Чехия астанасы Прагада мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты басталды. Дүбірлі дода аясында алғашқы жарыс күні әйелдер арасындағы жекелей сынның қысқа бағдарламасы өтті. Бұл кезеңде барлығы 33 спортшы айдынға шығып, өз шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде ең үздік 24 мәнерлеп сырғанаушы ғана жарыстың келесі кезеңі - еркін бағдарламаға жолдама алды.
Қазақстан құрамасының өкілі Софья Самоделкина қысқа бағдарламада сәтті өнер көрсетіп, 66,95 ұпай жинады. Осы нәтижемен ол аралық есепте 12-орынға тұрақтап, финалдық кезеңге өту міндетін орындады. Бұл отандасымыз үшін маңызды жетістік. Өйткені әлемнің ең мықты спортшыларымен бәсекеде үздіктер қатарына ену оңай емес.
Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша көш басында жапониялық спортшылар тұр. Каори Сакамото 79,31 ұпаймен бірінші орынды иеленсе, оның отандасы Моне Чиба 78,45 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Ал АҚШ өкілі Эмбер Гленн 72,65 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеді.
Енді шешуші кезең - еркін бағдарлама 27 наурыз күні өтеді. Дәл осы сында спортшылардың жалпы нәтижесі анықталып, әлем чемпионатының жүлдегерлері белгілі болады.