Шығынға батқан неміс компаниясы Deutsche Bahn-ға ҚТЖ-ны басқаруды тапсыру қаншалықты тиімді?

1544

Осы жылдың наурыз айында Германияның Федералды есеп палатасы жариялаған қаржылық есепте Deutsche Bahn компаниясы жыл сайын шығынға батып, қазір оның қарызы 30 миллиард еуродан асқанын көрсетеді. Дәл осы компанияның еншілес DB Engineering & Consulting GmbH компаниясы бұған дейін қазақстандық "Жолаушылар тасымалы" қызметін жақсартуға тырысқан, алайда нәтижесі көңіл көншітпейді. 

Шығынға батқан неміс компаниясы Deutsche Bahn-ға ҚТЖ-ны басқаруды тапсыру қаншалықты тиімді?  Фото: inbusiness.kz

"Самұрық-Қазына" қазақстандық үкіметке ҚТЖ-ны көлік-логистикалық компанияға айналдыру үшін қазақстандық теміржолды операциялық басқаруды шетелдік компанияның, неміс Deutsche Bahn-ның еншілес компаниясы – DB Engineering & Consulting GmbH қолына тапсыруды ұсынады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі тиісті құжаттармен танысқаннан кейін.

"ҚТЖ" ҰК" АҚ іргелі өзгерістер енгізу үшін теміржол саласын тиімді трансформациялау тәжірибесі бар компанияға жүгіну қажеттілігі туындады. Көлік-логистика саласындағы табысты тәжірибесі мен еуропа елдерінің теміржол саласындағы озық компания ретіндегі беделін ескере отырып, "ҚТЖ" ҰК" АҚ Трансформациялау процесіне консультациялық, басқарушылық, инжинирингтік және операциялық қолдау көрсету үшін DB E&C компаниясы қызметіне бет бұру ұсынылады. DB E&C – Deutsche Bahn (бұдан әрі – DB) компаниясының еншілес кәсіпорны әрі оның халықаралық локомотиві, компания техникалық жағынан анағұрлым жетілдірілген және жоғары жекелендірілген көлік инфрақұрылымын әзірлеу, енгізу және инспекциялау қызметтерін, сондай-ақ 180 жылдық бай тәжірибесі мен DB ноу-хауына негізделген мобильді және көлік шешімдерін ұсынады", - делінген Қазақстан Үкіметінің кейбір мәселелер бойынша "Самұрық-Қазына" қаулысының жобасына ұсыныс мәтінінде.

DB E & C қызметтердің толық кешенін ұсынады, соның ішінде жоба идеясын қалыптастыру және реттеу, сүйемелдеу, кейіннен іске асыру, оның бастан-аяқ толық техникалық іске асырылуы және сапаны тиісті бақылау сынды міндеттері құжаттамада нақтыланған.

Аталмыш ұсыныста неміс компаниясының тәжірибесі мен жетістіктеріне қатысты асыра сілтеушілік байқалады. Негізінде соңғы жылдары Германия Еуропа елдері ішінде жолаушылар тасымалы саласында үздік болудан қалған. Пойыздар жиі кешігеді, билет құны қымбаттап, орын жетіспеушілігі сезіледі. Берлиндегі теміржол көлігі бойынша сарапшы Джон Уорт мұндай келеңсіздіктерді инфрақұрылымның ескіруімен байланыстырады. Оған қоса осы жылдың наурыз айында Федералды есеп палатасы өз есебінде елдің негізгі локомотиві DB-ні "компанияны тұрақты дағдарысқа" ұшыратқаны үшін қатты сынға алды. Есеп палатасы сонымен қатар DB-нің қаржылық жағдайын бағалап, оның қазір қарызы 30 миллиард еуродан асқанын, 2016 жылдан бері күніне орта есеппен 5 миллион еуроға тұрақты түрде өсіп келгенін атап өтті.
Deutsche Bahn – басы дауға қалған компания. 14 мамырда теміржолшылар жалақыны көтеруді талап етіп ереуілге шықты, митиңгі шұғыл сот отырысы басталғанша 50 сағатқа созылды, салдарынан теміржол жұмысына айтарлықтай нұқсан келтірілді.

Жолаушылар наразы

Осыдан бір жыл бұрын Жолдауда Мемлекет басшысы ҚТЖ-ны көліктік-логистикалық компанияға айналдыруды тапсырған болатын. Әлбетте, "Самұрық-Қазына" көп ойланбастан, еншілес "Жолаушылар тасымалына" кезінде қызмет көрсеткен  бұрынғы серіктесіне жүгінуді жөн көрген. 

"2019-2022 жылдар аралығында "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - "ЖТ" АҚ, "ҚТЖ "ҰК" АҚ еншілес компаниясы) мен DB E&C арасында жолаушылар тасымалын басқару бойынша ынтымақтастық жүзеге асырылды, оның қорытындысы бойынша шамамен 12 млрд теңге көлемінде экономикаға табыс түсті. Осы ынтымақтастық шеңберінде DB E&C жолаушылар тасымалын басқару бөлігінде "ЖТ" АҚ-ға басқарушылық және техникалық қолдау көрсетілді, атап айтқанда, операциялық тиімділік арттырылды, жаңа ұйымдастырушылық модель енгізілді, "Тальго" жобасының шарттары жақсартылды, жұмсақ алынбалы мүкәммалмен жабдықтау бойынша жаңа стандарт енгізілді, IT стратегиясы қабылданды, жолаушылар тасымалын басқару бөлігінде сервис деңгейі арттырылды. жолаушылар", - делінген жобаның тұсаукесерінде.

Өз тарапынан басылымның авторы соңғы жылдары теміржолда жолаушылар тасымалы қызметтерін бірнеше рет пайдаланғанын және "Тальго" пойыздарында қызмет көрсету ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткенін байқамаған –жолсеріктері люкс бөлмелерде төсек салуды естен шығарса, вагон-мейрамханаларда тамақ құны қалта көтермейді, оған қоса жолаушылар құрамы кешігуді әдетке айналдырған.

Әсіресе, жазда кез-келген бағыт бойынша билет тапшылығы байқалады, электронды жүйе іске қосылғанымен, онда билеттер бірде бар, бірде жоқ. Мәселені шешу үшін ҚТЖ-ға сұранысқа ие бағыттар бойынша жүретін пойыздар санын арттыруға болатын еді, алайда вагондар мен локомотивтердің жетіспеуі мен тозуына байланысты ол да мүмкін болмауы мүмкін, дегенмен соңғы жылдары қаншама жаңа вагондар сатып алынып жатты ғой. 

Жақында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, адамдар сынған терезелер, кондиционерлердің жоқтығына, тіпті жолаушылар пойыздарындағы су тасқыны, жөндеулер мен жол апаттарына байланысты кешіккен пойыздарға жиі шағым түсірген. Мсыалы, желтоқсанда елордада құрамдардың бірнеше сағатқа кешігіп қалғаны туралы шағымдар айтылды, жолаушыларға да ешкім алдын-ала хабарламалар жібермеген. Қозғалыс кестесіне сай қызмет көрсетпеуден бөлек, соңғы жылы "Тальго" пойыздарында техникалық вагондар жиі өртенетін болған. 2021 жылы БАҚ елдегі ең қымбат пойыздар жылдамдық пен қауіпсіздік кепілі емес екенін ашық жазды. Шешімін таппаған мәселелер тізбегін назарға алсақ, Deutsche Bahn компаниясының еншілесі "Жолаушылар тасымалы" компаниясына оң өзгерістер әкелді деуге аузым бармайды. 

Айтпақшы, 2020 жылы теміржолдағы жолаушылар тасымалында вагондардың нақты толтырылуын онлайн бақылау, билеттерді қайта сатып алушылардың қызметін және билетсіз жолаушылардың жолын кесу үшін цифрлық тұлғаны тану жүйесін енгізу жоспарланғаны хабарланды, бірақ бұл бастама да орындалмады.  
Сонымен қатар, егер 2020-2021 жылдары DB Engineering & Consulting стандарттары бойынша жолаушылар вагондарын сатып алуға тендер өте  ұзақ өткізілді, салдарынан жылжымалы құрамның тапшылығы мен тозуы жағдайында жаңа жолаушылар вагондарының қосымша партиясын сатып алу және құрастыруды бірнеше жылдарға созылды. Сондықтан тұтастай алғанда неміс компаниясының "Жолаушылар тасымалы" компания қызметін жақсартуға қосқан үлесіне күмән келтіруге толықтай негіз бар.

Ал DB E&C-пен жолаушылар тасымалын басқару жөніндегі ынтымақтастықтың шамамен 12 млрд теңгег көлеміндеге экономикаға оң әсері туралы айтар болсақ, "Жолаушылар тасымалы" әлі күнге дейін миллиардтаған субсидия алуды жалғастырып келетінін еске алған жөн болар. Әрине олар өткен жылы 2021 жылы 28,3 млрд теңгеге қарағанда азырақ – 6,9 млрд теңге алғанын да атап өтпеске болмас. Теміржол ұлттық компаниясының 2022 жылғы еншілес құрылымының қаржылық есебінің мәліметтері бойынша, оның DB E&C компаниясымен консультациялық қызметтерді қабылдау және төлеу бойынша даулы мәселелері болды, нәтижесінде олар үшін есептелген 2,9 млрд теңгенің 1,9 млрд теңгесі төленді.

Жалпы, "Жолаушылар тасымалы" компаниясының 2022 жылғы жеке қаржылық есептілігіне сәйкес, ҚТЖ "еншісінің" кірісі мен сату құны арасындағы айырмашылық жылдық салыстыруда біршама өзгерген – 2022 жылы тиісінше 92,7 млрд теңге және 120,1 млрд теңге болды, бір жыл бұрын ұқсас көрсеткіштердің арақатынасы 61,2 млрд теңге және 91 млрд теңге болған. Компания мемлекеттік гранттар қарамастан өткен жылы 5,6 млрд теңге шығынмен жылды қорытындылады, ал 2021 жылы теріс табыс 14,3 млрд теңгеге артты,. Бәлкім сол жылдағы ковидтік шектеулер әсер еткен болар. Әкімшілік шығындардың 2022 жылы 5,1 млрд теңгеге дейін қысқаруы да қаржылық есептілікте белгілі бір рөл атқарды.

Неміс компаниясының қызметі қанша тұрады?

Аталған "Самұрық-Қазына" ұсынысында неміс компаниясынан жолаушылар тасымалының, оның ішінде хаб жүйесі мен интермодальдық тасымалдарды енгізу арқылы қызметінің тиімділігі мен әлеуметтік бағыттылығын одан әрі арттыру күтілуде. Дистрибуция орталықтарын ұйымдастыру үшін Deutsche Bahn қатысуымен көлік-логистикалық хабтарды дамыту елдің транзиттік мүмкіндіктерін ұлғайтуға және оның әлемдік саудадағы рөлін арттыру үшін жаңа сауда, логистикалық шешімдер мен сервистерді әзірлеуге мүмкіндік береді, бұл трансқазақстандық дәліздерге, секторға жеке инвестицияларға қызығушылықты, отандық компаниялардың белсенділігін арттырады, деп есептейді мемлекеттік холдингте.

Тұтастай алғанда, неміс компаниясына транзитті, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТКХК) дамыту, сондай-ақ жоғары маржиналды логистикалық қызметтер көрсету үшін ҚТЖ-ны ұлттық көлік-логистикалық компанияға айналдыру процесінде басқару және операциялық қолдау функционалын беру ұсынылады.

"ҚТЖ жеке тасымалдаушыларды қуып шығарып, операциялық қызмет үшін шетелдік компанияны жалдайды, жұмыс істеттіргені үшін қаншама ақша төлейді. Операциялық қызметті қолдау – дегеніміз, ҚТЖ-ны тікелей басқару. Біз қазірдің өзінде біраз компанияларымызды шетелдіктерге басқаруға беріп қойдық, мысалы, Tractebel (2000 жылдары Алматыда энергокешенді басқарған бельгиялық компания - ред.), AES (2017 жылға дейін концессиясына Шығыс Қазақстан ГЭС-ті алған америкалық компания - ред.) компаниялары келіп, ешқандай нәтиже көрсете алмады", - деп түйіндеді теміржол саласы қызметкері inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Жалпы "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының өзгеріс жолына бет бұрғандарына он жылдан астам уақыт өтті, шеті мен шегі жоқ, бітпейтін бір процесске айналды, бәлкім Қазақстан экономикасына ауыр жүк болған алпауыт холдинг ыдырағанда ғана өзгерістің беті бері қарар?! 

Сонымен қатар, ҚТЖ-Deutsche Bahn ынтымақтыстығының ең маңызды бағыты "Жүктерді жеткізу арасындағы ішкі субсидиялаудан бас тартуға, тарифтердің төмен деңгейін қолдану арқылы мемлекет үшін маңызды тасымалдарды атаулы түрде қолдауға, теміржол инфрақұрылымының инвестицияларға жалтаңдауын доғару, оның ішінде жеке инвестицияларды тарту үшін жағдай жасау, сондай-ақ тасымалдаушылар арасындағы желіде әділ бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік беретін тасымалдарды экономикалық негізделген тарифтеуді қамтамасыз ету үшін жаңа тарифтік саясатты бекіту" болады. ", - делінген негіздемеде.

Мұндай шаралар темір жол магистральдарындағы қызметтердің сапасын арттырады, желіде тасымалдаудың жоғары жылдамдығын, сенімділігін және үздіксіздігін қамтамасыз етеді, деп сендіреді "Самұрық-Қазына".

Deutsche Bahn жаңа қызметтері "Жолаушылар тасымалы" тәжірибесімен салыстырғанда анағұрлым арзандаған көрінеді.

"Коммерциялық ұсынысқа сәйкес, DB E&C Қызметтерінің құны 33,5 млн еуродан аспайды (ҚҚС-сыз). Бұл ретте "ҚТЖ" ҰК" АҚ компаниялар тобы үшін көрсетілген DB E&C қызметтерінен шамамен 400 млн еуро көлемінде табыс алынады деп күтілуде", - делінген хабарламада.

Қолда бар презентацияға сүйенсек, ҚТЖ көлік-логистикалық компанияға трансформациялау бойынша DB қызметтері 3,5 млрд теңгені, ТКХК дамуына – 1,3 млрд теңге және сауда хабтарын жетілдіруге – 731 млн теңге, жаңа тарифтік саясатты әзірлеуге – 3,8 млрд теңге, "Жолаушылар тасымалының" тиімділігін арттыруды - 7,3 млрд теңгені талап етеді, яғни жиынтығында 16,7 млрд теңге немесе жоғарыда аталған 33,5 млн еуро теңге алынады. Қазір бұл бағыттар егжей-тегжейлі талқыланып, жалпы орындалу мерзімі 2023-2026 жылдарға жоспарланған.

Тарифтер бойынша жаңа әдіс 

Deutsche Bahn консультациялық қолдауында ҚТЖ-ны көлік-логистикалық компанияға айналдырудың техникалық және ұйымдастырушылық бағыттарынан бөлек, ел экономикасы үшін ең маңыздысы – 2023-2024 жылдары қолданыстағы теміржол тарифтеріне операциялық араласу. Қазақстандық теміржолда тарифтік реформаны жүзеге асыруға деген талпыныс бірінші рет қолға алынып отырған жоқ, мысалы, бес жыл бұрын америкалық Harral Winner Thompson Sharp Klein. Inc (HWTSK) компаниясының кеңесшілері кеңес беріп көрді, алайда ол да ешқандай нәтижеге әкелмеді.

ҚТЖ-да тасымалдарды экономикалық негізделген тарифтеуді қамтамасыз ету үшін жаңа тарифтік әдіснаманы әзірлеу күтілетіні айтылды. Ол үшін "инвестицияларға тариф айырбастау" тәсілін енгізу, экспорттық тасымалдарды реттеуден мен жүктер бойынша тарифті егжей-тегжейлі саралаудан бас тарту, ел үшін маңызды тасымалдарды төмен тарифтермен атаулы қолдауға көшу және "кесте тармақтары" бойынша тасымалдарды тарифтеуге көшу көзделген. Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) көздейтін уәкілетті орган бекіткен жағдайда тарифтік әдіснама жыл сайын 41 млрд теңгеге және жанама – 158 млрд теңгеге тікелей пайда әкелуі мүмкін.

Жаңа тарифтік әдіснаманы бекітудің тікелей пайдасын есептеу магистральдық теміржол желісі (МТЖ) учаскесінде тарифтік деңгейдің өсуі немесе жеке инвестицияларды тарту және олардың өтелуін қамтамасыз ету арқылы ҚТЖ инвестициялық жобаларын іске асыру мақсатында тарифке инвестициялық үстемеақы тетігін енгізуден туындайды, делінген презентацияда. Яғни "инвестицияларға тариф айырбастау" тәсілі білгіленген 235 шақырым ауданды орташа құны 140 млн теңге болғанда 33 млрд теңге береді. Сонымен қатар, пайданы есептеу тәсілдерінде МТЖ тарифіне енгізілмеген жолдарды жыл сайынғы күрделі жөндеуге ҚТЖ қажеттіліктерін жабу үшін сома көзделген. Бұл механизмді басқа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолдануға болады, деп атап өтілді компанияда.

Сапалық сипаттамаларға – жылдамдыққа, кезектілікке және басқа да көрсеткіштерге байланысты, оның ішінде "кесте тармақтары" бойынша тасымалдарды тарифтеуге көшу ұлттық компанияға тағы 8 млрд теңге береді. Бұл сома "ҚТЖ-Жүк тасымалы" шығындарының сомасын жеке тасымалдаушылар үшін МЖС тарифінің деңгейін арттыру арқылы жеке тасымалдаушылардың пайдалы тасымалдарды алып қоюынан төмендету есебінен есептелді. Нәтижесінде Deutsche Bahn операциялық басқармасының делдалдығы арқылы ҚТЖ жоғарыда көрсетілген 41 млрд теңге алуға үміттеніп отыр.

Ұлттық теміржол операторының презентациясында жаңа тарифтік әдіснаманы бекітудің жанама пайдасы да көрсетілген. Жоғарыда келтірілген кестеге сәйкес темір жол арқылы көмір, астық, темір және түсті кенді, құрылыс жүктерін, химиялық және минералды тыңайтқыштарды, сондай-ақ басқа да жүктерді бос жүріспен қатар тасымалдау өткен жылы желілерде реттелетін қатынастарда 235 млрд теңгеге шығын әкелді. Оны мұнай және мұнай өнімдері, қара және түсті металдар, сынықтар – пайдалы тасымалдардан ішкі субсидиялау есебінен толығымен жабу мүмкін емес, өйткені бұл бағытта ұлттық компанияға небәрі 77,6 млрд теңге пайда түсті, деп баяндайды презентация есептеулерінде.

Осылайша, егер, шын мәнінде, МТЖ қызметтеріне арналған тариф бойынша ел үшін маңызды төмен тарифтік мөлшерлемелермен тасымалдарды атаулы қолдауға көшумен бірге жүктер бойынша егжей-тегжейлі саралаудан ауытқу болса, көмірді теміржол арқылы тасымалдау айтарлықтай қымбаттауы мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, темір жолдағы тасымалдау көлемінің 40%-ға жуығы көмір отынын ЖЭО-ға және халыққа жеткізіледі, яғни тарифтік саралаудан бас тарту жылу электр орталықтарының жылу және электр энергиясын өндіру, сондай-ақ газдандырылмаған өңірлердегі – Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстандағы жеке үйлерді жылыту құнының артуына алып келеді және тиісінше қарапайым халықтың табысына әсер етеді және айтарлықтай әлеуметтік қиындықтарға әкелуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу