ШЫҰ 2021 жылға дейінгі қаржы мәселесін реттеп қойды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2442

Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының банкаралық бірлестігінің орташа мерзімді стратегиясы қабылданды.

ШЫҰ 2021 жылға дейінгі қаржы мәселесін реттеп қойды

Қазақстан елордасында "Қазақстанның даму банкі" АҚ-ның (ҚДБ) басшысы Болат Жәмішевтің төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының банкаралық бірлестігі кеңесінің (ШЫҰ БАБ) 13-отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ БАБ-тың 2017-2021 жылдарға арналған даму стратегиясы қабылданды. Стратегияның мақсаты –трансшекаралық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, ШЫҰ кеңістігінде және азиялық аймақта қызмет ететін халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейту.

Отырыста инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру, оның ішінде түрлі қаржылық өнімдерді жылжыту арқылы "Жібек жолының экономикалық белдеуі" бастамасын іске асыру мүмкіндігі қарастырылды.

"БАБ – біздің мемлекеттердің даму банктері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ШЫҰ құрылымдарының бірі. Нақты шешімдер қабылданды. Дәлірек айтсақ, бесжылдық мерзімге арналған банкаралық бірлестіктің жаңа даму стратегиясы бекітілді, бірлестікке мүше банктер мен Жібек жолы қоры арасында серіктестік қатынастардың негізі туралы меморандумға қол қойылды", – деп мәлімдеді журналистерге Болат Жәмішов.

Ол сан түрлі қаржылық институттар арқылы ШЫҰ-ға мүше елдер арасында өзара сауда-саттықты ынталандырудың маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.

"ҚДБ бұрынырақ банкаралық бірлестік мүшелеріне ортақ экспорттық операцияларды қолдау арқылы бір-бірімен қарым-қатынас жасай алатын механизмді ұсынған болатын. Бұл мәселені күннің екінші жартысында ШЫҰ-ның БАБ мен ШЫҰ іскерлік кеңесінің бірлескен отырысында талқылайтын боламыз. Банктер мен бизнестің басын қосып топтастыру деген өте жақсы тәжірибе және оны одан әрі жалғастыру керек. Аталған формат банкаралық бірлестіктің жоспарын бизнес жобаларын қаржыландырудағы қазіргі қажеттіліктермен сабақтастыруға мүмкіндік береді", – деді Болат Жәмішев.

ҚДБ-ның баспасөз қызметі мәлім еткендей, отырыс барысында тараптардың ойы бір жерден шықты. Тиісті қаржылық өнімдер арқылы ШЫҰ кеңістігінде өзара экспортты дамыту ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымын арттырып, өзара сауда-саттық саласындағы кемшіл тұстарды анықтауға, сондай-ақ оны шешу жолдарын табуға мүмкіндік береді. Отырысқа қатысушылар ШЫҰ кеңістігінде және азиялық аймақта қаржы институттарымен, нақтырақ айтсақ Еуразиялық даму банкі, Жібек жолы қоры, жаңа Даму банкі, Азия инвестиция және инфрақұрылым банкімен қарым-қатынасты жандандыру қажет екенін айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша бірлестікке мүше банктер мен Жібек жолы қоры арасында серіктестік қатынастардың негіздері туралы меморандумға қол қойылды.  Құжатта ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикасы үшін маңызды орта және ұзақмерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша тараптардың ниеті айқындалды. Осыған байланысты меморандум қатысушылары өзара ынтымақтастық аясында қаржыландырылуы мүмкін, болашағы бар инвестициялық жобалар туралы ақпарат алмасуға келісті.

Сондай-ақ ШЫҰ-ның жоғарыда аталған құрылымдарының бірлескен отырысында экспортты қолдау мақсатында ҚДБ мен "Есептік-жинақтау компаниясы" ААҚ (Қырғызстан) арасында, сондай-ақ РФ Сыртқы экономика банкі мен "Беларусбанк" ААҚ арасында ынтымақтастық туралы меморнадумға қол қойылды.

ШЫҰ-ға мүше елдердің уәкілетті банктерінің арасындағы банкаралық ынтымақтастық туралы келісімге 2005 жылдың 26 қазанында қол қойылған болатын. Бүгінгі күні ШЫҰ БАБ-қа мүше банктер мыналар: "Қазақстанның даму банкі" АҚ, "Ресей Федерациясының даму және сыртқы экономикалық қызмет банкі (Сыртқы экономика банкі)", Қытай мемлекеттік даму банкі, "Есептік-жинақтау компаниясы" ААҚ (Қырғызстан), Тәжікстан Республикасының "Амонатбок" мемлекеттік жинақтаушы банкі және Өзбекстан Республикасының сыртқы экономикалық қызметі ұлттық банкі.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу