинай бастайды Фото: vashtvmir.ru

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банктің бірлескен қаулысы жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бірлескен қаулымен қаржы және төлем ұйымдарының биометриялық аутентификациялау жүргізу қағидалары бекітілді. Қаулы 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Биометриялық аутентификациялау адамның бет бейнесі немесе алақанының ізі негізінде жүргізілетіні айтылған.

"Банктер электрондық банк қызметтерін көрсету кезінде пайдаланылатын аутентификациялау жүргізілетін адамның келісімі туралы ақпаратты, бейненің шынайылығын тексеру технологиясын пайдалана отырып, аутентификациялау жүргізілетін адамның бейнесін, аутентификациялау жүргізілетін адаммен жазылған бейнеконференция сеансының жазбасын, сондай-ақ аутентификациялау жүргізілетін адаммен іскерлік қатынастар тоқтатылған күннен бастап кемінде 5 жыл аутентификациялау жүргізілетін адамның  биометриялық аутентификация нәтижелерін сақтауды қамтамасыз етеді", – делінген бірлескен қаулыда.

Банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктерінің филиалдары және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар аутентификациялау жүргізілетін адамның жеке басын сәйкестендіру мақсатында электрондық банк қызметтерін көрсету кезінде биометриялық аутентификациялауды ұсыну бойынша Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының (СДАО) қызметтерін пайдаланады.

Бұл процесс қашықтан банктік шот ашу кезінде, аутентификациялау жүргізілетін адамға электрондық цифрлық қолтаңба сертификатын беру, банктік қарыз сомасы қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мөлшерден асып кеткен жағдайларда жүргізіледі. Сонымен қатар аутентификациялау жүргізілетін адамды банктің мобильді қосымшасында және (немесе) интернет-ресурсында бастапқы тіркеу, адамның  деректерін мерзімді жаңарту кезінде де тексеріс міндетті.

Қаулыда айтылғандай, адамның шынайы бейнесін алған кезде бейненің дұрыстығын тексеру рәсімі жүзеге асырылады. Онда аутентификациялау жүргізілетін адамға кадрда визуалды өзгерістер жасауға бағытталған кемінде үш сигналды командалар беріледі.

Бағытталған сигналдардың кез келгеніне сәйкес келмеуі бейненің дұрыстығын тексеру рәсімінің қайталануына әкеледі. 3 рет сәтсіз қайталау бейненің шынайылығын тексерудің теріс нәтижесін білдіреді.

Алақан ізін сканерлеу тек биометриялық аутентификациялау провайдерінің үй-жайында және адамның жеке қатысуымен ғана жүзеге асырылады. Мұнда адамның мобильді құрылғыларын пайдалануға жол берілмейді.

"Алақан ізін алу кезінде муляждарды, құймаларды, бейнелерді немесе жасанды түрде шығарылған өзге де объектілерді пайдалану әрекеттерін анықтауға бағытталған дұрыстығын тексеру жүзеге асырылады. Сенімділікті тексеру көлем өлшемдерін, жылу, оптикалық немесе тамырлар сипаттамаларын талдауды қамтиды", – деп жазылған құжатта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу