Шұңқыркөлден шу шықты

2577

Қарағанды облысының Осакаров ауданына қарасты Шұңқыркөл ауылының тұрғындары төрт түліктерін жаятын жер таба алмай жүр.

Шұңқыркөлден шу шықты

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұған Марат Баймұхамбетов есімді азаматтың ауылдың жайылымы мен шабындығына, яғни 17 мың гектар жеріне иелік етуі себеп болып тұр. Аты аталған азамат қит етсе ауылдастарына қыр көрсетіп, меншігіндегі жерге мал жаюға тыйым салатын көрінеді.

Тоқырау тұсында Марат Баймұхамбетов ауыл­ тұрғындарының пайын қосып, коо­пе­ра­тив құрған. Кейін оны "Қарағанды-Нан" ЖШС-ның құрамына ен­гізген.2004 жылы "Қарағанды-Нан"  шаруашылыққа қатысудан бас тартқанда Марат Баймұхамбетов негізгі үлесті бауырына басқан. Кейін ол ауыл тұрғындарына "А.Асылбеков" ЖШС-ның атынан билік жүргізген.

Марат Баймұхамбетовтың пысықайлығы соншалық, ол ебін тауып серік­тестікке тие­сілі мал мен тех­­никаны үшті-күйлі жоқ қылған және ауылдағы мәде­ниет үйі мен ­медициналық пункттің сонымен қатар бала­бақшаның ғи­­ма­­­ратын бұзып, материалдарын сатып жіберген. Бұл аз десеңіз, ша­бын­дық жерге жан жуытпауға көшкен.

"Былтыр ол төрт түлікті сата бастады. Сол кезде біз шыдамай, шу шығардық. Әкімшілікке айттық, ауданға бардық, бірақ ешкім ештеңе істемеді. Сатылып жатқан малда  ауыл тұрғындарының да үлесі бар. Мұны Марат Баймұхамбетов ескеруі тиіс", – деп күйінді ауыл тұрғыны Бақытжан Нұрпейісов.

Шұңқыркөлдің тағы бір тұрғыны Нұрлан Жанұзақов Марат Баймұхамбетов ауылдастарының сенімін ақтамағанын айтты.

"Марат Қаменұлы өзін қожайын сезініп жүр. Бұл қате ұғым, қате түсінік", – деді ол.

Мәселе ушыққан соң ауыл тұрғындары Шұңқыркөл ауылының әкімі Ербол Омашевтен араша сұраған. Бірақ ол қылар қайран таппаған.

"Біз заң аясында ғана жұмыс жасаймыз ғой. Бұл жеке кәсіпкермен ауыл тұрғындарының арасындағы шаруа ғой. Олар мәселені сотта шешулері қажет", – деді ауыл басшысы бізге берген сұхбатында.

Шұңқыркөлдіктердің шыдамына ши жүгірткен Марат Баймұхамбетовтың мойнында 98 млн теңге қарыз бар екен. Оның айтуынша, қазір ол тұралап қалған жұмысты жандандыру үшін инвестор іздеп жүр.

"Ауылды сатып,  халықты тонайын деген ойымыз жоқ. Бірнеше жылдан бері қуаңшылық болып, егін шықпады, біз қарызға баттық. Бұған дейін ауылға 9 инвестор келді, бірақ барлығы кетіп қалды. Енді Ауғанстаннан бір инвестор келу керек, біз соған үміт артып отырмыз. Әзірше келіссөз жүріп жатыр. Ал мәдениет үйін мен бұзған жоқпын, оны халық өзі бұзып, өзі  тасып алған", – деп ақталды Марат Баймұхамбетов.

Айтпақшы ауылдағы ағайын осыған дейінгі кіріс-шығысқа аудит жүргізуге өтініш беріп қойған. Олар Марат Баймұхамбетовты сотқа сүйрейтіндерін де жасырмай айтып отыр. 

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу