Мұны АҚШ президенті әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сирия билігінің бұл жоспары Ақ үйде өткен АҚШ президенті Дональд Трамп пен Сирия президенті Ахмед аш-Шараа арасындағы кездесуден соң айтылған.
Ескерте кетейік, Сирия коалицияға қосылатын 90-шы мемлекет саналады. Ұйым "Ислам мемлекетінің" қалған жасақтарын жою және Таяу Шығысқа шетелдік содырлардың келуін тоқтатуды басты мақсат етеді.
Fox News телеарнасының Special Report бағдарламасына берген сұхбатында аш-Шараа аталған сапар Сирия мен АҚШ арасындағы жаңа дәуірдің басталғанына назар аударған. Трамп та сириялық әріптесін қолдайтынын білдірді.
Бұл – қос ел президентінің биылғы үшінші кездесуі. Осыған дейін олар мамырда Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесінің саммитінде, одан соң қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясы сессиясы кезінде өткен ресми қабылдауда жолыққан болатын.