Өткен қыркүйек айында "Z ұрпақ" өкілдері Непалда іс басындағы билікті төңкеріп тастады, іс басындағы шенеуніктер тікұшаққа отырып, тырақай қашты. Осыдан кейін жасы 30-ға толмаған жастар ("зумерлерге" шамамен 1997 жылдан бастап 2012 жыл аралығында туылғандар жатқызылады, олар бүгінде шамамен 13-28 жаста) Discord мессенджері арқылы дауыс беріп, Непалдың жаңа лидерін өздері сайлап алды.
Енді Би-Би-Си жергілікті ақпарат құралдарына сілтеме жасап, Мароккода да "зумерлердің" жаппай көтерілісі басталғанын және адам шығыны барын жариялады.
"Әдетте тыныш әрі тұрақты көрінетін Мароккода биліктің барлық тармағын жайлаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарқыны қатты қарсылық акциялары бір аптадан бері жалғасып жатыр. Жергілікті медиа мұны "Z ұрпақтың революциясы" деп атап үлгерді. Сейсенбі күні жастар полиция орталығына шабуыл жасады. Талпыныс барысында тәртіп сақшылары 3 адамды атып тастады", – деп жазды ВВС.
Демонстранттардың 3 өкілінің өлтірілгенін Марокконың іс басындағы Премьер-министрі Әзіз Ахануш ертесіне, бейсенбі күні растады. Оның мәліметінше, наразылық шеруінің өкілдері елдің оңтүстігіндегі Агадир (Agadir) курортының жанындағы Лаклиа қалашығындағы полиция басқармасын басып алу талабы кезінде атып тасталған.
Morocco World News нақтылауынша, наразылар жергілікті жандармерия тұратын үлкен казарманы және ондағы қару қоймасын өз қолына көшіруге ниеттенуде.
Марокко Ішкі істер министрлігі жандармерияға шабуыл жасағандар пышақ, таяқ және басқа суық қарумен жарақтанғанын, сондықтан жандармдар өзіндік қорғаныс аясында оқ атуға мәжбүр болғанын алға тартты.
Жергілікті сарапшылар мұндай талаптар қайталануы мүмкін екенін ескертті.
Morocco World News мәліметінше, елдің әртүрлі қаласын жайлаған толқуларға қатысушы жастардың қалың нөпірі аға ұрпақтан коррупцияны тоқтатуды, әлеуметтік теңдікті және онсыз да дефицитті бюджетті елге шын мәнінде қажетсіз әрі пайдасы жоқ жобаларға шығындауды доғаруды талап етуде.
Мысалы, әлем алдындағы өз бедел-ажарын көтерудің қамын жасаған билік спорттан түрлі халықаралық жарыстарды өткізуге дәнігіп алды. Соның аясында 2 ірі футбол турниріне үлкен шығыстар қарастырды. Оның бірі – Африкалық ұлттар кубогы Мароккода биылғы қарашада өтеді деп жоспарланған. Егер бейберекетсіздік жалғаса берсе, қауіпсіздік мақсатында FIFA оны ұйымдастырудан бас тартуы мүмкін.
Екінші жаһандық сайыс – 2030 жылғы футболдан Әлем чемпионатын өткізу орны ретінде Марокко таңдалды. Бұл ел оны көрші Португалиямен және Испаниямен бірге ұйымдастырады.
Сонымен бір мезгілде, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражатты қысқартқан, халыққа тегін таратылуға тиіс дәрі-дәрмектер тізімі күрт кеміген. Содан телеарналар көрсеткендей, шерушілер: "Стадиондарың бар, ауруханаларың ше?" деген сияқты қоғамды мазалаған сұрақтар жазылған ұран-транспаранттарды көтеріп, көшеге шықты.
Бұл ретте CNN хабарлауынша, халықтың наразылық акцияларының басталуына Агадирдегі ауруханада жас босанған 8 ананың өлуі түрткі-триггер болды.
Жергілікті ақпарат құралдары бір айдай бұрын Непалда болған сияқты енді Мароккода да жасы 30-ға толмаған "зумерлер" Discord интернет-платформасы арқылы өз іс-қимылдарын үйлестіріп жатқанын мәлім етті. Олардың қарсылық акциялары қазіргі кезде мемлекет астанасы Рабаттан бастап, бүкіл елді қамтыды.
Мароккода Discord әлеуметтік желісіндегі "GenZ 212" аталған сервер-топ наразылық шараларын үйлестірудің бейресми штабына айналды. Оны кімнің құрғаны әзірге белгісіз.
Патшалықтың ішкі істер министрлігі кеше жасаған мәлімдемесінде, елдегі тәртіпсіздіктер барысында 300-ге жуық адамның жараланғанын ғана мәлімдеді. Олардың арасында полицейлер де бар. Бас көтерушілердің 400-ден астам қатысушысы тұтқындалған.
Қазіргі кезде тек ресми мәлімет бойынша шерушілер 80-нен астам әкімшілік ғимаратты басып алып, қиратқан. Сондай-ақ банктер, дүкендер, сауда-ойын сауық орталықтары тоналған.
Мемлекеттік мекемелерге және шенеуніктерге тиесілі 300-ден астам машина, сондай-ақ жеке тұлғалар меншігіндегі 175 автомобиль бұзылған немесе өртелген.
Өз кезегінде, Би-Би-Си "GenZ 212" тобының анонимді негізін қалаушылар жастарды бейбіт қарсыласуға шақырғанын мәлім етті. Олар кеше әлеуметтік желіде қарсылық акцияларын жалғастыру-жалғастырмау мәселесін өз мүшелері арасында дауыс беруге шығарды.
Жергілікті ақпарат құралдарының дерегінше, тек осы топтағы шамамен 150 мыңдай қатысушының басым көпшілігі наразылық шараларын жалғастыруды жақтап дауыс беріпті.
"Біз қоғам мен билікке сөз береміз: біздің демонстрацияларымыз толығымен бейбіт болады! Біз вандализмді және кез келген сипаттағы зорлық-зомбылықты қабылдамаймыз!", – делінген осы топтың мәлімдемесінде.
Айта кету керек, шерулер бастапқы күндері шынымен бейбіт, бейғам сипатта болды. Сондықтан оған әлемдік медиа назар аудара қоймады. Тәртіпсіздіктер тек қазан айының басында ушыққан.
Премьер-министр Әзіз Ахануш наразылардың, соның ішінде жас ұрпақтың үніне енді құлақ асуға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ ондай сұхбаттастық жүретін алаңды биліктің өзі таңдайтыны туралы шарт қойды.
"Үкімет қоғаммен конструктивті, сындарды диалогқа ашық. Ол сұхбаттастық мемлекеттің институттары аясында жүруге тиіс. Диалог – проблемаларды шешудің және тұрақты әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің жалғыз жолы!", – деді Марокко лидері Ахануш.
Алайда Morocco World News жазуынша, халық шенеуніктердің жалтарма мәлімдемелері мен орындалмас уәделеріне тойғанға ұқсайды. Сондықтан шерушілер басқа шарттары сыртында, енді Ахануштың және бүкіл Үкіметтің отставкасын талап ете бастады. Оларды орынтақтарынан тайдырмай, "зумерлер" тарқамайтын сыңай танытуда.
"Соңғы күндері Марокконың ірі қалаларында болып жатқан оқиғалар бұрыннан пісіп-жетілді. Бұл бірін-бірі ауыстырған үкіметтердің және іс басындағы биліктің өз уәделерін орындауға, сондай-ақ азаматтардың заңды талаптары мен қарапайым мұқтаждықтарын қанағаттандыруға қабілетсіздігінің шырқау шегі-кульминациясына айналды. Бұл толқулардың негізінде бұзақылық емес, халықтың лайықты өмірге, ауқатты тұрмысқа деген ұмтылысы жатыр. Қоғам Үкімет пен жергілікті биліктен елдің шектеулі байлығын халықтың әртүрлі санаттары және Марокконың қалалары мен өңірлері арасында әділетті бөлуді талап етуде", – деп жазды марокколық саяси шолушы Самир Беннис.
Ол марокколық биліктегілердің "сүйікті қалалары мен өңірлері" барына назар аудартты және жұртшылықты да осы мазалайтынын жеткізді. Сарапшы бірқатар қаладағы прогресс пен инфрақұрылымды дамытудағы ғаламат жетістіктерге әрдайым таң-тамаша болады екен. Бірақ ол "бірқатар" деген сөзге екпін түсірді.
"Өйткені өзге өңір тұрғындары өзін жолы болмаған "лузер", аутсайдер, өз еліндегі жатжұрттық сезінеді. Саяси элита марокколық қалалар арасындағы дамудағы айырмашылықты азайтуға ниетті еместігін ондаған жыл бойы паш етуде. Керісінше, ара-жік бұрын ешқашан болмаған деңгейде тереңдеді. Кемсітудің, эксклюзивті тәсілдің жарқын айғағы – мемлекеттік, жеке инвестициялардың Рабат–Касабланка–Танжер өсіне шектен тыс шоғырлануы, Марракеш, Агадир өңіріне жетпеуі. Рабат сияқты қалалар сән-салтанатқа, инфрақұрылымға, жасыл желекке, демалысқа арналған мүмкіндіктерге – үлде мен бүлдеге бөгіп жатыр. Ал, Фес, Мекнес, Уджда, Таза сияқты көптеген қалаға Рабат пен Касабланкаға бағытталатын бюджеттік дотацияның бір пайызға жетпейтін көлемі ғана тиеді", – деп, халықты не мазалайтынына назар аудартты Самир Беннис.
Жалпы, Марокко жерінің асты ен байлыққа толы. Екінің бірі біле бермес, ең құнды өнімнің бірі саналатын фосфаттардың планетамыздағы бүкіл қорының 75%-ы – жалғыз ғана Мароккода шоғырланған. Ел оның өндірісі бойынша әлемде 3-орынға, ал, жаһандық нарыққа экспорты бойынша – 1-орынға шықты.
Марокко сондай-ақ үлкен көлемде барит, мыс, кобальт, темір рудасын, қорғасын, күміс, мырыш, тұз және басқа да толып жатқан қазба байлықты өндіреді. Елде көмір кен орындары, шағындау мұнай мен газ қоры бар. Бұл мемлекет әлемде үлкен сұранысқа ие коллекциялық минералдар мен байырғы жануарлардың, тіпті динозаврлардың сүйектерін дүниежүзіне экспорттауымен де танымал.
Осы астатөк табысына қарамастан, Марокко халқы кедей тұрады. IMF бағалауынша, Макокконың ЖІӨ-сінің жан басына шаққандағы көлемі жылына небәрі 4,2 мың доллардан ғана келеді. Бұл тіпті Солтүстік Африка бойынша көршілері Алжир мен Тунистікінен де аз. Ал, еуропалық көршілері Марокко, Испания және Португалияның жан басына шаққандағы ЖІӨ-сінен тіпті бірнеше есе кем.