Шығысқазақстандық кәсіпкер "Бизнес бастаудың жол картасынан" өз жолын тапты

3267

Кәсіпкердің атакәсіппен айналысқанына 10 жылдан асты.  

Шығысқазақстандық кәсіпкер "Бизнес бастаудың жол картасынан" өз жолын тапты

Етікші болу – еріккеннің ісі емес, ердің ісі. Қанымен дарыған өнерді қасиетіне балаған шебер Озатбек Ахметұлы "Бизнес бастаудың жол картасынан" өз жолын тауып, атакәсіппен айналысқанына 10 жылдан асты. Кәсібін кәдеге жаратқан етікшінің өнімдеріне бүгінде сұраныс көп.

Кейіпкеріміз Озатбек Ахметұлы 2006 жылы Қытайдан Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданына табан тірейді. Айтуынша, етікшілік өнер нағашыларынан дарыпты. 

"Етік тігу өнері бізге нағашымыздан дарыса керек. Бала кезімізден атамыздың тарамыс тарап, етік тіккенін көріп өстік. Кейін келе дәм тартып, ата жұртқа қоныс тептік. Енді осында келгеннен кейін санамда "қалай күн көремін, қазақ еліне қандай үлес қоса аламын" деген екі үлкен сұрақ тұрды. Яғни мойнымда Отан және отбасы алдында жауапкершіліктің бар екендігін сездім. Сөйтіп 2007 жылы Глубокое ауданы Алтай ауылында алғашқы кәсібімді аяқ киім жамаудан бастадым", – дейді етікші Озатбек Ахметұлы.

Алғашында кейіпкерімізге аудандық әкімдік қолдау танытып, бір бөлмелі жұмыс орнын алып берген. Кейіннен тапсырыс көлемі арта бастаған соң, аудан орталығына көшкен.

"Аудан әкімі тікелей өзінің қолдауымен жеке шеберханамда кәсібімді жалғастыруға мүмкіндік берді. Содан бері тебеннен тиын тауып, бір қолымнан балға, екінші қолымнан бізімді тастаған емеспін. Мұнда келушілер бұрынғыдай, аяқтың өлшемін алып, қажетті етік түсін таңдай алады. Кейде тапсырыс берушінің қалауымен былғарыға ұлттық ою-өрнек те салып беремін. Бұл сәнденіп жүретін қыздар үшін маңызды", – дейді кәсіпкер.

Етікші 2012 жылы "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында 1 миллион теңге несие алып, тігін машинасын сатып алған. 

"Аз уақыт үйде жұмыссыз отырдым. Бір күні "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы туралы естіп, сол арқылы кәсіп бастамаққа ниет еттім. Нәтижесі көңілімнен шығып жатыр. Шынымды айтсам, әр жұмыс күнін үлкен ынтамен бастаймын. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетіліп жатқаны белгілі. Бастысы бастаған ісіңді жүргізуге ниетің болса болды", – дейді шебер.

Шебер бұл саланың бірден мол табыс әкелмейтіндігін де айтып қалды. Ол үшін төзімділік болуы керек деседі. 

"Қазір заңды түрде меншіктеген маркам жоқ. Қаржы мәселесі аяққа тұсау болып тұр. Бірақ болашақта кеңейткелі отырған шеберханамның атын да, одан шығатын өнімдердің маркасын "Ақжол" деп атауды жоспарлап отырмыз. Аса төзімділікті қажет ететін бұл кәсіп бірден нәтиже бермейтіндігі белгілі. Қазақтың "Ерінбеген етікші болады" деген тәмсілі де осыған қаратылып айтылса керек. Бүгінде көп адамның тігіншілікпен айналысуға батылы жетіп бара бермейді. Олар бірден байығысы келеді. Бірақ әр кәсіптің өз бастауы, дамуы және шарықтау шегі болады", – дейді ол.

Айта кетейік, шебердің бұл кәсіпке келуіне тағы бір себепкер – інісі Самғау Нәсіпханұлы болған. Самғау қазақ еліне келген соң өз ісімен айналысу жайлы ағасына ой тастайды. Інісінің ынтасына риза болған ағасы бірден келісімін беріпті. Кейін араға уақыт салып, қайта Қытайға жол тартқан. Ондағы мақсаты – ұйғыр азаматынан етік тігудің қыр-сырын меңгеріп шығу еді.

Ниеттенген адамға өнер үйрену көп уақытты қажет етпейтінін Самғау Нәсіпханұлы осы жерде дәлелдеп шықты. Қайта Қазақстанға оралып, ағасы Озатбекке етік тігудің әдісін бүге-шүгесіне дейін түсіндіреді. Содан бастап, ағалы-інілі екеуі де етік тігуді мықтап қолға алды. 

Озатбек Ахметұлы жанұясы үшін жар құлағы жастыққа тимей, еңбек етуден бір сәт жалыққан емес. Жұбайы Сәуле де тапсырыс көбейген сәттерде қолғабыс тигізеді. Үй жұмысынан артқан уақытын шеберханаға арнаған жұбайының бұл еңбегіне отағасы дән риза. 14 жасар Ақжол да сабақтан тыс уақытында әкесіне көмегін тигізеді. Ұрпағын сөзбен емес, іспен тәрбиелеген ата-ананың ісін көріп, көңіліміз марқайып қалды.

"Қысылған сәтімде қасымнан табылған жанұяма алғысым шексіз. Осы кәсібімнің қызығы мен қиындығын бала-шағамен бірге көріп келем. Бүгінгі күнге жетуімнің өзі отбасымның арқасы. Екіншіден баланы құр сөзбен емес, адал еңбекпен тәрбиелеп келемін", – дейді шебер әңгімесін жалғап.

Отбасылық кәсіп болғандықтан, әркімнің өз еңбек бөлінісі бар. Мысалы отағасы аяқ киімдерді табандап жатса, жұбайы сырмаларын тігумен айналысады.

"Алғашында бірнеше адамды жұмыспен қамтыдық. Кейін әйелім мен балам да қолғабыс тигізетіндіктен, өзіміз істеп жатырмыз. Көктем мен күзде 1-2 көмекші аламыз. Ол кездерде жұмыс көбейіп, үлгермей қалатынымыз бар. Қазір тек аудан орталығынан ғана емес, басқа қалалардан да тапсырыс түсіп жатыр. Аяқ киімнің бірнеше түрін тігеміз. Алдағы уақытта жұмыс өнімділігін ұлғайтуды жоспарлап отырмын", – дейді Озатбек Ахметұлы.

15 жылдық өмірі мен уақытын етік тігумен өткізген шебер қажырлы еңбектің өнбегі бар екенін ісімен дәлелдеп келеді. Бүгінде ол тек аяқ киім тігумен ғана емес, кілт, белдік жасаумен де айналысуда. Өкініштісі аяқ киім материалдарының басым бөлігін шетелден енгізеді екен. Көбісін Түркия мен Ресейден алдырыпты. Шикізаттың отанында отырсақ та, аяқ киім материалдарын өндіретін өнеркәсіптің аздығы көңілге қаяу салғандай. Кәсіпкерлеріміз шарасыз сырттан үстеме бағадағы материалдарына мұқтаж болып отыр.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу