Шошқа иісі аңқыған: "Рубиком" тағы дауға қалды

16181

Кәсіпорынға тексерушілер аттануы мүмкін. 

Шошқа иісі аңқыған: "Рубиком" тағы дауға қалды

Өткен жылдары еліміздің ең ірі шұжық жасаушы кәсіпорындарының бірі – павлодарлық "Рубиком" жанжалға іліккен-тін. "Сапа" тұтынушылар құқығын қорғау ұлттық қоғамының баспасөз қызметі "Рубиком" ЖШС "Халал" деп сатқан "Дастархан" жартылай ысталған шұжығынан шошқа ДНК-сы табылғанын мәлімдеді.

"Оның шұжықтарында "құрамында шошқа еті жоқ" деген жазу болды. "Рубиком" компаниясы өз өнімін сапа эталонына және әлемдік стандарттарға сәйкес келеді деп жалған жарнамалаған", – деп хабарлады тұтынушылар құқығын қорғаушы қоғам.

Сарапшылар шошқа және сиыр етінен шұжықтар бір өндірістік қондырғыда жасалса доңыз етінің араласпауы мүмкін емесін ескертеді. 

"Қазақстанда шошқа етін технологияда пайдалануға еш тыйым салынбаған. Бірақ өндіруші оны қолданады екен, онда қаптамада шошқа ДНК-сы болуы мүмкін деп ашық жазуы керек. Жазбаса, тұтынушысын алдағаны", – дейді ұлттық қоғам сарапшылары.

Осылайша, бұл компания өнімі "Халал" сапасына сәйкес келмейтін тауарлардың "қара тізіміне" қосылды.

Биыл "Рубиком" тағы да бұқараның наразылығын тудырып отыр. Павлодар қаласының "Павлодарское" ауылының тұрғындары ел Үкіметіне шағым жолдады. Олар талпақ танаулар ысыған күнмен бірге күлімсі иіс таратып, ауыл айналасын былғап, тұрғындарға ауру қаупін тудырып жатқанын айтып дабыл қақты.

"Біз тұрып жатқан жерде, ауыл ішінде "Рубиком" ЖШС-ның шошқа фермасы орналасқан. Қыста әйтеуір жағдай адам төзерлік болған. Енді жаз келіп, сол ферманың алапат иісі барлық тұрғынның тыныс алуын қиындатты. Өте жағымсыз иіс тәулік бойы есіп, қолқаны қауып тұрады. Ауыл ішінде, аулада дем ала алмаймыз. Халық арасында демікпе-астма ауруына шалдыққандар көбейді", – дейді ауыл тұрғыны Мамыр Шәкім.  

Шағымданушылар шошқа өсіруші кәсіпорын кез келген елдімекеннен аулақта, алыс жайлауда орналасуы керек деп санайды.

Оларды қолдаған қоғам белсенділері мәселені бірнеше жыл көтергенімен, жергілікті органдар шеше алмай келеді. Себебін де тұрғындарға түсіндірмейтін көрінеді. Жұртшылықтың болжамынша, жергілікті билік қомақты салық төлеп отырған, әртүрлі шараларға демеуқаржы бөлетін кәсіпкермен сөзге келгісі келмейді. 

Ашынған жағдайға жеткен ауыл тұрғындары енді қол жинап, жоғарыға жолдамақ. Сонда ғана "иісті" мәселе шұғыл шешіледі деп үміттенеді.

Аталған ауыл жағдайымен экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев таныс болып шықты. Ол елде карантиндік шаралар толық аяқталғасын тиісті шаралар қабылданады дейді.

"Жалпы, "Рубиком" кәсіпорынның негізгі қызметі шошқа өсіруімен, сондай-ақ ірі қара малды ұстаумен байланысты. 2018 жылғы 18 маусымда бұл кәсіпорын "Павлодарское" ауылындағы мал шаруашылығы кешені үшін қоршаған ортаға ластаушы заттардың шекті-рұқсат етілген шығарындылары (ШРШ) жобасын әзірледі. Оған мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын да алыпты. Яғни, құжаттары толық. Кәсіпорын бізге 2020 жылғы І тоқсанның есебін ұсынды. Есепке сәйкес, өндірістік экологиялық мониторинг аясында зертханалық зерттеулер жүргізілген екен. Оның нәтижесі көрсеткендей, санитарлық қорғау аймағында айналаға тасталған ластаушы заттардың ШРШ нормативтерінен асуы анықталған жоқ", – дейді Мағзұм Маратұлы.

"Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді" дейді халық даналығы. Тіпті бір түйір нәрсенің өзі жан төзбес сасық иіс шығаруы мүмкін. Демек, рұқсат етілген қалдықтың халыққа зиянын жеке анықтау қажет-ақ.

Экология министрі ауадағы ластаушы заттардың нақты көрсеткіштерін және мал шаруашылығы кешені қызметінің қоршаған ортаға әсерін анықтау үшін тексеру жүргізу керек деді.

Алайда әзірге ол мүмкін болмай тұр. Бұған дейін 16 наурыздан бастап төтенше жағдай енгізілгені мәлім. ТЖ режимі 11 мамырда аяқталғанымен карантин шаралары белгісіз мерзімге ары қарай сақталып қалды. 

"Осы орайда біршама іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Оның үстіне 2020 жылғы 15 сәуірде Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның №12 хаттамасы бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізбеу туралы шешім қабылданды. Оның мерзімі аяқталған жағдайда алда сол кәсіпорынға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізу мүмкіндігі қарастырылады", – деп сендірді Мағзұм Мырзағалиев.

Бұл жерде "Рубиком" кәсіпорнын түбегейлі жабу туралы сөз жоқ. Оған билік мүдделі емес. Себебі 25 жылдық тарихы бар бұл компания тік интеграцияланған ірі холдингке айналды. Ол мал өсіруден бастап, оның етін өңдеуге, тауар жасап, өткізуге дейінгі өндірістік тізбекті толық жолға қойды. Тіпті жемазық және егін өсірумен де шұғылданады. "Павлодарское" ауылы және "Чернояр" ауылдық округіндегі шошқа бағылатын кешен – осы тұйықталған өндірістік циклдың басты буыны.

"Рубиком" ЖШС бас директоры Елена Осинская кешенде Қазақстанда баламасы жоқ құрал-жабдықтар қойылғанына сендіреді. Мәселен, заманауи желдеткіш жүйесі, қолайлы микроклиматты сақтау, доңыз нәжісін кессондық тазарту жүйесі енгізіліпті. Әрине, кешен ішінде қойылған мұның барлығы шошқаларға қызмет етеді. Ал ауылдықтарға ондай желдетуден зияны болмаса, қайыры жоқ.

"Мал өсіруші кешен жұмысындағы ең маңызды фактор – экология. Біздің өндіріс қалдықсыз. Үй жануарларының қиы арнайы цехта қайта өңделеді. Содан кейін "лагуналарда" біраз ұсталып, соңынан егістіктерімізге органикалық тыңайтқыш есебінде төгіледі", – дейді Елена Осинская.

Кәсіпорын – еліміздегі ең ірі шошқа шаруашылығының бірі: ол бір мезгілде шамамен 60 мың талпақ танауды бордақылайды. Қуаттылығы бұл санды екі еседей өсіріп, жылына 112 мыңға дейін жеткізуге қауқарлы көрінеді. 2003 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі оның кешенін аттестаттаудан өткізіпті. Нәтижесінде, АШМ оған "Ландрас", "Крупная белая", "Дюрок" түрлерін будандастырудан алынған шошқаның ірі ақшыл тұқымын өсіретін асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін берді. Тиісінше, ел қаржысынан субсидия ұсынылады. Кәсіпорын доңыз басын көбейтуді жоспарлап отыр. Ол мемлекет қолдауымен Қытай нарығын игермек ниетте.

Ендеше, ауылдықтардың иісі ауыр көршіден арылуы қиындай түсетінге ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу