Сирек кездесетін жануарларды ату үшін сафари парктер ашылуы мүмкін

2146

Экология министрлігі табиғатты бизнеске айналдырудың жолдарын іздестіруде. 

Сирек кездесетін жануарларды ату үшін сафари парктер ашылуы мүмкін

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жануарлар дүниесін қорғаудың ең сенімді жолы – тиімді аңшылық шаруашылықты ұйымдастыру. Басқаша айтқанда, мысалы, киікті қорғау үшін оны атып алу керек. Бір қарағанда, бұл әлдебір браконьерлік топтардың лоббиіне ұқсайды.

Шынында, мұны айтып отырған – табиғатты және ондағы әрбір жан-жануарды жан сала қорғау үшін құрылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі.

Меморган осы байламды "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне аңшылық саласын дамыту және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасының тұжырымдамасына жазып қойды, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Бұл құжат заң жобасынан гөрі "бизнес жобаға" көбірек ұқсайды.

Министрлік бұл ретте Солтүстік Американың және бірқатар Африка елдерінің "жануарларды қорғау" тәжірибесін басшылыққа алып отырғанын қымсынбай хабарлады. Оларда табиғатты қорғау "рентабелді бизнеске" айналыпты. Экология министрлігі бұл елдерде жануарларды қорғаудың экономикалық рентабельділікпен үйлесуі таңқаларлық нәтижелерге әкелді дегенді алға тартып отыр.

Министрлік бұрыннан тиімділігін дәлелдеген табиғи қорықтар мен ұлттық табиғи парктер құруды ескірді деп есептейді.

"Адамзаттың қысымы барған сайын артып келеді, бұл жағдайда аң аулауға тыйым салумен және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құрумен ғана биоәралуандылықты сақтап қалу мүмкін еместігін түсінуіміз керек. Жануарлар әлемін қорғаудың ең сенімді жолы – тиімді аңшылық шаруашылықты ұйымдастыру, оны табиғи аумақтар желісін дамытумен және мемлекеттік бақылау жүйесімен үйлестіру", – деп жариялады экология министрлігі.

Жаңа заң жобасы осы жаңа ұстанымды заңдастыруды қарастырады.

Оған сәйкес, аң шаруашылықтары аңды жабық аумақта, вольерде өсіріп, еркіндікке жібереді. Бірақ артынша олардың ізімен аңшыларды аттандырып, атып тастатқызуға мүмкіндік алады.

Бір ғажабы, осы істің бәріне бюджет қаржысы шығындалмақ, министрлік бұл салаға мемлекеттік субсидия беруді ұсынып отыр.

"Жабайы, тұяқты жануарларды фермерлік өсіру аңшылықтың және ауыл шаруашылығының аса маңызды элементіне және дәстүрлі мал шаруашылығына баламаға айнала алады. Жабайы аңдарды фермерлік өсіру айтарлықтай қаржылық салымды талап етеді. Бұл ретте мемлекет тарапынан субсидия және қолдау тек қызметтің бастапқы кезеңінде ғана қажет болады. Ары қарай шаруашылық өзін өзі ақтауға көшеді. Өзге елдерден айырмашылығы сол, бізде аң аулау парктерін ашу үшін шексіз мүмкіндіктер бар: бұталы бос жерлерді айтпағанның өзінде, миллиондаған гектар жыртылатын жерлер иесіз жатыр және ешкім пайдаланбайды", – деп хабарлайды министрлік.

Бұл жерде бір гәп бар: Қазақстан Конституциясының 6-бабына сай, малдардан айырмашылығы сол, бүкіл жануарлар дүниесі – мемлекеттің меншігі саналады.

Дегенмен, бұл заң жобасынсыз-ақ, бұрыннан аң шаруашылығымен айналысып жүргендер жетерлік. Экология министрлігі оларды қатты аяйды, өйткені олар пайдаға кенеле алмай келе жатқан көрінеді.

"Аңшылық шаруашылығы субъектілеріне орманды пайдалану үшін, жануарлар дүниесі объектілерін алып қойғаны үшін, шаруашылық ішінде аңшылықты ұйымдастырғаны үшін және басқа да әртүрлі төлемдер ауыртпалық түсіруде. Оларға аңшылық, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерін қорғау және өсімін молайту жөніндегі міндеттер жүктелген. Сонымен бірге, аң аулауды пайдаланушыларға өте аз құқықтар берілген. Олар меморгандардың алдында қорғансыз: аң аулауына тыйым салынады, мемлекет өз мұқтажы үшін жерді өтемақысыз алып қояды. Яғни, нақты экономикалық және құқықтық бұрмаланулар бар. Бұл осы салада тұрақты бизнес жүргізуге мүмкіндік бермейді", – деп уайымдайды экология ведомствосы.

Министрлік байламынша, "аңшылық шаруашылығы өзін-өзі ақтай алмауда және аңшылық шаруашылықтың басым көпшілігінің шығыны көп".

Министрлік не ұсынады?

Тұжырымдамада жазылғандай, елімізде "аң шаруашылығын жүргізу шығыны одан түсетін пайдадан 6,6 есеге асып түседі" екен. Басқаша айтқанда, көзіне қан толып, табиғат-ананың түлегін өз қолымен атып не бауыздап өлтіруге ынтыққан адамдар құмарлығын қандыру үшін оларға "құрбан" аңды өсіріп ұсынатындар – нағыз энтузиастар көрінеді. Олар еш пайдасыз, өзіне шығын келтіріп жұмыс істейді.

Бір қызығы, соған қарамастан, салаға инвестиция мол құйылуда: аң шаруашылығы субъектілері өз қызметін дамытуға жыл сайын орта есеппен 2,3–2,8 млрд теңге салады. Рас, мемлекетке түсетін түсім сонша көп емес: олар жануарлар әлемін пайдаланғаны үшін бір жылда республикалық бюджетке жалпы сомасы 150–190 млн теңге төлем жасайды. Салыстыру үшін айтсақ, осы салықты өзге салаларда ірі бір компания-ақ төлеп жүр.

Соған қарамастан, экология министрлігі бұл бизнес түрін мемлекет қорғау керек деп санайды. Осы мақсатта жаңа заң жобасы бұларға бірнеше жеңілдіктер мен преференциялар әкелмек.

Біріншіден, заң аң шаруашылығы субъектілерінің құқықтық қорғалуын күшейтеді. Олар шығарған шығынын мемлекеттен өндіріп алу құқығына ие болады. Екіншіден, ерекше қорғалатын аумақтарға жеке инвесторлар жіберілмек. Оларға жойылып бара жатқан жануарларды өсіру ұсынылады. Үшіншіден, мемлекет шетелдік аң аулау туризмін дамытып, табиғат перзентін – жануарларды өлтіргісі келетін жатжұрттықтарды бізге сапарлауға шақырмақ ниетте. Төртіншіден, жабайы жануарларды аң аулау мақсатында өсіру ісіне мемлекеттік қолдау көрсетіліп, субсидия ұсынылады.

Қанша ақша бермек?

Оның да есеп-қисабы министрлікте бар. Мысалы, "Бұхара бұғысы" бойынша есептемелерге сәйкес, 7 жылдан 18 жылға дейін субсидия төлеу қажет болады. Сонда бұл бұғылар саны 878-ден 6 мыңға дейін көбейеді деп күтілуде. Содан кейін оларды алу-ату шегі анықталады.  Жетінші жылы бірінші партиясы табиғатқа жіберіледі, сол кезден бастап, оларды коммерциялық ату жолға қойылмақ. Бұл ретте осы бизнеспен айналысатын компанияға 7 жылға шамамен жарты миллиард (544 миллион) теңге бюджеттен субсидия берілмек.

"Жетісу қырғауылы бойынша ұқсас есептеулер бар. Бұл құс өңірлерде азайып бара жатыр. Оның саны 226 мың 600-ден 1 млн 150 мыңға дейін көбейеді деп күтілуде. Оны өсірудің екінші жылы табиғатқа шығару және коммерциялық сату мүмкін болады. 7 жыл ішінде бюджеттен төленетін жалпы субсидия сомасы шамамен 212 млн теңгені құрайды. Бұл ретте мемлекеттің тікелей пайдасы 20 млн теңгеден асады. Осыған ұқсас есептемелер мен субсидиялау көлемдерін қағидаларда келтірілген тізбеге сәйкес жануарлардың басқа түрлері бойынша айқындауға болады", – деп хабарлайды Экология министрлігі.

Тұжырымдамада киіктер туралы да айтылған.

Айтпақшы, киелі жануарларды өлтірудің тәсілдерін түрлендіру ұсынылып отыр. Осы мақсатта "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" заңына өзгеріс енгізіліп, аңшыларға, соның ішінде шетелдіктерге вольерлерде өсірілген аңдарды қуалап, аулау кезінде дәстүрлі атыс қаруы сыртында, садақ пен арбалетті пайдалануға рұқсат етілмек.

Жалпы алғанда, Қазақстанда аңшылық фермалар, сафари парктер, "диче-фермалар" өркен жаюы үшін Жер кодексіне және Салық, Экология кодекстеріне түзетулер енгізу жоспарлануда.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу