Сиыр жылында жер сатуға тыйым салған мораторий бітеді

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында "Әліппе" қайта оралмақ. 

Сиыр жылында жер сатуға тыйым салған мораторий бітеді

Сиыр жылы саяси оқиғадан басталайын деп тұр. Халық жаңажылдық мерекелер мен карантиндік шектеулерден ес жия салып сайлауда дауыс беруі керек. Өз даусын сайлау учаскесіне барып бергісі келгендердің қалтасында жеке қалам болғаны дұрыс.

Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов осылай деп отыр.

Дауыс беру күні процеске қатысушылар:

1) бір реттік медициналық немесе қорғаныс маскалары мен қолғаптарын кию қажет;

2) дезинфекциялаық санитайзерлер сайлау учаскесінде орнатылады;

3) әлеуметтік қашықтық – кемінде 1,5-2 метр;

4) қол алысудан немесе тікелей байланыстың басқа түрлерінен аулақ болу қажет;

5) әркім  жеке автоқалам пайдалану қажет.

Әйелдер зейнетке 60-та шығады

2021 жылдың бірінші қаңтарынан бастап зейнетақы 7 % өседі. Өйткені "2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заң күшіне енеді. Аталмыш заң бойынша, мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 19835 теңгеден 18524 теңгеге көтеріледі. Осылайша ең төменгі зейнетақының нақты сомасы 38 672 теңгеден 43 272 теңгеге өседі. Әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңмен 63-ке дейін жеткізу тәсілін ешкім тоқтатқан жоқ. Сол себепті сиыр жылында 60-қа толған нәзік жандылар зейнетке шығуға құқылы.

Жаңа жылдан бастап АЕК мөлшері мен ең төменгі күн көріс деңгейі инфляцияға қарай өзгертіледі. Осы себепті атаулы әлеуметтік жәрдемақы да өседі. Нақты айтсақ, 4 балалы аналар   қазіргі 44 500 теңгенің орнына 46 700 теңге, бес балалы аналар 55 600 теңгенің орнына 58 400 теңге,  алты балалы аналар 66 800 теңгенің орнына 70 100 теңге, жеті баласы барлар 77 900 теңгенің орнына 81 800, сегіз баласы барлар 88 800 теңгенің орынан 93 300 теңге, тоғыз балалы аналар  100 мыңның орнына 105 мың теңге, 10 баласы бар отбасылар 111 100 теңгенің орнына 116 600 теңге алады.

2021 жылдан бастап ел азаматтары зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ипотекаға, емделуге, жеке компаниялардың басқаруына бере алуы керек болған.  Бірақ оның нақты тетіктері қаңтар айында белгілі болатын сияқты. Әзірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ұсынған жобалар ел көңілінен шығады деп айтуға келмейді.

Екі салық біріктіріледі

1 қаңтардан бастап мұғалімдердің еңбекақысы тағы 25 %-ға артады. Сондай-ақ, елдегі 247 мың медицина қызметкерлерінің айлығы өседі. Ол үшін бір жылдың бюджетіне 222,3 млрд теңге салынған. Осының арқасында дәрігерлердің айлығы 30%, мейірбикелердің айлығы 20% өсуі керек.

Келесі жылдан бастап мүлік және жер салығын бір кодпен төлеуіміз мүмкін. Мемлекеттік кірістер комитеті мамандарының айтуынша, бұл салық төлеушілердің жұмысын жеңілдету үшін жасалып отыр. Яғни,  мүлік салығы да, жер салығы да жойылмайды. Оларды салық мамандары бұрынғыдай жеке-жеке есептейді. Тек төлеген кезде екеуін қосып, бір сомамен өтеу көзделген. Сондай-ақ, келер жылы көпқабатты үйлердің тұрғындары жер салығынан босатылады. Көлік иелеріне биыл 31 желтоқсанға дейін төлеп үлгермеген салығын 2021 жылдың сәуіріне дейін өтеу мүмкіндігі беріліп отыр.

Биыл Парламент депутаттары мен судьялар, квазимемлекеттік сектордағы жоғары лауазымды басшылар, "А" корпусындағы басшылар жалпыға бірдей кіріс және мүлік декларациясын тапсырып бастайды. Осылайша аталмыш тұлғалардың шетелде мүлік пен актив ұстауына бақылау жүргізу көзделіп отыр. https://inbusiness.kz/kz/last/1-kantardan-bastap-deputattar-zhana-deklaraciya-tapsyrady

Жекешелендірудің үшінші толқыны

28 желтоқсан күні  Президент квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторийді бір жылға ұзартты. Яғни бұл секторда жаңа команияның құрылуына тағы бір жыл бойы рұқсат болмайды. Керісінше "ҚазАгро" мен "Бәйтерек" холдингтері біріктіріліп, бір ұлттық компанияға айналады.

Сиыр жылында жаппай жекешелендірудің үшінші толқыны басталуы керек.  Жаз ортасында Ұлттық экономика министрлігі 2021–2025 жылдары жекешелендірілетін республикалық меншіктегі ұйымдардың тізбесі жариялаған болатын. Бұл жоспардың қаншалықты мінсіз орындалатыны эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ. Үкіметтің жаңа қаулысы бойынша,  жекешелендіру кезінде сатылмай қалған мекемені жергілікті әкімдік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында өзі таңдаған заңды тұлғаның басқаруына табыстай алады. Бұған дейін ондай нысандар жай ғана тізбеден шығарылатын. 

QazCovid пе, әлде "Спутник V" ма?

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында  COVID-19 инфекциясынан тәуелсіз өмір сүре аламыз ба? Бұл мәселенің нүктесі ақпан айында қойылуы мүмкін. Жыл соңында "Биологиялық қауіпсіздік проблемалары" ҒЗИ ғалымдары әзірлеген QazCovid-in вакцинасын клиникада сынаудың үшінші кезеңі басталды. Үкіметтің жоспары бойынша, төл вакцинамен жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталуы керек. Ал ресейлік "Спутник V" вакцинасын елімізде өндіріп, екпеге қолдану ақпан айына жоспарланған.

Жаппай егудің алғашқы сапында медицина мамандарының өздері тұр. Олармен бірге педагогтер мен студенттерге, құқық қорғау органы мен  медициналық-әлеуметтік мекемелердің өкілдеріне, созылмалы аурулары бар тәуекел тобындағы тұлғаларға ерікті негізде салынады.

2021 жылдың күзінде мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер қазіргі  "Сауат ашу" пәнінің орнына кәдімгі "Әліппе" мен "Ана тілі" пәндерін оқиды. Яғни, бірінші сыныптың алғашқы екі тоқсанында "Әліппе" оқытылса, қалған екі тоқсанда "Ана тілі" пәні жүреді

29 қазанда Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің  30 жылдығына орай, азаматтарға және жалпы мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасалатынын хабарлаған болатын. Заңгерлердің айтуынша, азаттықтың мерейтойы қарсаңында жеңіл және орта дәрежедегі қылмыс жасағандар мерзімінен бұрын бостандық алуы мүмкін. 

ЕАЭО-ның жаңа стратегиясы     

2021 жылы Еуразиялық экономикалық интерацияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясы күшіне енуі керек. Мұны ЕАЭО-ға мүше елдердің Президенттері желтоқсан айында бекіткен болатын.  Алайда аталмыш құжаттың толық жобасы ешбір ашық көзде жарияланбағандықтан, алдағы 5 жылдық даму бағытымыз қалай болатынын түсіну қиын. Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссияның мамыр айындағы отырысында стратегияның алғашқы нұсқасы Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұнамаған болатын. Мемлекет басшысы стратегияның саяси сипаты басым екенін ескертіп, экономикалық сипатын ғана қалдыру керек деп сынаған еді.  Ал бізге стратегия жобасының қабылданбай тұрып та, қабылданғанан кейін де ешбір ашық көзде жарияланбағаны, көпшіліктің талқылауына ұсынылмағаны түсініксіз. Әзірге ондағы өзгертулер мен түзетулер туралы тек Президенттер мен министрлердің аузынан ғана естуге мәжбүрміз.

Жер тағдыры шешілетін жыл

Сиыр жылы – жерді сату мен жалға беруге жарияланған мораторийдің соңғы жылы.  Олай дейтініміз, Аdilet.zan.kz сайтында Жер кодексіндегі атышулы 24-баптың төрт бірдей тармақшасындағы нормалар тек 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана қаңтарулы болатыны аттың қасқасындай анық жазылып тұр.

Егер заң жобасындағы қызылмен жазылған ескертпелерді алып тастап оқысақ, 2021 жылдың 31  желтоқсанынан бастап:

А). "Мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларына жер пайдалану құқығымен берілуі мүмкін. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін 25 жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады.

Ә). Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесіне жеке меншік құқығын табыстыру ақылы негізде жүргізіледі. (Яғни, сатылады – ред.).  

Б). Сатып алу ақысын толық төлеген тұлғаның жер учаскесімен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған мәмілелердің кез келген түрін жасасуға құқығы бар.

В). Жер учаскелерін сатып алған кезде оның сомасын төлеу мерзімін ұзарту арқылы жүргізілуі мүмкін.

Жұрт көкейінде қазір мораторий күшін жойған соң не болады деген сауал тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің екінші Жолдауында да "Жер шетелдіктерге сатылмайды" деген сөзді айтты. Бірақ жалға беру, қазақстандықтарға сату мәселесін мүлде қозғаған жоқ. Сонда бұл қазақ жері шетелдіктерге  сатылмағанымен, жалға берілуі мүмкін деген сөз бе? Президент мәлімдемесін қайталаған сайын жұрт ішінде осындай сұрақ қайталап қойылып келеді. "Тыңдайтын мемлекет" тарабынан тырс еткен жауап жоқ. https://inbusiness.kz/kz/news/zher-sheteldikterge-satylmajdy-birak

 Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір "Космониторинг" жобасымен әуре боп жүр. Мұхтар Тайжан сияқты жер жанашырлары жүйе дұрыс енгізілсе, елдегі латифундистердің уысындағы жер қарапайым халыққа үлестірілер еді деп отыр. Биыл ілкі жоба Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында сынақтан өтті. Жаңа технологияның көмегімен 4 өңірде 8,3 млн га пайдаланылмайтын жер анықталыпты. 1 қаңтардан бастап барлық өңірлерде космомониторинг іске қосылмақ. Яғни, иесі болса да, бос жатқан жерлердің көлемі бірнеше есе көбейеді деген сөз. Алайда Жер кодексінің даулы баптарына арналған мораторий күшін тоқтатқаннан кейін сол "бос жерлер" шетелдіктерге жалға беріліп кетуі де ғажап емес. Сондықтан жердің тұтастығын ту еткен қазақ қоғамы үшін биыл табанды талап қойып, тындырымды әрекет ететін жыл.

Есімжан Нақтыбайұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!     

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться