Шойгудың генералдары тұтқындалып жатыр

3678

Бұл өткен айда Ресей қорғаныс министрі орынбасарының тұтқындалуынан басталды. 

Шойгудың генералдары тұтқындалып жатыр Фото: mavink.com

Содан кейін осы министрліктің кадр басқармасының басшысы сотқа тартылды. Ал осы аптада тағы екі жоғары лауазымды әскери шенеунік ұсталды. Барлығына сыбайлас жемқорлық үшін айыпталып жатыр. Бірақ олар өздеріне тағылған кінәні жоққа шығарып отыр.

Тұтқындаулар Президент Владимир Путин өзінің бесінші мерзіміне кірісіп, одақтасы әрі ұзақ уақыт бойғы қорғаныс министрі Сергей Шойгуды жаңа қызметке ауыстырғаннан кейін басталды.

Бұның бәрі Украинадағы соғыс кезінде Путин Қорғаныс министрлігін бақылауды қалпына келтіріп жатыр ма, әскерилер мен қауіпсіздік қызметтері арасында ықпал ету үшін күрес басталды ма, әлде Кремль қабырғаларының ар жағында басқа сценарий ойналып жатыр ма деген сұрақтар туындатып отыр.

Тұтқындаулардың артында не тұр және олар неліктен қазір басталды? Бұл сауалдарға жауаптардың қысқаша сипаты төмендегідей:

Ресейдегі жемқорлық қаншалықты өзекті мәселе?

Ресейде коррупциялық жанжалдар жаңалық емес. Мұнда ондаған жылдар бойы лауазымдылар қызметін жеке мүддесіне пайдаланды деп айыпталып келеді. Ал Украинадағы соғыс қорғанысқа шығындардың күрт артуына алып келіп, пара алу мүмкіндіктерін арттырды.

Кімдер тұтқындалды?

Бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Иванов – сәуір айында тұтқындалған бірінші шенеунік және осы уақытқа дейін ұсталған ең жоғары лауазымды адам.

Ол әскери салаға қатысты ірі құрылыс жобаларын қадағалап, орасан зор ақшаға қол сұғатындай мүмкіндікке ие болған. Сол жобаларға Украинаның қираған Мариуполь порттық қаласын қалпына келтіру де кіреді.

48 жастағы Иванов пен оның отбасы элиталық жылжымайтын мүлік иеленіп, тіпті соғыс басталғаннан кейін де салтанатты кештер өткізіп, шетелге саяхаттаған.

Ивановтың әйелі Светлана санкциялардан құтылып, сәнді өмір салтын жалғастыру үшін 2022 жылы тіпті жұбайы Ивановпен ажырасты деген ақпарат бар.

Дегенмен, Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың мәлімдеуінше, жақындағы тұтқындаулар жемқорлыққа қарсы "науқан" емес.

Сәуірде Ресейдің жоғарғы құқық қорғау органы – Тергеу комитеті Иванов аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұл – 15 жылға дейін бас бостандықтан айыратын қылмыстық әрекет.

Содан бері пара алды деген айыппен Қорғаныс министрлігі кадрлық басқармасының бастығы генерал-лейтенант Юрий Кузнецов; кадрлық офицер және Украинадағы әскердің бұрынғы жоғарғы қолбасшысы генерал-майор Иван Попов; генерал-лейтенант Вадим Шамарин қамауға алынды. Шамарин – бас штаб қолбасшысы Валерий Герасимовтың орынбасары.

Бейсенбіде министрліктің бесінші шенеунігі – осы министрліктің қорғаныстық сатып алу департаментінің бөлімшесін басқарған Владимир Вертелецкийдің ұсталғаны хабарланды.

"Оған қызметтік өкілеттігін пайдаланып, мемлекетке 70 миллион рубльден астам залал келтіргені үшін айып тағылды", – деп хабарлайды РФ Тергеу комитеті.

Мәскеу облысы бойынша федералдық түрме қызметі басшысының орынбасары Владимир Телаев бейсенбі күні ірі көлемде пара алды деген айыппен қамалған.

Жаңа министрдің шешімі ме?

Лондондағы Корольдік Біріккен Қызметтер Институтының Ресей экономикасы жөніндегі маманы Ричард Конноллидің ойынша, бұл тұтқындауларға қарап, Қорғаныс министрлігінде "шынымен де өрескел" жемқорлыққа бұдан былай жол берілмейді" деген болжам жасауға болады.

Инауграциядан кейін көп ұзамай Путин Шойгуды қорғаныс министрі лауазымынан босатып, оның орнына экономист Андрей Белоусовты тағайындады. Песков айтқандай, Ресейдің ұлғайған қорғаныс бюджеті ел экономикасымен үйлесім табуы керек.

Песков Ресейдің қорғаныс бюджеті жалпы ішкі өнімнің 6,7 пайызын құрайтынын айтты.

"Бұл қаражатты ақылмен жұмсау керек деген көзқарас бар", – дейді Коннолли.

Өткен жылы жұмбақ ұшақ апатынан қаза тапқан жалдамалы командир Евгений Пригожин елдің әскери басшылығына қарсы қысқаша көтеріліске шығып, әскери шенеуніктердің соғысты дұрыс басқармағанын және "вагнерліктерге" қару-жарақ пен оқ-дәрі беруден бас тартқанына шағымданған еді.

Кейбір сарапшылардың ойынша, Белоусовтың тағайындалуы Кремльдің осы мәселелерге назар аудару керектігін амалсыздан мойындағанын білдіреді.

Конноллидің айтуынша, жаңа қорғаныс министрі Белоусов Шойгудың адамдарын өз министрлігінен аластата отырып (тұтқындаулар арқылы),  қоғамға енді "бәрі басқаша болады" деген сигнал беріп отырған тәрізді.

Ықпал ету үшін күрес пе?

Бұл тұтқындаулардың ар жағындағы қозғаушы күш Кремль немесе ФСБ ма? Бұл сауалға әзірге жауап жоқ.

Кейбір бақылаушылардың ойынша, Путиннен жеткілікті деңгейде алыс шенеуніктер ықпал ету сферасы үшін күреске киліккен тәрізді. Бұл оқиға жаңа қорғаныс министрін тағайындаумен байланысты болмауы мүмкін.

Еуропалық саясатты талдау орталығының Демократиялық тұрақтылық жөніндегі директоры Сэм Гриннің сөзінше, бұл тұтқындаулар қауіпсіздік қызметтерінің Путин 2022 жылы Украинаға әскер кіргізгеннен кейін үстем күшке айналған әскерилерге "тойтарыс беру" әрекеттерін білдіруі мүмкін.

Кремль әскери басшылықта қандайда бір "тазалау" жүргізіліп жатқанын жоққа шығарып отырса да, Гриннің пікірінше, "Путин мұндай оқиғаның болғанын қаламаса, ондай жағдайға Ресейде жол берілмес" еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу