Шымкенттіктердің чемпиондыққа деген үміт оты қайта жанды

608

Чемпионат аяқталар тұста көшбасшылыққа талас қыза түсті.

Шымкенттіктердің чемпиондыққа деген үміт оты қайта жанды Фото: Ордабасы ФК

Қазақстан премьер-лигасының 18-турының кейінге қалдырылған матчында шымкенттік "Ордабасы" өз алаңында "Мақтааралды" ұтты.

Шымкентте өткен кездесу 1:0 есебімен, алаң иелерінің минималды жеңісімен аяқталды. Матчтың 61-минутында өзбекстандық Бобир Абдихоликов гол соғып, шымкенттіктердің чемпиондыққа деген үміт отын қайта жақты. Осы жеңістің арқасында "Ордабасы" чемпионат кестесіндегі көшбасшылығын сақтап қалды. Ішкі чемпионаттың турнирлік кестедегі жағдайына келер болсақ, "Ордабасы" 52 ұпай жинады. Одан кейін 49 ұпайы бар "Астана" 2-орында.

Матч аяқталған соң, "Мақтааралдың" бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов ойын нәтижесіне байланысты ойымен бөлісті. 

"Кездесу қиынға соқты. "Ордабасының" мықты екені бізге мәлім. Олардың бұл кездесуге жақсы дайындалатынын білдік. "Мақтаарал" туралы неше түрлі әңгімелерді естідім және бұл маған ұнамайды. Сондықтан қауесет әңгімелерді тоқтатып, мұны айтатын адамдарды өз орындарына қойғымыз келді. Жігіттердің барлығына рахмет айтқым келеді. Барын салып ойнады. Мүмкін олар өздеріне сенімсіз болған шығар. Бірақ олардың күш-жігеріне қатысты сұрақ жоқ. Біз "Атырауға" қарсы өтетін матчқа дайындалуымыз керек. "Ордабасыны" жеңісімен құттықтап, алдағы ойындарда сәттілік тілеймін", - деді Қайрат Нұрдәулетов.

Ал байқаусызда өз қақпасына гол соққан қостанайлықтар чемпионатта үздік алтылыққа кіру мүмкіндігін уыстан шығарып алды.

ҚПЛ-2023 15-турының кейінге қалдырылған ойынында петропавлдық "Қызыл-Жар" мен қостанайлық "Тобыл" ойнады. Петропавлда өткен кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. 37-минутта Ислам Чесноков қостанайлықтарды алға шығарды. Ойын тағдыры 70-минутта "Тобылдың" ойыншысы Евгений Шахов автогол соққанда шешілді.

Осылайша, қостанайлықтар 29 ұпай жинап, сегізінші орында қалды. Алтыншы және жетінші орындарды бөліскен "Қайсар" мен "Атырау" 30 ұпайдан жинады. Өз кезегінде 39 ұпай жинаған "Қызыл-Жар" төртінші орында тұрған "Қайратты" қуып жетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу