Шұлықтар мен колготки жасау – креативті индустрия ма?

2095

Қазақстан Үкіметі ұзақ сөз болған және мол қаржы жұмсалғалы тұрған "жасампаз индустрияға" нені жатқызатынын анықтады. 

Шұлықтар мен колготки жасау – креативті индустрия ма? Фото: adindex

Республикада креативті индустрияны дамыту идеясын Мамин Үкіметі ілгерілете бастаған. Мұны олар "елде жаңа технологияларды өрістетудің негізгі көзі және экономикалық өсудің драйвері" ретінде ұсынды.

"Сала бірінші кезекте талантты жастар үшін жаңа жоғары табысты жұмыс орындарын құрады, олар үшін мүлдем жаңа "әлеуметтік сатыларды" қалыптастырады", – деп насихаттады 2021 жылы сол кездегі Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов.

Артынша қаңтар оқиғалары болып, бұқараның бірінші кезектегі қажеттіліктерін өтеуден басқада биліктің "креатив" танытуға мүмкіндігі болмады. Енді ғана соған мойны жар беріп отыр.

Үкіметтің дерегінше, Қазақстанда соңғы 10 жылда креативті индустрия саласындағы инвестиция көлемі 4 еседен астам ұлғайыпты. Соған қарамастан бұл салада еліміздің барлық жұмыспен қамтылған халқының небары 3,5%-ы немесе 310 мың қазақстандық жұмыс істейді. Бүгінде креативті индустриялардың Қазақстан экономикасына үлесі бар-жоғы 2,7% ғана.

Мамин Үкіметі 2021 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен Креативті индустрияларды дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен. Соның аясында креативті индустрияны (КИ) дамыту бойынша мемлекеттің бірыңғай көзқарасы қалыптасады және оны дамыту бойынша жаңа тәсілдер айқындалады деп күтілді. Алайда содан бері КИ-ге нақты қандай салалар кіретіні де белгісіз болды.  

Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті "Жеке кәсіпкерлік субъектілерін КИ субъектілеріне жатқызу өлшемшарттарын" және "Креативті индустрияға жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесін" бекітетін Үкіметтің қос қаулысының жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарып отыр.

Жалпы, әлемдік тәжірибеге сәйкес креативті экономиканың даму стратегиясы 10 бағытқа құрылған. Бұлар – кино және анимация, әдебиет, сән, жаңа медиа және цифрлық мәдениеттер, театр, опера және балет, киберспорт және геймдеволопмент, сәулет және дизайн, музыка, қазіргі заманғы өнер, ойын-сауық индустриясы.

Мысалы, АҚШ-тағы Голливудтың, Кремний алқабының және Лас-Вегастың өне-бойы тұнған креативті индустрия. Бірақ Қазақстанда мұның бірде бірі жоқ. Шынында Қазақфильм, Astana Hub және Бурабай мен Қапшағай бар, бірақ олар америкалық "әріптестерінің" аяғына су құя алмайды, тырнағына да тұрмайды.

Сондықтан болса керек, қазақстандық креативті индустрия секторларының тізіміне ұсақ-түйектер де қосылыпты.

Сонымен, Мәдениет министрлігінің Туризм индустриясы комитеті "Креативті индустрияға жататын экономикалық қызмет түрлеріне" келесі өндірістерді қосуды ұсынды: Ұйықтар, шұлықтар және колготкилерді қоса алғанда, шұлық-ұйық бұйымдарын; Гобелендерді; Таспалар, баулар, шашақтар, бума шашақтарды және басқа декоративтік бұйымдарды; Еден төсеніштерін; Қалпақтар мен бас киімдерді, Ағаш мүсіншелер, мозаикалар, ағаштан инкрустациялар; Ағаш сандықша және қораптар, асхана құралдары және ұқсас бұйымдар; Кәрзеңкелер; Айналар мен суреттерге арналған ағаш рамалар; Шыныдан мүсіншелер...

Креативті индустрия аясында ұлттық қолөнерді қолдауға мән берілмек: киіз үй сияқты жылжымалы құрама тұрғын үйлерді; ішекті, үрмелі, соқпалы музыкалық аспаптарды; кілемдерді; киіз бұйымдарын; табиғи былғарыдан тігілген киімдерді; қайыс-ертоқым, қамшы және ат саймандарын бұйымдарын, қыш бұйымдар; қылыш, семсер, шпага және найза жасау мемлекеттік қолдау табады.

Индустрияландыру бағдарламалары аясында бұрыннан қолдау көріп келе жатқан салаларды осы бағдарлама аясында да демеу қарастырылған. Нәтижесінде, сағаттардың барлық түрлерін; бағалы және бағалы емес металдардан зергерлік бұйымдарды; тоқылған немесе трикотаж киімдерді; аяқ киімдерді: шамадандарды, жүк сөмкелерін, әйелдер сөмкесін және басқасын; орындықтар және креслолар өндірісі енді креативті индустрияға жатқызылмақ.

Қазақстан үшін экзотикалық деуге келетін өндірістер ынталандырылады. Оның арасында діни мақсаттағы бұйымдар; қуыршақтар және қуыршақ киімдерін, аксессуарларды; адамдардың, жануарлардың ойыншық фигураларын; үстел немесе бөлме ойындарын жасау бар.

Баспа ісінің мәртебесі креативті индустрияға дейін жоғарылайды: сөздіктер мен энциклопедиялар шығаруды қоса алғанда, кітаптар, брошюралар, буклеттер және осыларға ұқсас баспа өнімдерін шығару, аудио-кітаптар шығару; энциклопедиялар және ұқсас баспаларды компакт-дискілерде (CD-ROM) шығару; каталогтар, фото, гравюралар, пошта ашықхаттары, құттықтау ашықхаты, бланкілер, плакаттар, көркем репродукциялаы, жарнамалық материалдар, өзге де баспа өнімдерін шығаруға (соның ішінде онлайн режимінде) мемлекет баса мән береді.

Халықаралық тәжірибеге сай, креативті индустрияның бір ұстыны саналатын айти секторын нығайтуға үлкен көңіл бөлінеді: оған кез келген платформаларға арналған компьютерлік ойындар; операциялық жүйелер; бизнес және өзге де қосымшаларды аудару немесе бейімдеуді қоса алғанда дайын бағдарламалық қамтылым жатқызылған.

Қазақфильм студиясы, телеарналар қосымша қолдау қаржыға қарық болмақ: кино, бейнефильмдер және телевизиялық бағдарламалар, телесериалдар, деректі фильмдер, тіпті тележарнамалар өндірісі; кино, бейнефильмдерді және теледидар бағдарламаларын аяқтау қызметі, яғни монтаждау, фильмді, пленканы аудару, титрлерді басу, субтитрлер, қатысушылар тізімін жасау, жасырын субтитрлерді жасау, компьютерлік графика, анимация және арнайы эффектілер енгізу, кинофильм жасау және өңдеу, сондай-ақ кинозертханалар мен мультипликациялық фильмдерге арналған арнайы зертханалар қызметі; фильмдер, бейнетаспалар, DVD дискілерді және осыған ұқсас өнімді кинотеатрларда, теледидар желілерінде, сондай-ақ көрмелерде көрсету; радиобағдарламаларын өндіру, студияларда және басқа жерлерде дыбыс жазу қызметі де КИ секторы деп танылады.

Сонымен қатар бұл индустрияға енді музыкалық шығармаларды шығарумен байланысты қызметтер кіреді, яғни оның аясында музыкалық шығармаларға авторлық құқық сатып алу және тіркеу, олардың жарнамасын, рұқсаттамаларды беру және жазбадағы музыкалық композициялар деректерін авторландыру және радиоға, теледидарға, кинофильмдерге, концерттерде, спектакльдерде, баспа түрінде және басқа жеткізгіштерде пайдалану қамтылады.

Нақты өнім шығармайтын, бірақ интеллектуалдық салаға бағдарланған басқа қызметтер де КИ санатынан табылады. Бұлардың қатарында, модельерлердің (тоқыма бұйымдарды, киімдерді, аяқкиімдерді, зергерлік бұйымдарды, жиһаздарды және өзге интерьер бұйымдарын, жеке тұтыну заттарын немесе тұрмыстық бұйымдарды модельдеу), дизайнерлердің (өнеркәсіптік дизайн, яғни материалдарды, механизмдерді, нысанын, түсін және өнімді аяқтайтын үстіңгі әрлеуді қоса алғанда, өнімді пайдалану, бағалылығы мен сыртқы түрін оңтайландыратын жобаларды және техникалық сипаттамаларды жасау мен әзірлеу), графикалық дизайнерлердің, интерьер дизайнерлерінің қызметі КИ қолдау аясында ынталандырылмақ.

Тіпті тойларға қызмет ететін, коммерциялық мақсаттарға және жеке клиенттерге арналған фотографиялар түсіретін; баспа өнімі, сән журналдары, туризм мақсаттары үшін фотографиялар;  аэрофототүсірілімдер; оқиғалардың бейнетүсірілімдерін жасайтын мамандар да жаңа индустрияға қосылды.

Мәдениет министрлігі патенттеумен айналысатын брокерлерді; жылжымайтын мүліктен және сақтандыру саласынан басқа бағалаумен айналысатындарды (антиквариат, зергерлік бұйымдар, т.б. бағалаушылар); кинофильмдерге, театр қойылымдарына немесе басқа да ойын-сауық немесе спорттық іс-шараларға қатысты агенттер мен агенттіктерді; актерлерді іріктейтін агенттіктер мен бюроларды да креативті индустрия деп тану ұсынылды.

Мұның бәрі КИ статистикасын өсіру үшін де жасалып отырғанға ұқсайды. Себебі, онсыз да мемлекеттік бюджеттен қаржы алып отырған театрлар, концерт залдары, барлық түрдегі музейлер, музыкалық топтар, оркестрлер мен ансамбльдер, актерлар, бишілер, музыканттар, жеке жұмыс істейтін сөйлеу жанры орындаушылары, мүсіншілер, суретшілер, суретшілер-мультипликаторлар, безеушілер, офортистер және басқалары да жаңа индустрияның өкілі болып шыға келді.

"Спорт клубтары мен спорттық ойындар клубтарынан басқа, мәдени және ойын-сауық іс шараларын өткізу немесе бос уақытты ұйымдастыру мақсатында құрылатын бірлестіктерді де Креативті индустрияға жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесіне енгізу ұсынылады. Бұған мысалы, поэзиялық, әдеби клубтар, кітап, тарих, бау-бақша, әуесқойлары клубтары, кино және фото әуесқойлары клубтары, музыка және көркем сурет әуесқойлары, қолөнер әуесқойлары мен коллекционерлер клубтары, әлеуметтік клубтар, карнавал клубтары және басқалары кіреді", – делінген Туризм индустриясы комитетінің түсініктемесінде.

Осының бәрі тізімге енсе, Қазақстанда КИ қарқынды өркен жайғандай болып шыға келеді.

"Үкімет қаулысының жобасы жеке кәсіпкерлік субъектілерін креативті индустриялар субъектілеріне жатқызуды қарастырады. Нәтижесінде оларға тиісті қолдау шаралары көрсетіледі. Сонымен қатар 2025 жылға дейінгі Креативті индустрияларды дамыту тұжырымдамасында белгіленген нәтижелерге қол жеткізіледі. Креативті индустрия аясында жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,5 есеге артады. Атап айтқанда, креативті индустрия саласында қызмет ететін кәсіпкерлік нысаны 2023 жылы – 66 000, 2024 жылы – 73 000, 2025 жылы – 80 мыңға жетеді", – деп түсініктеме берді Үкімет басшысының атына жолданған түсіндірме жазбасында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Сарапшылар бұл салада олқылық көп екеніне назар аудартады. Мысалы, Үкімет сала тұжырымдамасын 2021 жылғы қарашада бекіткенімен және бюджеттен миллиардтап ақша бөліп жатқанымен, әлі күнге дейін уәкілетті органның құзіреті анықталмаған. Құжаттың өзінің кемшін, жетілдіретін тұстары көп.

Тіпті креативті индустриялар ұғымы заңнамада жоқ. Сол себепті Мәдениет министрлігі ол ұғымды, саланы қолдау құралдарын айқындауға бағытталған заңды жазып жатыр.

Асхат Ораловтың командасы 2023 жылдан бастап, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы арқылы шетелдік нарықта креативті субъектілерді қолдау шараларын қабылдауға кірісіпті. Оның қатарында біріншіден, Еуропа мен Азияның 5 қаласындағы заманауи өнер көрмелеріне қазақстандық суретшілердің жұмыстары ұсынылады. Екіншіден, Berlin Bazaar қолөнершілер көрмесіне қатысады. Үшіншіден, шетелдік галеристердің, аукцион өкілдерінің қатысуымен Алматы қаласында Арт-жәрмеңке өткізу жоспарланған.  

Қалай болғанда, креативті индустрия саласында көп жайт түсініксіз, бұлыңғыр болып қалуда. Билік өкілдері тек пафостық сөздерге үйір. Қаржылық ағынның да қай сайларға құйылып жатқаны беймәлім.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу