Шымкент қаласы қайтадан салынады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
14130

Қазақстанда Shymkent city атты жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылатын болды.

Шымкент қаласы қайтадан салынады

Бұл АЭА еліміздің үшінші мегаполисін жаңадан салып шығуға қызмет етпек және 2044 жылға дейін жұмыс жасайды деп жоспарлануда.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жариялаған Shymkent city арнайы экономикалық аймағы туралы ереже жобасы бойынша жаңа орталық 427 гектарға созылып жатады.

Ведомствоның хабарлауынша, жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, Shymkent city аумағында ауруханалар, емханалар, мектептер, балабақшалар, мұражайлар, театрлар, жоғары және орта оқу орындары, кітапханалар, Оқушылар сарайы, сауда, ойын-сауық және бизнес орталықтары, спорттық кешендері жаңадан салынып пайдалануға беріледі.  

Бұдан бөлек, әкімшілік және тұрғын-үй кешендері бой көтереді деп отыр. Болашақта мегаполис басшылығы да жаңа орталыққа көшуі ғажап емес.

АЭА-ның аумағында арнайы құқықтық тәртіп орнатылады.

Жаңа Шымкент қаласының орналасатын жері (спутниктік түсірілім)

Сонымен бірге, Үкімет Shymkent city  арнайы экономикалық аймағы қызметінің нысаналы индикаторларын да бекітетін болды. Ол бойынша жаңа Шымкентті тұрғызуға 2019 жылы – 10 млрд, 2020 жылы – 11,5 млрд, 2021 жылы – 13,2 млрд, 2022 жылы – 15,1 млрд, 2023 жылы – 17,4 млрд, 2024 жылы – 20,7 млрд, 2025 жылы – 23,08 млрд теңге жалпы инвестиция тартылмақ.

Оның ішінде шетелдік инвестициялар көлемі небәрі 2–2,012 млрд теңге ауқымында ғана белгіленіп отыр.

Кейінгі көрсеткіштері де әзірге сонша ғаламат емес: АЭА аясында жаңа "Шымкент ситиге" шетелдік және отандық инвесторлар 2032 жылы жалпы көлемі 61,39 млрд, 2033 жылы 70,6 млрд, 2034 жылы 81,19 млрд, 2035 жылы 93,37 млрд, 2036 жылы 107,37 млрд, ал 2037 жылы 123,4 млрд теңге инвестиция құяды деп бекітілгелі отыр.

Сонымен бірге  Shymkent city арнайы экономикалық аймағы қызметінің өзге нысаналы индикаторлары – ақырғы меже-көрсеткіштері де мардымсыздау. Мәселен, 2037 жылға қарай Шымкент ситиді салуға қатысушылар саны 31 компанияны, ал құрылатын жұмыс орындарының саны 1152 адамды құрайды деп жоспарлануда.

Осы орайда нысандарды салуға жеке инвестициялар ғана жұмсалады деп белгіленуде.

Әрине, жаңа орталықты салуға ел қазынасынан да шығын шығарылады. Алайда оның көлемі әзірге жарияланбады. Бұл ретте мемлекеттік бюджет шығындарының есептемелері Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің қарауына бағытталғаны мәлім етілді.

Өз кезегінде Шымкент қаласының әкімдігі Shymkent city-дің құрылысы басталып та кеткенін хабарлады. Жаңа әкімшіліктік-тұрғын үй ауданының шекарасы қазіргі Шымқаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би бабаның ескерткішінің іргесінде орналаспақ. Әкімдіктің ресми сайтында айтылғандай, Шымкент сити ескі қаладан заманауи инфрақұрылымымен, өмір сүру және бизнес жүргізу үшін әлдеқайда қолайлы жағдайларымен ерекшеленеді, қала салу және сәулеттің ең жоғарғы стандарттарына сәйкес келеді.

Бұдан ертеректе әкімдік журналистер және қалалық мәслихат депутаттары үшін "болашақ қаласы" орнында экскурсия да өткізген болатын. Оның орнында қазір инженерлік, коммуналдық инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде, жол салынуда. Жаңа Шымкент орталығында көшелердің аса енді болатыны да айтылды: жолдардың орташа ені 40-50 метрге жетпек.

Оның жанында веложолдар, тротуарлар, жасыл желекті аймақ бірден жобаланатын көрінеді.

Орталықта "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" салымшыларына арналған алғашқы тұрғын үйлер бой көтеруде екен.

Бұған дейін айтылғандай, Shymkent city аумағында 300-дей заңғар ғимарат тұрғызылуға тиіс. Онда қалада бұрын-соңды болмаған ең ірі парк ашылмақ. Ол жаңа орталықтың қақ ортасында орналасады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу