Сиыр еті антирекордқа жетті: 1 келісі "1 мың теңгеден арзан сатылуда"

584

Қағазда – арзан, қазанда – қымбат.

Сиыр еті антирекордқа жетті: 1 келісі "1 мың теңгеден арзан сатылуда" Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Қазақстандық сиыр етінің бағасы антирекорд орнатып, бір келісінің құны 1 мың теңгеден де төмен түсіпті. Онда неге ет десе беті бүлк, жүрегі зырқ ететін қарапайым бұқара базар атаулыны адақтап шығып, мұнша арзан етті таппайды? Өйткені қазақстандық ет осындай "су тегін" бағамен тек шетелге сатылады. Оның өзінде мұндай баға қағаз жүзінде бекітілген. Шынында, қаншаға өткізілетінін ешбір орган білмейді.

Салдарынан ресми статистиканың сиқырлы цифрлары мен нақты нарықтың ащы шындығы арасында жер мен көктей айырмашылық орнады. Ірі қара мал етінің өзгеге неге әлемде жоқ бағаға берілетінін, ал, өзімізге неге алтынмен апталғандай қымбат сатылатынын сараласақ.

Статистиканың қиял-ғажайып ертегісі

Қазақстанның аграрлық секторындағы бүгінгі ахуал – ресми деректер мен шынайы өмірдің бір-бірімен амандаспайтын екі бөлек әлемге айналғанының үздік мысалы. Ұлттық статистика бюросының сүйіншілеуінше, 2025 жылы еліміз шетелге 100 759 тонна ет сатып, 265 миллион 137 мың доллар валюталық табыс тауыпты.  

Бұл "табыс керуенінің" басында статистиканың өзі "ұсақ мал" деп кемсітетін жуас қой тұр. Себебі түсінікті: Қазақстанда ірі қара мал етінің экспорты ұзақ жылдар бойы квоталар, тыйымдар және түрлі реттеуші кедергілердің құрсауында қалып, адымын аша алмай келеді.

Сондықтан экспорттың негізгі үлесі шекараларды еш шектеусіз, еркін кесіп өтетін Шопан ата түлігіне тиесілі болды. 2025 жылы Қазақстан сыртқы нарықтарға қой етінің 34 557 тоннасын саудалап, одан 81 млн доллар кіріс көрді. Орташа экспорттық баға бір келісі үшін шамамен 2,35 долларды немесе 1 200 теңгені құрады.

Жеткізілім көлемі бойынша екінші орында ғана сиыр еті тұр. Шетелге 32 290 тонна ет 127 млн 447 мың доллар сомасына жөнелтілген. Қарапайым арифметика көрсеткендей, орташа экспорттық баға бір келісі үшін шамамен 3,95 доллар (2000 теңгедей) болды.

Қазақстан құс етін де шамалас көлемде экспорттаған – 31 939 тонна. Бірақ мұнда валюталық түсім әлдеқайда төмен: 52 млн 623 мың доллар. Орташа экспорттық баға небәрі 1 келісі үшін 1,65 долларды (шамамен 800 теңгені) құрады. Тіпті Қазақстанның өз ішіндегі дүкен сөрелерінен осы арзан тауық етін таппайсыз. Бұл баға да жатжұрттарға бұйырыпты.

Алайда дәл осы жерде түсініксіз тылсым жайт бой көрсетеді. Шетелге өте арзанға ет сатқан Қазақстан етті шетелден әлдеқайда көп көлемде импорттайды. 2025 жылдың қорытындысында республика шетелден шамамен 164 мың тонна етті 295 миллион долларға (!) сатып алған.

Салыстырыңыз: Қазақстан 100 759 тонна ет сатты. Яғни, көлем бойынша импорт экспорттан бір жарым есе көп болды. Өзімізге жетпейтін етпен әлемді жарылқап жатқан жайымыз бар. Бұл "өзімде жоқ болса да, өзгеге берейін" деген жомарттық па, әлде экономикалық сауатсыздық па? Үкімет осы экспортты еселеп арттыру үшін 2030 жылға дейінгі арнайы бағдарлама қабылдап жатыр. Ел ішіндегі сұранысты өтей алмай отырып, шетелдік нарықтың жыртығын жамауға тырысу – табаны тесік етікшінің өзгеге қымбат туфли тігіп бергенімен барабар-ау.

Сиыр еті – шемішке бағасымен

Нарықтық "жомарттық" мұнымен таусылмайды. Нағыз парадокс осында: қазақстандық сиыр еті шетелге 1 келісі үшін 2 000 теңгеден кетіп жатыр, дәл сол кезде өз дүкендерімізде ол үшін 3 есе қымбат құн сұралады. Аграрлық eldala.kz порталының жазуынша, экспорттық жеткізілімдердегі баға қалыптастыру мәселесі барған сайын көп сұрақ тудырып жатыр.

Өйткені Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы ел 32,3 мың тонна сиыр етін (балғын және мұздатылған) 127,4 млн долларға экспорттаған. Нәтижесінде, орташа баға 1 келісі үшін шамамен 3,95 долларды (Ұлттық банктің бағамымен 1 951 теңгені) құрапты.

Осыдан мазасыз сауал туындайды: егер отандасымыз сиыр етін 4 000 теңгеден таласа-тармаса алуға дайын болса, өндіруші неге оны сыртқа 2 000 теңгеге ғана "сыйлай" салады? Біздегі бөлшек саудада бүгінде сиыр етінің 1 келісінің бағасы 6000 теңгеге дейін жетеді. Мәнісі неде?

Байыбына бойласақ, қазақстандық сиыр етін экспорттаушылар 3 түрлі топқа бөлінеді. Бірінші топ – премиум өнім жеткізушілері: олар тек жоғары маржалы жаһандық нарықтарға сиырдың мәрмәр етінің вакуум қораптарға қапталған кесек еттерін ғана жеткізеді. Бұл еттің 1 келісінің бағасы 13-14 долларға дейін барады. Бірақ мұндай компаниялардың санын екі қолдың саусағымен-ақ санап шығуға болады.

Екінші топ әлдеқайда қомақты. Бұл – сиыр етін жартылай ұша күйінде Орталық Азия елдеріне, негізінен, қырық миллиондай тұтынушысы бар Өзбекстанға экспорттайтын компаниялар. Бұларда баға шамамен 1 келісі үшін 6-8 долларды құрайды.

Ал, үшінші топ – ең көбі. "Көлеңкелі" қайырымдылар немесе статистиканы бүлдіріп, етті 2 доллардан, яғни, 1000 теңгеден арзанға (!) сатып жатқандар да осылардың арасында. Іс жүзінде сиыр еті әлемге өзіндік құнына, кейде тіпті одан да төмен бағаға "сыйға" тартылып жатыр деген сөз.

Оның үстіне бұл бірлі-жарым оқиға емес, жаппай белең алған жайт. Статистикаға сенсек, 2025 жылы Қазақстанның сиыр еті экспортының шамамен жартысы – 15 мың тоннасы шетелге 1 келісі үшін 2 долларға (1 мың теңгеден төмен) сатылып кеткен.

Жария болған бұл дерек басқа сұрақтардың артын түртеді. Су тегінге сату үшін қазақстандық өнімді ілгерілетуге бюджет қаржысын жұмсаудан қандай пайда бар? Оның орнына осы арқылы экспорттаушылар салықтан жалтаруы мүмкін деген болжам шындыққа ұқсайды.

Сарапшылар мұның салық жүктемені азайтуға бағытталған "сұр схемалардың" классикалық көрінісі болуы мүмкін екенін ескертті. Онда қағаз жүзінде бір баға көрсетіледі, мәміле мүлдем басқа бағаны қарастырады. Екі бағаның айырмашылығы ресми айналымнан тыс, мысалы, қолма-қол ақша немесе криптовалюта түрінде табысталады.

Астыртын сөз байласудан мәміленің екі тарабы да ұтады: сатушы салық төлемін азайтады, сатып алушы тауарды тиімдірек бағамен алады.

Бұл жағдайдан мемлекет қатты ұтылады: біраз салықтан қағылады, сиыр етін 2 мың теңгеге сыртқа саттым деген ертегіне сеніп, соны статистикасына енгізеді.

Салдарынан адал бизнес иелері сыртқы нарықта демпингтік бағамен бетпе-бет келіп, бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Оларға шетелде, мысалы, Өзбекстанда немесе Тәжікстанда көлеңкелі бағамен келетін қазақстандық сиыр етімен бәсекелесуге тура келеді.

Шетелдік сатып алушылар "сұр" жеткізушілерді мысалға келтіріп, өнімге әділ бағасын төлеуден бас тартады. Чемодан толы қолма-қол ақшасын ұсынып, одан да дәл сондай схема бойынша жұмыс істеуді талап етеді. Келіссең – кіріске батасың, келіспесең – клиентсіз қаласың. Құжаттағы төмендетілген баға – мемлекеттің қалтасына түскен қол ғана емес, отандық саланың болашағына сомжұдырық соққы.

Сарапшылар бұл көзбояушылықты қатаң тәсілмен жоюды ұсынады: нақты нарықтық бағаларға сүйеніп, салықтарды жете есептеу қажет. Егер экспорттаушы етті 2 долларға саттым деп құжат көрсетсе, ал, сыртқы нарықтағы қалыпты баға 6 доллар болса, онда салықты 6 доллардан есептеу керек. Ұқсас тәсілді Мемлекеттік кірістер комитеті мысалы, шетелден көлік айдап әкелушілерге бұрыннан қолданады.

"Әрине, әзірге мұның бәрі сарапшылардың тұжырымдары ғана. Тым арзан бағаға сатылатынын растау не жоққа шығару тек құзыретті органдардың қолында. Ол үшін экспорттық мәмілелерге мұқият аудит жүргізіп, нақты қорытынды беру керек: төмен экспорттық баға – сиыр етін сыртқа жеткізушілердің қайырымдылығы ма, әлде экспорттағы сұр схемалар ма? Егер соңғысы болса, мұндай құйтырқы мәмілелерге қатысты келісімдегі құнды емес, нақты нарықтық бағаны басшылыққа алып, соның негізінде жете салық есептелуі қажет. Осы тетік бәрін тәртіпке келтіреді", – дейді "ElDala" басшысы Сергей Буянов.

Ол мемлекеттік органдарға "схемщиктерге" ықпал етудің ең қатаң құралын қолдануды – экспорттық лицензиясынан айыруды ұсынады. Мұндай шетін шара кез келген қарау ниетті экспорттаушының есін жиғызар еді. Нарықтық емес, "ыңғайлы" бағамен ымыраласатындарға тосқауыл қойылмайынша, ет экспортының берекесі кірмейді.

Тартымды Түркия нарығы

Қазақстандық сиыр етінің әлемдік нарықтағы абыройын асыратын бағыттар да жоқ емес. Түркия нарығы – осының айқын дәлелі. Түрік туысқан еттің келісін 7 000 теңгеден алуға дайын. Оның үстіне қазақы малдың еті бұл елде "премиалды" санатқа жатады, жоғары бағаланады.

"Елім-Ай Көкпекті" компаниясының құрылтайшысы Болат Бекбердинов етті мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттің баса көңіл бөлуі көңілге демеу болып, оптимизм сыйлайтынын жеткізді. Оның пікірінше, қазақстандық етке қызығушылық көптеген елдің нарықтарында байқалады. Сондықтан бұл сұранысты пайдаланып, экспортты дамыту және сол арқылы бүкіл саланың өсуін ынталандыру қажет.

"Әсіресе Түркия нарығының ашылуына үлкен үміт артамыз. Бұл бағыт қазақстандық өндірушілер үшін шын мәнінде перспективті болуы мүмкін. Себебі, дәл Түркияда бүгінде сиыр етінің ең жоғары бағаларының бірі тіркелуде: бір келісі шамамен 12-14 доллар тұрады. Бұл қазіргі дәстүрлі өткізу нарықтарында бізге ұсынылатын бағадан екі есеге жуық көп. Неге Түркияға сатпасқа?" – деді Бекбердинов.

Алайда бұған дейін сиыр етінің экспорты шектеуге тап болып келді. Бұрын малды тірі күйде шетелге шығаруға енгізілген квоталар тосқауыл болса, 2025 жылы оған қоса еттің өзін де экспорттауға квота енгізілді.

Фермерлер жағдай биыл 2030 жылға дейінгі жаңа Кешенді жоспар іске қосылғаннан кейін өзгереді деп үміттенеді. Құжатта ірі қара мал санын қазіргі 7,9 млн бастан 12 млн басқа дейін көбейту және саланың экспорттық әлеуетін кеңейту көзделген.

Сонымен қатар, экспортаушылардың тілегін биліктегілер естіген сыңайлы. Мемлекет сиыр етін сыртқа сатушылар санын көбейтуге келісті. Ауыл шаруашылығы министрлігі экспорттық квота алу үшін қойылатын талаптарды жұмсартуға кірісті.

Мұндай шешімді вице-премьер Серік Жұманғарин төрағалық ететін Сыртқы сауда және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдады.

Әңгіме экспорттық квоталарды бөлу тетігін қайта қарау туралы болып отыр. Бұған дейінгі ережелер үміткерлерге қатаң талаптар қоятын. Компанияның кемінде 5 мың басқа арналған төл бордақылау алаңы және жекеменшік ет комбинаты болуға тиіс еді. Енді бұл шек 500 басқа дейін төмендетіледі. Бұл – кішігірім фермерлердің де әлемдік нарықтан үлес алуына жол ашады.

Сонымен бірге билік мүдделер теңгерімін сақтауға тырысуда. Бір жағынан экспортты қолдау және саланың дамуын ынталандыру қажет. Екінші жағынан, ел ішінде сиыр басын сақтап қалу және отандық өңдеу кәсіпорындарын жеткілікті шикізатпен қамту маңызды. Бәрі шетелге экспортқа кетіп қалса, ел жағдайы не болады?

Сондықтан ведомствоаралық комиссия Қазақстаннан ірі және ұсақ малдың аналық басын, сондай-ақ ірі қараның бұқашықтарын шетелге, тіпті Еуразиялық одақ елдеріне де әкетуге қойылған тыйымды ұзартты.

Әзірге реттеу сақталып отыр. 2026 жылдың І-ші жартыжылдығына Қазақстаннан сиыр етін экспорттауға 20 мың тонна көлемінде квота бекітілген. Одан артық шығаруға болмайды. Әйтсе де, осы көлемнің өзі қағаздағы арзан бағамен емес, нақты нарықтық бағамен өткізіледі деп үміттену ғана қалады.

Ет бағасының "антирекорды" – бұл экономикалық жетістік емес, қағаздағы көзбояушылықтың айнасы. Ал, елге керегі – статистикадағы арзан ет емес, халықтың дастарқанына жететін қолжетімді береке.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу