СІМ Қырғызстанда қамалды делінген елшілік қызметкеріне қатысты ақпарат берді

Дипломатиялық көлікте Қырғызстаннан шығуға шектеу қойылған әйел болған.  

СІМ Қырғызстанда қамалды делінген елшілік қызметкеріне қатысты ақпарат берді

Дипломатиялық көліктің көмегімен Қырғызстанды тастап шықпақшы болған әйел мен Қазақстан Елшілігі қызметкерінің арасында қандай байланыс болғанын анықтау үшін қызметтік тексеріс басталды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров БАҚ өкілдерімен өткен брифингте айтты.

"10 қаңтар күні Ақжол-Қордай бақылау-өткізу бекетінің қырғыз жағында Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің әкімшілік-техникалық персонал қызметкерінің қатысуымен оқиға болған. Қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Соның қорытындысы бойынша тиісті шара қабылданады.  Ал ұсталған әйел Елшілік қызметкері емес. Ол бар болғаны дипломатиялық нөмірі бар көліктің жолаушысы болған", – деді министрлік өкілі.

Айбек Смадияров "Аталмыш әйел мен Елшілік қызметкерінің арасында қандай байланыс болған" деген сұраққа "Оның елшілікпен ешқандай байланысы жоқ. Қазір тексеріс жүріп жатыр. Қорытындысы шыққанда хабарлаймыз", – деп жауап берді.

Оның айтуынша, дипломатиялық көлікте болған әйел тергеуден өтіп жүрген.

"Ол әйел Қырғызстан жағынан бір іс бойынша тергеуден өтіп жүрген.  Оған Қырғызстан аумағынан шығуға шектеу қойылған. Ал Елшілік қызметкері көлік тізгінінде болған. Қазір ол Бішкекте. Кейбір БАҚ-та жарияланғандай, тұтқындалған жоқ. Бар болғаны шекараны кесіп өтер алдында құжат тексеру үшін көлігі тоқтатылған болатын. Әйел адам да Бішкекте өз үйінде тұрып жатыр", – деді ресми өкіл.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу