Сіз сағынған, жастық шағыңыздың айнасы болған кассеталар дәуірі қайта оралды

1125

Араға ондаған жылдар салып, өндірушілер арасында бірінші болып, Revox магнитофон кассеталарын шығаруға қайта кірісті. Бұл не үшін қажет?

Сіз сағынған, жастық шағыңыздың айнасы болған кассеталар дәуірі қайта оралды Фото: dzen.ru

Швейцариялық Revox Group аудиокомпаниясы таспасында жазбасы бар және бос-таза магнитофон аудиокассеталарының өндірісін қайта бастап жатыр. Осы мақсатта ол америкалық National Audio Company Inc компаниямен күш біріктірді. Нәтижесінде, шамалы уақыттан соң жаһандық нарық бұрынғыдай кассетаға толуы мүмкін.

Қазіргі кезде журналистер, опера және эстрада әншілері, музыкалық студиялар, ди-джейлер, медицина кәсіптері, аудиоинженерлер, сейсмологтар және басқасы аудиожазбаның цифрлық форматын пайдаланады. Алайда сарапшылардың түсіндіруінше, цифрлық тасымалдағыштарға қарағанда, аудиокассеталар дыбысты барынша анық әрі қанық береді.

"Бұл альянстың мақсаты – дыбысты жазу және жоғары сапада ойнату үшін маңызды тасымалдағыш ретінде кассетаны танымал ету және аудионарықты сонымен молықтыру болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін қос компания төл білімдері мен көп жылғы тәжірибесін біріктірді. Соның ішінде National Audio-ның – кассеталарды өндіруде, ал, Revox-тың – мастер-ленталарды қоса алғанда, өте сапалы аудиожүйелер мен музыкалық жазбаларды жасауда мол тәжірибесі бар. Осының арқасында енді тыңдаушылар мысалы, ән тура студияда қалай естілсе, дәл сондай саф таза дыбысты үйінде – кассетадан ести алады", – деп жазды мамандандырылған hi-fi.ru порталы.

Егер үйіңізде қандай да бір ән жазылған (бірақ шайналып қалмаған) су жаңа аудиокассета сақталса, қазіргі заманның ұшан-теңіз мүмкіндіктеріне қарамастан, цифрлық дыбысқа қарағанда кассетадағы аналогтық дыбыс әлдеқайда қанық, айқын, әрі таза екенін аңғарар едіңіз.

Бәсі биік, берері артық болса, онда неге әлем одан жаппай бас тартты? Сарапшылар мұның бірінші себебін жалқаулықтан іздеу керектігін нұсқады: жұрт таспаны тыңдап болған соң кері айналдыруға ерінеді. Екінші жағынан, бұрынғы кезде құрылғылардың кемшілігі кесірінен таспа жиі шайналып, іске жарамсыз болып қалатын. Жаңа жағдайда өндірушілер өнімді ондай олқылықтан ада етуге ниетті.

Америкалық-швейцариялық жаңа одақ музыкалық жазбаларды өндірудің жылдар бойы жетілдірілген аса жоғары сапасын жаңа аудио-ноу-хаумен қабыстыруды жоспарлап отыр. Былайғы жұрт кассеталардан түбегейлі бас тартқанымен, Revox бірінші сыныпты аудиотехнологиялар мен инновациялық дыбыстық шешімдерді қызғыштай қорып, сақтап келеді. Онымен шектелмей, мастер-таспалар өндірумен айналысқан.

Оның National Audio-мен ынтымақтастығы бұқаралық қолданысқа шығарылатын арзан аудиокассеталарды конвейерге қоюға мүмкіндік береді. Осылайша, құлақтан кіріп бойды алар, жанға аса жағымды аналогтық жоғары сапалы дыбысты (базарда сатылатын "самопал" кассеталарды айтпаймыз) сағынған аудиоәуесқойлар аңсарлы арманына жете алуы мүмкін.

Бүгінде Германияның Филлинген қаласындағы Revox фабрикасында National Audio брендімен шығатын аудиокассеталарға арналған магниттік таспаның өндірістік желісі орнатылып жатыр. Өткеннің мұрасын бірінші болып жаңғырту арқасында Revox жазбалы және бос кассеталар нарығын басыбайлы жайлап, даусыз лидерге айналатын болады. Оның кәсіпорны тиісінше, кассета өндіретін ең ірі зауыт саналатын болды.

"Жазбалы кассеталар" дегені нені білдіреді?

Компания REVOX Horch House брендімен төл музыкалық каталогын іске қосуда. Ол музыкалық лейблдар мен әртістер үшін жоғары сапалы өнімдерін ұсынады.

Оларға Type II (Chrome) қоса алғанда, 3 түрлі кассеталық таспа қызмет ететін болады. Ынтымақтастық аясында Revox компаниясы өнімге деген барлық құқыққа қол жеткізеді.

Revox жаңа кассеталарының корпусы Еуропада дайындалып жатыр. Ал, замануи инновацияға құрылған магниттік лентасын өзі шығарады.

"Өзінің ірі музыкалық лейблімен ықпалдаса отырып, Revox кассеталарға жазылған музыкалық релиздердің аса кең ассортиментін 2025 жылғы төртінші тоқсаннан бастап нарыққа шығаруға дайындалуда. Бұл тарихи бетбұрыс жоғары сапада дыбысталатын музыкаға арналған тасымалдағыш ретінде әлемде аудиокассеталарды қайтадан өзекті етеді", – делінген компанияның түсініктемесінде.

Сонымен бірге, коллекционерлер өз қолында ескі кассеталар сақталып қалған қазақстандықтардың одан табыс таба алатынын мәлім етті. Өйткені ауыр дүмпу-биттері сыртында, адамды шаршататын ұсақ-микро дірілдерден тұратын цифрлық музыканың жер-жаһанды жалпағынан басуынан, әрбір "үтіктен" естілуінен қажыған адамдардың бір бөлігі аудиокассета, винил сияқты аналогтық тасымалдағыштармен қатты әуестенеді, солардан ғана жан рахатын табады.

Бірақ таспаны кері төгуден титықтаған былайғы жұрт кезінде оның бәрін еш қиналмай, қоқысқа лақтыра салды. Тұтынушылардың тегіс бас тартып жатқанын көріп, компаниялар да оларды өндіруді қойып кетті. Бұл әрине, осы өнімдердің тапшылығын туғызды.

Нәтижесінде, ата-әжелеріміздің заманындағы винил пластинкалар сияқты, миллениалдар заманындағы аудиокассеталар да енді коллекционерлер мен музыканттар үшін нағыз раритетке айналды. Сондықтан мұндай ескі заттар да жап-жақсы табыс әкелуі мүмкін.

"Раритетке" жататындарының мың сан тыңдалып, қолданыста ұзақ болғандарының бағасы 5-10 мың теңгеден басталады. Сирек кездесетін жазбалар бірнеше жүз мың теңгеге бағаланады. Мұра ретінде жинаушылар Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ермек Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов, Лаки Кесоглу және басқа да танымал тұлғалардың даусы, әні жазылған таспаларды күндіз қолына шам алып жүріп іздейтін көрінеді.

Сатудың қамы қандай?

Жинағыңыз күтілген табыс әкелуі үшін бірнеше шешуші қадамды сақтаңыз: біріншіден, мамандар қолыңыздағы аналогтық жазбаларды сатпас бұрын шағын зерттеу жүргізуге, коллекционерлердің форумдарына тіркеліп, сұрау салуға кеңес береді. Сонда аса құнды альбомды "Olx"-та тым арзанға, 600 не 2,5 мың теңгеге сатып жіберіп, сан соқпайсыз.

Екіншіден, өз аудиокассетаңыздың, пластинкаңыздың жай-күйін тексеріңіз. Бағасына сынықтар, сызықтар, таспасының зақымдалуы және басқасы теріс әсер етеді. Егер түпнұсқалық-оригиналды қорабы сақталса, құны артады.

Қазіргі кезде кейбір студиялар ескі аудиокассетадағы жазбаны жаңасына көшіріп беру қызметін ұсынады. Сататын болсаңыз, бұған жүгінбеңіз: қайта жазылған дыбыс түпнұсқа саналмайды және таза болмайды.

Үшіншіден, бағаға жарнама мен насихат ықпал етеді. Аса құнды жинағыңыз болса, жергілікті газеттер, порталдар мен ақпарат агенттіктерінің редакцияларына шығыңыз: қызықты тақырып іздеген журналистер жинағыңыз туралы тегін-ақ жазуы мүмкін.

Онымен шектелмей, хабарландыруыңызды әлеуметтік желілерде, кәсіби-мамандандырылған форумдарда, Avito сияқты алаңдарда орналастырыңыз.

Хабарландырудағы сипаттама нақты, егжей-тегжейлі болғаны жөн. Әлеуетті сатып алушыларға сатып алмас бұрын жазбаны тыңдап көруге рұқсат етуден қашпаған жөн.

Мұқият дайындалу және нарық ережелерін білу ескі тасымалдағыштарды қомақты ақшаға айналдыруға септеседі. Жазбаларды көтерме сатып, тезірек құтылуға асықпаңыз: оның арасында нағыз інжу-маржан жатуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу