Шыны зауытын аяқтауға шетелдік мамандар келді

Зауыт іске қосылғанда 160 адам жұмыспен қамтылып, жанынан кластерлік 8 ілеспе зауыт салу жоспарланып отыр.

Шыны зауытын аяқтауға шетелдік мамандар келді

2015 жылдан бері құрылысы созылып келе жатқан шыны зауыты биылғы жылдың аяғына дейін берілмекші. 80% бітіп тұрған зауыттың қалған жұмыстарын аяқтауға Қытайдан арнайы мамандар келді. Олар зауыттың балқыту ваннасы мен күйдіру қондырғысын орнатып, пешін жағып, іске қосады.

"Соңғы екі аптада 34 маман келді. Әлі 100 маман келу керек. Індетке орай олар көп тексерулерден өтіп, келіп жатыр. Жуырда барлық шетелдік маман толығымен жұмыстарына кірісетін болады", – деді "Orda Glass Ltd" ЖШС директоры Ержан Сағымбаев.

Бүгінде қондырғыларды құрастыру жұмыстары басталып кетті. Жоспар бойынша бұл жұмыс қараша айында аяқталуға тиіс.

Индустриялық ірі жобаның біріне енетін зауыттың сыртқы инфрақұрылымдық желілері де толығымен бітті. Тек қана темір жол тармағы ғана бірер айдың ішінде аяқталмақ. Зауыт іске қосылғанда 160 адам жұмыспен қамтылып, жанынан кластерлік 8 ілеспе зауыт салу жоспарланып отыр. Оның ішінде үш зауыттың құрылтайшыларымен келісім жасалып қойылған. Олар шыны ыдыстарын, айна және шыны талшықтарын жасаумен айналыспақ. Шыны зауытымен бірге кластерлік жобалардың да жұмысы жанданады.

Осы шыны зауытының негізгі шикізаты Арал ауданында салынбақшы кальцийленген сода зауыты.

"Оны өндірмесек, сырттан келетін шикізат шығынға отырғызады. Кальцийленген сода шыны, металлургия өндірісінде, сондай-ақ синтетикалық жуғыш заттар, тыңайтқыштар өндірісінде қолданылады. Шыны құрамының 30% кальцийленген содадан құралады. Сондықтан да негізгі тұтынушысы шыны зауыты болмақ", - деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.

Жоба іске асса экономикалық тиімділігі мол болмақ. Яғни 700 жаңа жұмыс орны, сервистік компанияларда 500-ден аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жылына 300 мың тонна өнім алынса, ішкі нарықтың 75% қажеттілігін өтейді. Сонымен қатар 300 мың тонна кальцийленген өнімнің қаржылай мәндегі құны 30 млрд теңге сыртқа кетпей, Арал ауданында қалатын болады. Жобаны іске асыруда 100 млрд теңгеден аса инвестиция тартылады.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться