Шымкентте Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Софья Берульцеваны қарсы алды

123

Берульцева енді әлем чемпионатында алтын алуды көздеп отыр.  

Шымкентте Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Софья Берульцеваны қарсы алды Фото: gov.kz

Шымкентте Жапонияның Аичи-Нагоя қалаларында өткен ХХ жазғы Азия ойындарында алтын медаль иеленген каратэші Софья Берульцеваны салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қажымұқан атындағы орталық стадион алдында спортшыны туған-туыстары, жаттықтырушылары, спорт саласының өкілдері, жанкүйерлер мен қала тұрғындары күтіп алды.

Софья Берульцева Азия ойындарында каратэден кумитэ бағдарламасының +68 келі салмағында өнер көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Ол шешуші кезеңге дейін Сауд Арабиясының өкілі Дина Ахмед Мостафаны 9:6, жартылай финалда непалдық Арика Гурунгті 2:1 есебімен жеңді. Финалда Таиланд спортшысы Манееван Буцуванды 8:0 есебімен ұтып, Азия ойындарының чемпионы атанды.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек спортшыны жеңісімен құттықтап, қалада каратэден жеңісті дәстүр қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ Берульцеваға алдағы жарыстарында сәттілік тілеп, шымкенттік спортшылардың Азия ойындарында жүлделі орындардан көрініп жатқанын айтты.

Ал каратэден Қазақстан ұлттық құрамасының аға бапкері Бақтияр Тоқсейітов Софья Берульцеваның ендігі мақсаты әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алу екенін жеткізді.

Осылайша шымкенттік спортшы Азия ойындарында қатарынан екінші рет алтын медаль иеленді. Ол бұған дейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында да +68 келі салмақта чемпион болған.

Айта кетейік, Софья Берульцева – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және Қазақстан құрамасының жетекші каратэшілерінің бірі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу