Шымкент шатқалдарынан "жоғалған" жер

2371

Заңгер Бақытжан Базарбек тағы бір былықтың бетін ашты.

Шымкент шатқалдарынан "жоғалған" жер

Жер қатынастары мәселесімен айналысатын белгілі заңгер Бақытжан Базарбек тағы бір былықтың бетін ашты. Бұл жолы ол Шымкент шатқалдарындағы өздігінен "жоғалып" кеткен жерлерді анықтады. Мәселе Шымсай және Самал шатқалдарына қатысты болып отыр. Бәрін рет-ретімен баяндайық.

2017 жылы Шымкентте "Шатқал" бағдарламасы әзірленді. Онда 226 гектар жерге 14 саябақ аймағын құру жоспарланған. Соның бірі Шымсай шатқалында болуы керек-тін. Яғни, Шымсайда мемлекет бөлген 24 гектар аумаққа саябақ салу жоспарланыпты. Алайда мақсатты түрде бөлінген 24 гектар жердің 11 гектары ғана саябаққа берілгені анықталды. Сонда қалған 13 гектар жер қайда кетті?

"Қалған 13 гектар жер телімі жеке тұлғалардың жеке меншігінде болған. Олар оны жеке тұрғын үй құрылысы үшін алған. Бір қызығы аталған жер телімдері Шымкент әкімдігінің шатқал аумағына саябақтар салу жоспарынан бұрын берілген. Одан да қызығы, әкімдік жеке тұлғалардың меншігіндегі 13 гектар жерді мемлекеттік қажеттілік үшін олардың иелігінен мәжбүрлі түрде алмаған. Қайта Шымкент қаласының әкімдігі Шымсай шатқалындағы жаңа саябақты инженерлік тұрғыдан жайластыруға бюджет қаражатын жұмсаған және абаттандыру жұмыстарын жүргізген. Сонда мұны құқығың жоқ жерге үй салудың, бюджет қаражатын өзіңе тиесілі емес нәрсеге жұмсаудың шымкенттік тәжірибесі деп атауымыз керек пе?!", – дейді Бақытжан Базарбек.

Дәл осындай жағдай өзге де саябақтарға қатысты болып отыр. Оның айтуынша, 124 жыра саябаққа айналуы тиіс болған. Алайда мемлекеттік актілер Самал шатқалының 38 гектар жасыл аймағына және Шымсай шатқалындағы 11 гектар саябаққа ғана рәсімделген.

"Самалға қатысты әңгіме тіпті қызық. Бір қарағанда бюджет есебінен абаттандыру және инженерлік жабдықтау жұмыстары жүргізілген сияқты. Ал кейін саябақта саздақ пен құм-қиыршық тас қоспасын өндіруге арналған заңсыз карьер пайда болған. Саябақ аумағында жүздеген миллион теңге жұмсалған карьердің қалай пайда болғаны белгісіз", – дейді заңгер.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, шын мәнінде Шымсай және Самал шатқалдарында саябақ жоқ. Тек саябақтардың кішкене бөліктері ғана бар. Сондай-ақ осы парктердің шекараларының контурында орналасқан қаптаған жер учаскелері ғана көзге шалынады. Оларды Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің базасынан табудың өзі қиямет-қайым. Бұл бір.

Екіншіден, барлық парктегі (оның ішінде Шымсай мен Самал шатқалдарындағы саябақтар да бар) инженерлік жұмыстар бастапқы материалдарды алмай (сәулет-жоспарлау тапсырмасы, эскиздік жобаның келісімі), жобалық-сметалық құжаттаманы (жұмыс жобасын) әзірлемей, жобалық-сметалық құжаттама сараптамасынсыз, құрылыс-монтаж жұмыстары басталғаны туралы хабарлама талонынсыз жүргізілген. Қысқасы, заңды белден басқан.

"Жерге тиісті құқықты алмай, бастапқы материалдарсыз және тиісті рұқсаттарсыз, жобалау-сметалық құжаттамасыз һәм сараптамасыз коммуналдық кәсіпорындар тік дренаждың 17 жерасты ұңғымасын бұрғылап, 4 трансформатор орнатқан. Тамшылатып суару үшін 41,7 шақырым су құбыры салынып, 16,4 шақырым қоршау орнатылған. Суару үшін 17 ұңғыма бұрғыланып, 41,74 шақырым суаратын су құбыры салынған. Электрмен жабдықтау үшін 4 КТП орнатылып, 2,6 гектар жасыл көгал жабдықталған. Жоғарыда аталған инженерлік құрылыстардың бір бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі көршілес тұрған жер учаскелерінде орналасқан", – дейді Бақытжан Базарбек.

Мәселе осымен бітсе жақсы ғой. Жоқ. Мұның басқа да күңгей тұстары бар. Осының бәріне саябақ салынуға деп бөлінген мемлекеттің қаржысы жұмсалған. Заңгердің мәліметінше, 2017 жылы шатқалдардағы саябақтарды жайластыруға облыстық бюджеттен 489 млн теңге, 2018 жылы 436 млн теңге және 79 мың көшетті суаруға, өңдеуге және күтуге 315 млн теңге бөлінген. Сонда жалпы жұмсалған қаржы 1 млрд теңгеден асып түседі. Демек осыншама қаржы суға сіңді деген сөз.

"Әрине, бұл жерден саябақтарды таба алмайсыз. Жабдықталған шатырлар да жоқ. Демек, осы мақсаттарға жұмсалған ақша да желге ұшты деген сөз. Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің базасынан Шымсай саябағының орнына жеке тұрғын үй құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық және коммерциялық мақсаттар үшін бөлінген ондаған жер учаскелерін ғана көре аласыз. Осы жерде "Шымсай мен Самалдағы саябақтарға тиесілі жерлер қайда кетті?" деген заңды сауал туындайды", – дейді заңгер.

Бақытжан Базарбек келесі аптада саябақтарға берілген жер телімдерінің заңдылығын тексеру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетіне, сондай-ақ Шымкент қалалық Жер қатынастары басқармасына жазбаша өтініш жолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар материалдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолданбақ. Заңгер аталған мәселе бойынша Шымкентке арнайы баруды да жоспарлап отыр.

Қызықтың көкесі енді басталатын секілді.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу