Смайылов АШМ-ға жыл аяғына дейін аусылдан таза ел мәртебесін алуды тапсырды

1828

Бұл жұмыс осы жылдың мамырында аяқталуға тиіс болған. 

Смайылов АШМ-ға жыл аяғына дейін аусылдан таза ел мәртебесін алуды тапсырды Фото: inbusiness.kz

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігіне жыл соңына дейін Қазақстанның аусылдан таза мәртебесін алуды тапсырды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының желісі бойынша Қазақстан ұзақ уақыт бойы аусылдан таза мәртебесін ала алмай жүргенін атап өткім келеді. Бұл жұмысты биылғы мамыр айында аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ ол уақытылы жүргізілмеді. Сондықтан, халықаралық ұйымнан мақұлдау алынған жоқ. Бұл отандық мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу географиясын кеңейтуге, оны өндіруді ынталандыруға мүмкіндік бермейді", – деді Премьер-министр Үкімет отырысында. 

Оның сөзінше, бұл ветеринарлық қызметтің әлсіз жұмысының дәлелі болып отыр. Халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, оның қызметін қайта қарау қажеттігі айтылды.

"Сала көрсеткіштерін қалыптастыру әдістемесі бойынша да сұрақтар бар. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ақпараты бойынша ресми дереккөздердегі мәліметтерде орта есеппен 20%-ға алшақтық бар. Дәл осы мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы санағы жүргізілуі керек. Қазақстанда жүн мен былғары өңдеу саласын дамытуда айтарлықтай әлеует бар екенін атап өткен жөн. Жоғары қайта өңделген өнімдерді шығарудың орнына біз шикізатты төмен бағамен экспорттаймыз",– деп атап өтті Үкімет басшысы.

Осыған байланысты Әлихан Смайылов бірқатар мәселеге тоқталды.  

"Біріншіден, жергілікті атқарушы органдар ауыспалы егістегі, ең алдымен, суармалы жерлердегі жемшөп дақылдарының үлесін кеңейтуді қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыру керек. Екіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринария жүйесін реформалаудың жол картасын әзірлеуге тиіс. Бұдан бөлек АШМ Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікпен бірге ауыл шаруашылығы санағын жүргізу, оның ішінде ақпараттық жүйелерді жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеуі қажет. Санаққа дайындық жұмыстарын биыл бастау керек", – деді.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Индустрия министрлігімен бірлесіп, отандық мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту жөніндегі  шаралар кешенін әзірлеуге тиіс екенін жеткізді.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі осы жылдың соңына дейін аусылдан таза мәртебесін алуды қамтамасыз етуі тиіс. Осыдан кейін мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы енгізген шектеулерді алып тастауға қол жеткізу керек", – деп қорытындылады Премьер-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу