Швейцария елімізге алты айда 1 млрд доллар инвестиция құйған

23860

Ынтымақтастықты дамыту мақсатында алты меморандумға қол қойылды.  

Швейцария елімізге алты айда 1 млрд доллар инвестиция құйған

Елордада Швейцария президенті Уели Маурер мен ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен екі елдің бизнес өкілдері арасында дөңгелек үстел өтті.

Жүз жиырмадан астам іскер топ өкілдері қатысқан екіжақты келіссөздер аясында тараптар машина жасау, туризм, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету, мұнай химиясы және энергетика саласындағы бірқатар жобаны іске асыру жолдарын талқылады.

ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстан мен Швейцарияның сауда-экономикалық әріптестігін жоғары бағалады.

"Екі ел арасында сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті дамыта түсуге әлеуетіміз жеткілікті. Еліміздің экономикасындағы барлық тікелей инвестицияның 8%-ы Швейцарияға тиесілі", – деді ол.

Келіссөз барысында Швейцария  конфедерациясының президенті Уели Маурер конфедерацияның жетістіктерін айта отырып, қазақстандық кәсіпкерлерді бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

"Машина жасау өнеркәсібі елімізде жақсы дамыған. Швейцарияда әлемдегі ең үлкен теміржол торабы тартылған. Компанияларымызбен жұмыс істейтін серіктестеріміз жаңа техналогияларымызды мойындауда. Дәрі-дәрмек өндірісі де жоғары дәрежеде дамыған. Гендік инженерия саласында жақсы жетістіктерге жетудеміз. Мыңнан астам үздік стартаптарымыз бар. Осы салада да бірлесе жұмыс жасауымызға болады. Швейцария Қазақстан тәрізді үлкен ел емес, алайда жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу қолымыздан келеді. Сөз соңында айта кетейін, бәсекелестік жаһандық сипат алған мына заманда ең сапалы тауар ұсынатындар ғана емес, өзгерістерге ең жылдам бейімделетіндер де жетістікке жетеді", – деді Швейцария президенті.

Кездесу нәтижесінде Қазақстан мен Швейцарияның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын дамыта түсу мақстатында алты меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Швейцарияның "Swiss Choice Holding SA" компаниясы еліміздің "Kazakh tourism" ұлттық компаниясымен "Қазақстан Республикасында қонақ үйлерді санаттау ұлттық жүйесін әзірлеу және енгізу" жөніндегі жобаға келісіп, "Aqbura Development" компаниясымен франшизаға қол қойды. "Транстелеком" акционерлік қоғамы швейцариялық "SISPA" компаниясымен бірлесіп "тауарлардың қадағалануын таңбалау жүйесін" жасайтын болады. Ал Астана халықаралық қаржы орталығы Швейцария елінің "Blackfort", "Clarus Capital", "Herculis" атты үш ірі компаниясымен өзара ынтымақтастық құжатына қол қойды.

Швейцария Қазақстанның ең ірі сауда әріптестерінің бірі. "Kazakh invest" ҰК" АҚ ақпараты бойынша, екі ел арасындағы сауда айналымы 2019 жылдың 9 айы қорытындысы бойынша 1,9 млрд АҚШ долларын құрады. Швейцария тарапынан Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция көлемі 2005 жылдан 2019 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығында 24,2 млрд долларды құраған. Тек биылғы жылдың алғашқы алты айында елімізге 1 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция келген.

Айта кетейік, дөңгелек үстел ҚР Сыртқы министрлігі, ҚР Сауда және интеграция министрлігі, "Kazakh invest" ҰК" АҚ және ҚР Швейцария елшілігінің ұйымдастыруымен өтті.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу