Сирек кездесетін тамыр патологиясы бар қазақстандық балалар енді шетелге шықпай-ақ, Қазақстанда емделе алады

644

Қазақстанда алғаш рет күрделі тамыр мальформациясы бар балаларды шетелде ғана қолданылып келген әдіспен емдеу қолға алынды.

Сирек кездесетін тамыр патологиясы бар қазақстандық балалар енді шетелге шықпай-ақ, Қазақстанда емделе алады Фото: AYALA

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында алғашқы сегіз балаға ота жасалды. Енді орталық жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге дейін баланы қабылдай алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өмірге дем берейік" жобасы 2025-2026 жылдары Almaty Marathon қайырымдылық бастамаларының бірі болды. Жобаны "Бірінші болу – батылдық" корпоративтік қоры мен AYALA қайырымдылық қоры Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырды.

Қазақстанда жыл сайын 40-тан астам бала тамыр мальформациясымен – қан тамырлары дамуының туа біткен ақауымен дүниеге келеді. Бұл ауру созылмалы ауырсыну мен қан кетуге себеп болады, ал ауыр жағдайларда баланың қозғалу мүмкіндігін шектейді. Бұған дейін аурудың күрделі түрлері бар балаларды емделу үшін шетелге жіберуге тура келетін. 2021-2024 жылдар аралығында мемлекет мұндай емге 437 млн теңгеден астам қаражат жұмсағанымен, жыл сайын небәрі 10-20 пациент қана көмек алатын. Енді отбасыларға шетелге баруды ұйымдастырып, жақындарынан ұзақ уақытқа ажыраудың қажеті жоқ.

Жаңа әдіс – электропорациямен склеротерапия – дәрілік препаратты қысқа электр импульстерімен ұштастырады. Импульстер дәрінің зақымдалған тіндерге енуіне көмектеседі. Соның арқасында препараттың мөлшерін азайтуға және баланың ағзасына түсетін жүктемені төмендетуге болады.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы үшін италиялық Cliniporator Vitae жүйесі сатып алынды. Төрт дәрігер тамыр мальформациясы саласындағы Еуропаның жетекші мамандарының бірі профессор Вальтер Вольгемуттың (Walter A. Wohlgemuth) жетекшілігімен арнайы дайындықтан өтті. Олар теориялық дайындықтан Германиядағы Галле университеттік клиникасында өтті, ал практикалық дағдыларын профессордың Алматыда өткізген шеберлік сабағында шыңдады. Алғашқы сегіз ота да осы шеберлік сабағы аясында жасалды.

"Қазір орталық қажетті жабдықпен қамтамасыз етіліп, мамандарымыз арнайы дайындықтан өткендіктен, күрделі тамыр мальформациясы бар балаларға диагностикадан бастап сауығу кезеңіне дейінгі барлық кезеңде өз күшімізбен медициналық көмек көрсете аламыз. Мұнда жыл сайын шамамен 80-100 емшара жүргізіледі, ал әр пациентке қажетті емдеу курстарының саны жеке анықталады", – дейді "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" АҚ басқарма төрағасы Абай Кусаинов.

Келесі қадам – жаңа әдісті тұрақты медициналық тәжірибеге енгізу үшін клиникалық хаттама мен тарифтерді бекіту.

"Тамыр мальформациясының ауқымды әрі күрделі түрлерінде дәстүрлі емдеу әдістері әрдайым тұрақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Жаңа технологияның енгізілуінің арқасында балалар енді шетелге шықпай-ақ, Қазақстанда ем ала алады. Бір орталықтың мүмкіндігі еліміздің түкпір-түкпірінен келген пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге жеткілікті", – дейді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары Майра Бейсен.

"Өмірге дем берейік" жобасының жалпы құны 117,6 млн теңгені құрайды. Бұл – мемлекет 2021-2024 жылдары балаларды шетелде емдеуге жұмсаған қаражаттан төрт есеге жуық аз.

"Біз балалардың отбасынан ажырамай-ақ, заманауи емді Қазақстанда алғанын қалаймыз. Сондықтан дәрігерлермен бірлесіп, қажетті жабдықты таңдап, мамандарды оқытуды ұйымдастырамыз. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бағалауынша, жаңа жүйе кемінде 10–15 жыл қызмет етеді және алғашқы он жылда шамамен мың емшара жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл – біздің қайырымдылық жобамыздың басты нәтижесі. Almaty Marathon жарысына қатысып, сөреге шыққан әрбір жүгіруші осындай өзгерістерге өз үлесін қосады", – дейді "Бірінші болу – батылдық" корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

"Өмірге дем берейік" – қорлардың балалар денсаулығын сақтау саласындағы төртінші бірлескен жобасы. 2024 жылдан бері мұндай жобаларға 248,3 млн теңге бағытталды. Бұған дейін Түркістан облысында жүкті әйелдерді ерте скринингтен өткізуге арналған "Бір күндік клиника" жұмысын бастады. Ал "Әлемді көремін" атты екі жоба аясында Шымкент пен Түркістан қалаларындағы перинаталдық орталықтар шала туған нәрестелердің ретинопатиясын анықтауға және емдеуге арналған жабдықтармен жабдықталды. 2026 жылғы наурыздан бастап Түркістандық нәрестелерді лазерлік ем алу үшін Шымкентке немесе Алматыға апарудың қажеті жоқ.

"Балалар медицинасында көп айтыла бермейтін, алайда осындай қиындыққа тап болған отбасылар үшін үлкен сынаққа айналатын мәселелер бар. Мұндай жобаларға қомақты қаражат қажет, дегенмен көмек салыстырмалы түрде аз ғана балаға керек болуы мүмкін. Біз "Бірінші болу – батылдық" корпоративтік қорының қолдауын ерекше бағалаймыз. Қор біздің ортақ ұстанымымызды қолдайды: аурудың сирек кездесуі баланың қажетті ем алу мүмкіндігін шектемеуі керек. Біз дәл осындай өзгерістер үшін жұмыс істейміз", – деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сулейменова.

"Бірінші болу – батылдық" қоры мұндай жобаларды Almaty Marathon қатысушыларының арқасында жүзеге асыра алады: сөрелік жарналардың бір бөлігі қайырымдылыққа бағытталады. 2026 жылғы 27 қыркүйекте өткен мерейтойлық жарыста 66 елден келген 16 000 жүгіруші сөреге шықты. 2012 жылдан бері қор спорт алаңдарын салудан бастап, медициналық мекемелерді заманауи медициналық және оңалту жабдықтарымен қамтамасыз етуге дейінгі 30-дан астам қайырымдылық жобасын жүзеге асырды.

2026-2027 жылдары қорлар құны 160 млн теңге болатын бесінші бірлескен жобаны – "Әлемді көремін" бастамасының жаңа кезеңін іске асыруды жоспарлап отыр. Алматыдағы перинаталдық орталықтардың біріне Қазақстанда алғаш рет қолданылатын инфант-томограф орнатылады. Бұл аппарат шала туған нәрестенің торлы қабығын жансыздандырусыз әрі көзге жанастырмай, қабат-қабатымен зерттеп, ауруды ең ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жыл сайын 700-ге жуық бала тексеруден өте алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу