Күтпеген абыр-сабыр: Ресейліктер жаппай Шымкентке ағылуда

995

Іс жүзінде не болып жатыр?

Күтпеген абыр-сабыр: Ресейліктер жаппай Шымкентке ағылуда Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Дрондар шабуылы аясында туындаған көлік коллапсының және логистикалық дағдарыстың қыспағында қалған Ресей күтпеген қадамға барып, Түменнен Вьетнамға қарай рекордтық ұзақ авиарейсті іске қосты.

Аспан төсінде тапжылмай 10 сағат ұшу – орасан зор ресурстарды, қуатты авиалайнерді және жолаушылар мен экипаждың ерекше шыдамдылығын талап ететін дүние. Дәл осы себепті, алып ұшаққа жанармай құйып, техникалық қызмет көрсететін стратегиялық хаб ретінде Қазақстанның оңтүстік қақпасы таңдалып, екі сағаттық аялдама белгіленді.

Түменнің (Тюмень) туристік нарығына жаңа тандем енді: "One Click Travel" халықаралық туроператоры мен қазақстандық Scat Airlines авиатасымалдаушысы күш біріктірді. Олар аралық түйісу нүктесі бар "Түмен – Шымкент – Камрань" чартерлік маршрутын салтанатты түрде іске қосты. Ағымдағы маусымда бұл ұшу бағдарламасы алғаш рет іске қосылып отыр. Бұл маршрут қалай жұмыс істейді және бортта жолаушыларды не күтеді?

Маршрутте жолаушыларға қандай қызмет көрсетіледі?

Алып Boeing 737 лайнерлері аптасына екі рет – аптаның ең қызған шағы дүйсенбі мен бейсенбі күндері аспанға көтеріледі. Ресейлік саяхатшылар әлеуметтік желілерде жарыса жазып, өз қуаныштарын жасыра алар емес, бәрі де "еш кешігусіз және қиындықсыз жүзеге асуда" дейді. Бүкіл жазғы-күзгі маусымды қамтитын бұл ауқымды ұшу бағдарламасы 2026 жылдың 5 қазанына дейін тоқтаусыз жалғасады.

Ең қызығы, бұл рейс ресейліктер үшін Вьетнамның экзотикалық жағалауына ғана емес, шуақты Шымкентке де жол ашады. Тіркелу процедурасы стандартты әрі өте ыңғайлы, ұшуға бір тәулік қалғанда онлайн режимде немесе әуежайдың өзінде 2,5 сағат бұрын рейске тіркеліп, орын таңдауға болады. Онда жолаушылар жүктерін өткізіп, кедендік бақылаудан барынша тезірек өтеді.

"Шымкентке дейінгі жол мәлімделген 3 сағаттың орнына 2 сағаттан сәл ғана астам уақытты алады. Осы уақыт ішінде туристерге жеңіл тамақ – сэндвичтер мен сусындар ұсынылады. Алғашқы рейстің өзі жүз пайыз жүктелді, ине шаншар орын қалмады. Бұл ретте Қазақстанда жолаушылардың ішінара ротациясы болды, олардың бір бөлігі Шымкентте түсіп қалды. Жолдың Камраньға дейінгі келесі бөлігі шамамен 8 сағатқа созылады. Егер ұшақта бос орындар қалып қойса, жолаушылар ұшақ ішіне ыңғайлы жайғаса алады, оған тыйым салып, ешкім жекімейді", – деп жазды ресейлік 72.RU порталы.

РФ ақпарат құралдарының хабарлауынша, егер ұшақ ішінде бос кресло табылса, жолаушылар бортта жайлылығы жоғары орындарды немесе тіпті тұтас бір қатарды сатып ала алады. Бұл қызметтің құны 20-дан 30 долларға дейінгі соманы құрайды.

РФ тұрғындары үшін тиімдісі – төлем халықаралық карталармен де, ресейлік банктердің карталарымен де кедергісіз қабылданады екен. Жолдың екінші кезеңіндегі борттық тамақтандыру – өз алдына бөлек жыр. Мұндай жомарт әрі патша көңілді сервистен қол үзіп қалған ресейлік туристер бұл деңгейге таңдай қағуда.

"Егер ұшақта бос орындар қалса, оларды сатып алып, Камраньға дейінгі ұшуды іс жүзінде жатып өткізуге болады. Рейстегі тамақтану – маршруттың ең басты артықшылықтарының бірі! Мұнда буы бұрқыраған түрлі ыстық тамақ та, саналуан тіскебасарлар да, балғын салаттар мен десерттер де, тіпті жаңа піскен жемістер де бар – ресейлік туристің ұшақта мұндай құнарлы әрі тоқ түскі асты көрмегеніне көп болды. Қазақтар шынымен таңғалдырды!" – деп ағынан жарылды Волгоградтан келген жолаушы Сергей.

Транзитпен ұшқан жолаушылар бұл порциялардың 8 сағаттық сапар үшін толықтай жеткілікті екенін, ал, салқын сусындар, шай мен кофе салон ішінде бірнеше рет, дүркін-дүркін таратылатынын, тапсырыспен алғызуға да болатынын ерекше ризашылықпен жеткізді.

Шымкентте ауысып отырудың тиімділігі неде?

Шымкентте саяхатшыларды таяуда ғана есігін айқара ашқан, сәулеті көз тартар заманауи жаңа терминал құшақ жая қарсы алды. Өздерінің "Рощино" әуежайындағы бітпес-қоймас жөндеу жұмыстарынан әбден ығыр болған Түмен тұрғындары қазақстандық әуе айлағын музейдей аралап, еуропалық сапасына жоғары баға берді. Ресейлік журналистер шымқалалық әуе қақпасындағы көп адамды еркін сыйдырар кең демалыс аймақтарын, денеге жайлы креслолар мен эргономикалық жиһаздарлы, ерекше стилдегі заманауи дизайнды жарыса мақтады.

"Біздегі Рощино әуежайы реконструкциясының аяқталуын бірнеше жылдан бері күтіп жүрген түмендіктер мұндай әуежайды жоғары бағалады. Келесі ұшаққа қайта отыру қараң қалған бір терминалда өтеді ме деген қауіп болған. Кең тынысты демалыс аймақтары, ыңғайлы креслолар және заманауи дизайн саяхаттың жағымды атмосферасын қалыптастырып, рейсті күту уақытын жайлы өткізуге мүмкіндік береді", – деп сүйсінеді ресейлік журналист Елена Игнатова.

Шымкенттің жаңа терминалындағы транзиттік жолаушылар үшін ең басты жеңілдік – ауысып отыру процедурасының барынша оңтайландырылуы. Жолаушыларға рейстер арасында жүгін кері алып, қайта тапсырып, уақыт жоғалтудың немесе толыққанды кедендік бақылаудан қайта-қайта өтіп, бас қатырудың еш қажеті жоқ.

Транзит тұғырына барып, төлқұжатты көрсетсе және келесі рейске жаңа отырғызу талонын алса жеткілікті. Мұндай тәртіп қағазбастылық пен бюрократияны барынша азайтып, алтынға бергісіз уақытты үнемдейді және екі рейс арасын барынша ыңғайлы әрі жылдам етеді.

Саяхатшыларға жаңа әуежайдың күту залдарында еуропалық үлгідегі кафелер мен барлардың үздіксіз жұмыс істеп тұрғаны да ұнапты.

"Шымкенттің халықаралық әуежайы жаңа әрі өте жайлы. Сонымен қатар, мұнда бірнеше бар мен кафе қатар қызмет етеді. Ең тиімдісі, бұл мекемелерде ресейлік карталардың еш кедергісіз қабылданатыны. Мұны естіп, бойдан ауыр жүк түскендей болды", – деп алған әсерімен бөлісті жолаушы Светлана.

Жүк саясаты және "жеміс-жидек" мәселесі

Азияның жұмақ мекендеріне демалысқа аттанған туристер дәстүр бойынша, елге оралғанда чемодандарын түрлі тәбәрікке, сыйға сықайта толтырып, немесе экзотикалық жемістер мен жергілікті деликатестер салынған бөлек себеттерді арқалай қайтады.

Бұл маршрутте жүк тасымалы бойынша ешқандай кедергі жоқ, қазақстандық авиакомпания билет құнына әр жолаушы үшін 20 келіге дейінгі жүкті және 5 келіге дейінгі қол жүгін тегін тасымалдауды қосып қойған. Дегенмен, экзотикалық жемістерді тасымалдауда гәп бар, саяхатшыларға оларды не негізгі чемоданның ішіне ұқыпты етіп орналастыруға тура келеді, немесе себет үшін қосымша, арнайы үстеме ақы төлеуі қажет болады.

Шымкент – Түмен үшін Азияға ашылған терезе

"One Click Travel" халықаралық туроператорының бас директоры Анара Оралованың мәліметінше, Түмен мен жалпы Орал өңірінің тұрғындары жоғары сатып алу қабілетіне ие. Олардағы көптеген жұмысшы "солтүстіктегі жұмыс" үшін берілетін қосымша үстемеақыны алады. Сонымен бірге Түменнен тікелей азиялық бағыттарға ұшатын рейстер болмай, бұл тұрғыда өңір тұйыққа тірелді.

"Оларда азиялық бағыттарға деген сұраныс өте жоғары, бірақ ол қажеттілік ұзақ уақыт бойы қанағаттандырылмаған күйі қалды. Бұрын туристерге Вьетнамға жету үшін алдымен Мәскеуге тоқтап, айналып ұшуға тура келетін. Бұл өте күрделі әрі қымбатқа түсетін авиатүйісу. Ал, Шымкенттегі транзиттік хабымыздың тиімді географиялық орналасуы Түменге мінсіз, оңтайлы және іс жүзінде тікелей логистикалық балама ұсынып отыр", – деп түсіндіреді Анара Оралова.

Көптеген жолаушылар үшін Қазақстандағы ауысып отыру тек қана маршруттың бір бөлігі емес: бұл Ұлы даланы көру, көрші елмен жақынырақ танысу мүмкіндігіне айналуда. 

"Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Шынымды айтсам, бұған дейін сіздерде, Астанадан басқа жерде адамдар әлі де түйемен, атпен жүреді деп ойлайтынмын. Шымкентте әзірге бірде-бір киіз үй көрген жоқпын! Бұл заманауи қала көрінеді. Қызым тіпті Шымкентте міндетті түрде көру керек жерлердің тұтас тізімін жасап берді. Оған билеушінің сарайы бар көне Цитаделге, дендропаркке, тарихи кесенелер мен жұмбақ үңгірлерге, "Адам ата және Хауа ана" жартасына, Ленин мүсіні бар ескі Металлургтер паркіне бару, Қошқар ата өзенінің шипалы суына шомылып сергу және әрине, дәмханалар бойынша дәмді маршруттар кірді" – дейді Вячеслав.

Саяхаттың тағы бір ерекше тұсы – гастрономиялық турлар. Жергілікті бағаны білген қонақтар Шымкенттің дәмханалары мен мейрамханаларындағы шот Түменмен салыстырғанда орта есеппен екі есе арзан екенін үлкен қуанышпен, таңданыспен атап өтуде.

Жаңа маршруттың "дәмін" татып, Вьетнамнан еліне оралып үлгерген алғашқы жолаушылар өздерінің шынайы ризашылығын әлеужеліде бөлісті.

"Вьетнамға барып қайттым. Қазақтардың авиакомпаниясы шынымен тамаша екен! Баяғы жақсы замандардағыдай тоя тамақтандырады, бұған қатты тәнті болдым әрі таңғалдым. Тамағы толыққанды, ал, ас ішу аралығында үнемі шай, кофе, шырындар, кола ұсынып, құрдай жорғалайды. Ең бастысы – осының бәрі ресейлік авиакомпанияларға қарағанда әлдеқайда арзан! Менде қисынды сұрақ туындайды: біздің отандық тасымалдаушыларға жолаушыларды дәл осылай әртүрлі әрі дәмді тамақтандыруға не кедергі? Неліктен қазақтар бұл міндетті үлкен табыспен атқарып отыр, ал біз бұдан айрылып қалдық?" – дейді жолаушы Павел.

Елдер арасындағы жаңа әуе "көпірі" саяхатшылардың жүрегін бұған дейін беймәлім болған жаңа көкжиектермен байланыстырған секілді. Ресейдің шекаралас өңірлерінің тұрғындары нағыз жиһанкездерге тән асқан құштарлықпен бұл транзиттік алтын жолды белсенді түрде игеріп жатыр. Олар кем дегенде қоңыр күзге дейін Шымкентке лек-лекпен "тасқындаумен" болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу