Соғыс бітпесе де, Батыс ресейліктерден санкцияларды алып тастауға кірісті

2592

АҚШ "мафияның мүшесі" деп санаған ресейлік әнші Григорий Лепсті, заңдағы ұрыларды және басқаларын санкциялық қыспақтан босатты.  

Соғыс бітпесе де, Батыс ресейліктерден санкцияларды алып тастауға кірісті

Америкада санкциялардың орындалуына жауап беретін орган – АҚШ Қаржы министрлігі санкциялық қара тізімнен әнші Григорий Лепсті алып тастады. Бұл туралы ақпарат реттеушінің сайтында жарияланды. 

Санкциялық тізімде ресейлік әншінің әртүрлі фамилиялары мен лақап аттары берілген. Арасында Лепсверидзе Григорий Викторович, Лепс Григорий, "Гриша" бар. Енді кез келген мемлекетте осы аттардың кез келгеніне берілген ресми құжаттар Батыста Лепсті тұтқындауға негіз болмайды. Американың не себепті пропагандистік әншіге жеңілдік жасап, осындай тосын шешім қабылдап отырғанын министрлік нақтыламады. 

Григорий Лепс Мәскеудің шапқыншылығының алғашқы күндерінен бастап соғысты уағыздауға білек сыбана кірісті. Түрлі пропагандистік концерттермен Ресей өңірлерін аралап, елді жауларға қарсы көтерілуге ("Встанем") шақырды. Аурухананы аралап, Украина майданында жараланған ресейлік солдаттарға дем берді.  Мамыр айында ол тіпті Украинаның аннексияланған өңірлеріне барып, сепаратистермен бірге нысаналарды атқылады. Соловьевтің және басқа да пропагандистердің телебағдарламаларынан жиі көрініп жүр. Яғни, соғыстың өртіне май құюын жалғастырды. 

Лепс америкалық құқық қорғау органдарының қырына бұдан он жыл бұрын іліккен: ақпарат құралдары хабарлағандай, 2017 жылдың соңында АҚШ "Ағайындар шеңбері" (Brothers' Circle немесе Братский круг) атты ресейлік заңдағы ұрыларды және олардың жақын адамдарын біріктіретін құпия қылмыстық ұйымның құрамын жаңартты. Сол арқылы Америка орыс мафиясына қарсы іс-қимылды өрістету және тиімдірек күресу үшін ресейлік бандалардың құрамында кімдер барын анықтап, олардың иерархиясын түзуге талпынды. 

"Братский кругтың" алғашқы құрамын АҚШ сонау 2013 жылғы қазанда ұсынған болатын. Оған 22 адам кірді. Құрама Штаттардың құзырлы органдарының пікірінше, сол адамдар Еуропа, Таяу Шығыс, Африка және Оңтүстік Америка аумақтарында әрекет етеді: олардың міндетіне ресейлік халықаралық қылмыстық желілердің арасындағы дауларды шешу, қаржы ағынын бөлу кіретін көрінеді. Сондықтан олардың бәріне қарсы санкциялар енгізілді. АҚШ азаматтарына Brothers' Circle мүшелерімен бизнес жүргізуге тыйым салынды. Барлық фигуранттарға АҚШ аумағына кіруге рұқсат етілмеді. Олардың активтері бұғатталды. Бұл қатарға ресейлік әнші де жатқызылды.
Артынша Ресей Қырым автономиясына басып кірді, Украинаның Донецк және Луганск облыстарында квазимемлекеттік соғысын бастады. Америка  жаңа 2018жылдың қарсаңында "Ағайындар шеңберінің" құрамын жаңартты. Сонда Лепс шеңберден тосыннан "жоғалып" кетті. Енді міне, санкциядан да құтылып отыр.  

"Атақты әртіс ретінде Григорий Лепс көптеген заңдағы ұрылармен Сочиден бері таныс: ол сонда тұрды, әралуан жұртшылықтың, соның ішінде солардың да алдында өнер көрсетті. Ол ұрылардың көбі Лепстің өнеріне тәнті болса керек. Оның үстіне сонау 1994 жылы Лепстің сочилік заңдағы ұры Рантикті (Рантик Сафарян) жерлеу рәсіміне қатысқаны белгілі. Бірақ әртістің ұрылар әлемінің өкілдерімен қандай бірлескен істер жасағаны белгісіз", – деп жазады ресейлік "Лента.ру" өз дереккөзіне сілтеме жасап.

АҚШ сонымен қатар санкциялық тізімнен ресейлік заңдағы ұры, Вадик Белый бүркеншік атымен белгілі Владислав Леонтьевті де шығарып тастады. Ол 2020 жылы Кипрде жүрек талмасынан өлген. Лента.ру дерегінше, АҚШ Вадик Белыйды кезінде "Братский кругтың" басшысы және шетелдегі орыс мафиясының серкесі деп атаған. 
Американың Қаржы министрлігі Біріккен Араб Әмірліктері берген бірнеше паспорт иелерін де санкциядан шығарды. Бірақ тізімде олардың артында кім тұрғаны көрсетілмеген.

Америкалық санкциялардан "братоктар" Александр Мануйлов ("SASHA SAMARSKIY"), Игорь Шлыков ("SHLYK"), бұдан бөлек атаулары қалың көпшілікке белгісіз бірнеше компания да босатылды. 

Соның қарсаңында Еуропалық Одақ та санкциялық тізімнен Севастопольды аннексиялауға үлес қосқан және соның губернаторы болған, РФ Өнеркәсіп және сауда министрінің бұрынғы орынбасары Дмитрий Овсянниковқа қатысты енгізілген санкцияларды алып тастады. Бұл туралы Еуроодақтың ресми журналында хабарланды .

Овсянников губернаторлыққа дейін "Ростех" мемлекеттік корпорациясының құрамына кіретін түрлі қорғаныс кәсіпорындарында басшылық қызметтер атқарған. Мәскеу Қырым автономиясы құрамында Севастопольды да тартып алғанда, "Ростех" ондағы бұрынғы басшыларды кетіріп, орнына Дмитрий Овсянниковты отырғызуға қуатты лобби жасаған деген дерек бар: РФ мемкорпорациясының аннексияланған Севастополь қаласына қатысты өз мүдделері болыпты. Ақыры губернатор украиналық қалада жергілікті элитаны жеңіп, шаһар басшылығын Кремль мен федералдық үкімет ұсынған кандидатуралармен ауыстырып шыққан. Сөйтіп, өңірдің Ресейге тез интеграциялануына сүбелі үлес қосты. 

Қазіргі кезде еуропалық соттарда, халықаралық арбитраждарда Батыстың санкцияларына қарсы ресейліктер берген талап арыздар, шағымдар қаралуда. Алды жеңіп шығуда: 2022 жылдың қазанында Еуропалық Одақтың соты Овсянниковтың апелляциялық шағымын қанағаттандырды. Ол өзін санкциялардан босатуды талап етті. Себебі бұл оған Еуропа аумағында, соның ішінде Кипрде экономикалық қызметін жүргізуге кедергі келтіріп жатқан көрінеді. Сот шешіміне сәйкес, ЕО орыс байының сот шығындарын толық өтеуге міндеттелді. 

Өз шағымында Овсянников 2019 жылғы шілдеде аннексияланған Севастопольдың губернаторы лауазымынан кеткеннен кейін "өз атының тізімге кіруіне себеп болған функцияларды орындауды тоқтатқанын" алға тартты. Сот оның ұстанымын сенімді деп тапты. Өз шешімін еуропалық сот Овсянниковтың санкцияға негіз болған лауазымды ұзақ жылдан бері атқармайтынымен дәйектеді. Енді аннексияланған өңірді басқарған бұрынғы шенеунік еш кедергісіз Батыс елдеріне сапарлап, тіпті онда бизнес жүргізе алады. 

Бұл қадам Украинаны тіксінтіп отыр. Өйткені бұдан кейінгі ақтау үкімдеріне кең өріс ашқан сот прецеденті түзіліп отыр. Киев болса, Нюрнберг процесі үлгісінде, бұл соғыс біткен соң, шапқыншылыққа қатысы бар Кремльдегі барлық лауазымды тұлғаларды халықаралық сотқа тартудан үмітті. Алайда ресейлік жауапты тұлғалар "қызметімнен кеткен соң ол функцияларды орындауды тоқтаттым" деп ақтала салуы ықтимал. 
Ресейлік "Медуза" төл анонимді дереккөздеріне сілтеме жасап, бұл хабарды РФ билігіндегі және соған жақын тұлғалар үлкен шабытпен қарсы алғанын білдірді. 

"Дереккөзіміз бұл сот шешімін ресейлік шенеуніктер үшін ерекше маңызды деп атады. Өйткені бұл батыстық санкциялардың әрекет ету механизмін көрсетеді. Егер сені лауазымың бойынша санкциялық тізімге енгізсе, лауазымыңнан кет те, санкцияларды сот арқылы алып тастауға талпын. Ресейлік шенеуніктер үшін бұл қызықты. Әсіресе, тікелей соғысқа жұмылдырылмағандары оны қолдана алады", – деп хабарлады ресейлік басылым.

Батыстың мұндай тосын, түсініксіз, түсіндірмесіз қадамдары Украина халқының рухын түсірмегенімен, көңілін қобалжытатыны аңғарылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу