Шығыс Қазақстандағы өрт ауыздықталды

2995

Соңғы дерек бойынша, тілсіз жау 35 үйдің төбесін ортасына түсірген.  

Шығыс Қазақстандағы өрт ауыздықталды

Шығыс Қазақстанның өрті сөндірушілері түстен бері Риддер қаласындағы Лесхоз кентінде алапат өртпен күресіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Әуелі жазық даладан басталған тілсіз жау желдің күшімен елдімекенге ойысқан. Алғашында төтенше жағдай өкілдері өртті 2 гектар аумақты ғана шарпығанын хабарлаған болатын.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің алғашқы мәліметі бойынша, түс ауа "101" қызметіне хабарласқан Лесхоз кентінің тұрғындары Риддер орман шаруашылығында шөп жанып жатқанын айтқан. Мамандар өрт бұлайша үдейді деп күтпесе керек, қызыл жалынды ауыздықтауға барлығы 6 техника мен жеке құрамнан 100-ден астам адам жұмылдырған.

Кешке қарай өрт елсіз даладан Лесхоз кентіне өтіп, 14 үйді отқа орады. Лихачев көшесінің 10 тұрғынын эвакуациялаған құтқарушылар адам шығыны жоқ деген мәлімет таратқан болатын. Жазық даладан орманға ойысқан өрт айналасы 4 сағаттың ішінде 310 гектарды шарпып үлгерді.

Көп өтпей, Төтенше жағдай министрлігі  өрт кезінде бір адамның көз жұмып, екі адамның жансақтау бөліміне түскенін хабарлады.

"Жедел жәрдем желісі бойынша Лесхоз кентінен 1949 және 1980 жылғы күйік шалған екі ер адам жергілікті аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілгені туралы ақпарат келіп түсті. Полиция қызметкерлері жалын шарпыған аумақтағы төбешіктен 1948 жылы туған әйелдің мәйітін тауып алды. Мән-жайлар мен деректер нақтылануда. Алдын ала нұсқа бойынша мамандар қасақана өрт қою және отты абайсыз қолдану нұсқаларын қарастыруда", - деді министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли.

Оның айтуынша, өрт сөндірушілерге орман күзетінің МИ-8 және МИ-2 тікұшақтары көмекке келіп, әуеден 17 500 текше метр су төккен.

"Өрт сөндіру жұмыстарын екпіні секундына 20 метрге жететін қатты жел қиындатуда. Желдің салдарынан өрт Лесхоз кентінің 14 үйіне жайылды. Құтқарушылар Лихачев көшесінің 10 тұрғынын эвакуациялады. Өрт ошағында орман шаруашылығы жеке құрамының, жергілікті атқарушы органдардың және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 118 адамы және 20-дан астам техникасы жұмыс істеп жатыр. Қазір жанып жатқан орман алаңы 310 гектарға жетті", - деді министрліктің ресми өкілі.

Қараңғы қоюланған кезде өрттің екпіні үдесе керек, ТЖМ қызыл жалын 35 үйдің төбесін ортасына түсіргенін мәлім етті.

"Қазіргі уақытта өрт орнында жергілікті атқарушы органдардың, ШҚО ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелерінің және орман шаруашылығының жеке құрамынан 208 адам және 47 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Өртке оранған аумақ 310 гектарға жетті. Салдарынан 35 үй мен 9 шаруашылық құрылыс бүлінген. Жұмылдырылған жұмыс күші мен техника өртті ауыздықтауға жеткілікті. Оқиға орнына қосымша 3 автоцистерна мен 15 құтқарушы бара жатыр. Қажет болған жағдайда көмекке қосалқы техника тартылады", - дейді Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Туындаған жағдайға президент Қасым-Жомарт Тоқаев  назар аударып, облыс басшылығына өрттен зардап шеккен тұрғындарға дер кезінде көмек көрсету туралы тапсырма берді. 

Өрттен қауіптеніп баспанасын тастап шыққан тұрғындар үшін Риддер қаласында 2 эвакуциялық пункт ашылған.

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. "Риддер қаласында жедел желі телефондары жұмыс істейді: 8 (72336) 42941;8 777 991 32. Эвакуациялық пункттер келесі мекен-жайлар бойынша ұйымдастырылды: 1. Риддер агротехникалық колледжі Тел.: 8 705 762 8065 Мекенжайы: Абай Көшесі, 65 2. "Қазцинк" профилакторий амбулаторлық орталығы базасындағы қонақ үй. Тел.: 8 771 305 18 53; мекенжайы: Гоголь к., 55а", - деп жазылған департаменттің мәліметінде.

Соңғы мәлімет бойынша, өрттің беті әлі қайтпаған.

"Өрт әлі басылған жоқ. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков ұшып шықты", - дейді ведомствоның ресми өкілі Талғат Уәли.

Түнгі сағат 01.00-дегі мәлімет бойынша, өрт ауыздықталған. Жалын шарпыған аумақтың ауданы –310 гектар. Таңғы сағат 5.00-ден бастап орманшылардың негізгі күштерін қою қайта басталды.

"Өрт 9 учаскедегі 35 тұрғын үй қирап, бірнеше үй ішінара өртенген. Зардап шеккен тұрғындар үшін Риддер аграрлық-техникалық колледжінде – 50 орын, "Синегорье" демалыс базасында - 100 орын дайындалды. "Қазцинк" ЖШС жатақханасында тамақтану пунктері ашылды. Қазіргі уақытта "Қазцинк" ЖШС жатақханасын 13 адам уақытша мекендеуде. Әкімдік зардап шеккен және жойылған үйлерде тұратындардың санын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Өрті сөндіруге барлығы 68 техника, жеке құрамның 484 сарбазы, МИ-2 және МИ-8 тікұшақтары жұмылдырылды. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 204-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлығы 14 учаскеде өрт сөндірілді", - деп хабарлады  облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу