ШҚО мемлекеттік қызметкерлері атқосшы ұстай ма?

Шығыс Қазақстандағы қалалық және аудандық әкімдіктер әрбір штаттағы қызметкеріне бір-бір шаттан тыс қызметкер ұстап отыр.

ШҚО мемлекеттік қызметкерлері атқосшы ұстай ма?

Кеңсеңе қарай көсіл
Шығыстағы шешеуніктер шіреніп өмір сүруге құштар. 11 ақпан күні Өскеменде өткен мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кеңесінде айтылған тоқсан ауыз ақпараттың тобықтай түйіні осы. Әсіресе басшылық лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер өздеріне кең сарайдай кеңсе бөлгізіп, қол астындағы қызметкерлерін құрқылтайдың ұясындай бөлмелерге тықсырып тастаған. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызының айтуынша, мұндай бассыздық мемлекеттік органдардағы қызметтік бөлмеге қатысты арнайы нормаға да қайшы екен. Аталмыш департамент сол қайшылықтарды түгелдей тізіп, олқылықтарды жою бойынша ұсынымдар беріпті. Қадағалаушы органның қағаз жүзіндегі талабына пысықай шенеуніктер пысқырып та қарамай отыр.

Норманы нұсқау құрлы көрмеген органдардың ішінде Семей қаласының әкімдігі алдына қара салмай тұр. Семейлік шенеуніктердің бұл ескертулерді елеуге банкеттен қолдары босамайтын сияқты. Әкімдік ғимаратында банкет залының болуы департамент мамандары үшін өрескел оқиға болып көрінгенімен, шенеуніктер үшін қалыпты жағдай болса керек. Банкет залын  жабу туралы ұсыным әлі күнге орындалмаған. Тұрғын үй инспекциясының, құрылыс, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қала әкімі аппаратының нормадан тыс кеңейтілген кеңселеріне жайғасқан лауазымды тұлғалар артық кеңістікті өзге әріптестерімен бөлісуге құлық танытпапты да.

Ал өскемендік шенділер аппартамент таңдауда артық кеткендерін бірден түсінсе керек.

"Қалалық ішкі саясат бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі, ветеринария және ауыл шаруашылығы бөлімі, коммуналдық шаруашылық бөлімі, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшыларының кабинеттері нормаға сай кішірейтіліп, артылған орындар өзге қажеттіліктерге бөлініп жатыр. Бірі кабинетін әріптестерімен бөліссе, бірі артық кеңістікті мұрағат немесе ксерокөшірме аппараты тұратын бөлме етіп, қайта жарақтады", – дейді Жанна Қабдолдақызы.

Ал Бесқарағай ауданында 6 бірдей мемлекеттік органның кеңселерін қайта жарақтау арқылы 2,1 млн теңге үнемделген. Бородулиха ауданында 829,4 шаршы метр нормадан тыс пайдаланылып келген. Оның 106,1 шаршы метрі жалға алынған ғимарттарда болған.

Жаңа басшының ескі бассыздықтары
Кеңселердің кемшілігін тексереміз деп жүріп, департамент өкілдері тағы бір бассыздықтың бетін ашыпты. Мемлекеттік органдардың шығынын шектеу үшін осыған дейін бірнеше мәрте қысқарту жүріп, мемлекеттік қызметкерлердің саны азайтылғаны есімізде.

Шығысқазақстандық органдар  қысқартылған құрамның біліктілігін арттырып, қызмет сапасын көтерудің орнына қулыққа басыпты. Штаттағы мемлекеттік қызметкерлер саны нормаға сай болғанымен, әрқайсына штаттан тыс атқосшы сайлап берген.

"Семей қаласында штаттағы мемлекеттік қызметкерлер саны 286 болса, штаттан тыс мамандар саны 202. Риддерде 88 қызметкерге 73 маман келіп тұр.  Ал Көкпекті мен Глубокое аудандарында тіпті штаттан тыс мамандар саны штаттағылардан асып түскен", – дейді Жанна Қабдолдақызы.

Бұл қос ауданның асыра сілтегенін келесі сандардан-ақ көруге болады. Глубокое ауданында мемлекеттік қызметкерлер үшін 106 штат бөлінген екен. Олардың міндетін 157 штаттан тыс қызметкер бөлісіп жүр. Бір ғана аудан әкімінің аппаратына 23 штаттан тыс маман тіркелген. Ал Көкпекті  ауданында 93 мемлекеттік қызметкерге 116 штаттын тыс маман қолбала болып жүр. Әкімнің аппаратындағы 21 қызметкерге 25 атқосшы қызмет етуде. Жұмысын штаттан тыс нөкерлер жеңілдетіп жүрсе де, осы Көкпекті ауданында мемлекеттік қызметкерлердің құрамы өте тұрақсыз болып тұр. 2018 жылы 45 мемлекеттік қызметші жұмыстан кетіпті. Оның үшеуі жемқорлық дауына іліккен.

"Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы мен бас маманы, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Үшеуі де  сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иемденгені үшін сотталды", – дейді департамент басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев.

 Жемқорлық фактілері бойынша Көкпекті ауданы көш бастап тұр десе де болады. Балабақша мен мектептерде орын алған ұсақ жемқорлық оқиғалары мемлекет қазынасына 32 млн теңген шығын келтіріпті. Ал мемлекеттік сатып алу бойынша 99 млн теңге мақсатсыз игерілген. "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы бойынша 24 млн теңгенің заңбұзушылығы анықталған.

"Юпитер" зерттеу орталығының  әлеуметтік зерттеуіне сенсек,  Көкпекті ауданында жемқорлық көрсеткіштері өзге аудандардан әлдеқайда жоғары болып тұр", – деді департамент өкілі.

Әдеп кеңесі жиын соңында жуықта ғана Семей қаласы әкімінің орынбасарлығынан облыстық қаржы басқармасына басшы болып ауысқан Қайрат Ерембесовтің әрекеттерін талқыға салды. Су жаңа басшы Семей қаласында әкім орынбасары болып жүргенде жанармай құю стансасының құрылысына тыйым салынған жерден телім бөліп жіберген екен.

Істің жай-жапсарын облыс прокурорының орынбасары Виталий Шабер баяндаған болатын. Оның айтуынша, аталмыш аумақ су қорғау аймағына жататын. Су кодексі бойынша,  табиғи ылғал көздеріне жақын аумақты жанармай стансасына пайдалануға тыйым салынған. Шаһар шаруашылығына жауапты бола отырып, Қайрат Ерембесов қаланың бас жоспарына қайшы жобаларға қолдау білдіріп, бірнеше жер телімін заңсыз берген. Ал кейбір телімдерді пайдалану мерзімі біткеніне қарамастан, заңсыз созып отырған. Бара-бара шенеунік әлдеқашан жабылып қалған зиратқа мәйіт қоюға рұқсат беріп жіберген. Бұл бассыздықтары үшін бас қаржыгер қатаң сөгіс алып құтылды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу