Соғыстың 101 күні: Батыс санкциялары Ресейді күйрете бастады

19681

Сарапшылар агрессорға қатысты жүйелі санкциялар 3 айдан соң нәтиже әкеле бастайды деген, тура 3 ай өтті. Зілбатпан санкциялар солтүстік көршінің еңсесін езіп жатқан көрінеді.

Соғыстың 101 күні: Батыс санкциялары Ресейді күйрете бастады

Мұның мәнісі бар. Санкциялардың кейбірі бойынша аралық кезең белгіленді, кейбірін жүзеге асыру үшін белгілі бір тетіктер іске қосылуға тиіс еді. Оның үстіне Ресейдің өзінде стратегиялық маңызды өнімдердің бірнеше айға жететін мол қоры жасақталған. Ол таусылмай, шектеулерге қыңбайды. Олар түгесілсе, көрші қорларын тез толықтыра алмай, кеңес дәуірінің соңғы кезі мен ХХ ғасыр соңындағыдай "жаппай дефициттің" зардабын тартады.

Ресейлік белгілі экономист, қоғам қайраткері Дмитрий Потапенко бұл жолғы дағдарыс тоқсаныншы жылдардан ауыр болады деп болжайды.

"Неге? Себебі біріншіден, 90-шы жылдары Ресей техникалық дефолт болып, күйзеліске киліккенімен болашаққа деген сенім болатын. Екіншіден, ол кезде Батыс керісінше, көмекке келді. Америка Ресей нарығын "Ножки Буша" аталған арзан тауық еттеріне қарық қылды. Халық аштықтан құтылды. Мемлекет нарықтық жүйеге көшіп, әлемге ашылды, инвесторлар қаптап келе бастады. Қазір жағдай мүлдем керісінше. Инвесторлар жаппай кетіп жатыр. Үшіншіден, ол кезде Ресей Батыстың санкциясында болған жоқ", – дейді ресейлік экономист.

Айтқандай, дәл сол кезде азаматтар шетелден "иномарка" аталған, арзан, ұсталған көліктерді айдап әкеліп, бизнес жасады, орта тап тез көтерілді, ел байыды. Бүгінде Ресей порттары жабылып, шетелдік тасымал шектелуде, одан жаһандық барлық ірі автоконцерндер теріс айналды: зауыттарын да, салондарын да жапты.

Осыған жауап ретінде таяуда Мәскеу мэрі Сергей Собянин шетелдік маркалар орнына енді "Москвич" брендімен "ең заманауи моделдер, соның ішінде болашақта электромобилдер шығарыла бастайтынын" мәлімдеді. Ол елге мазақ болған кеңестік ескі моделдерді құрастыру жоспарланып отырмағанын, оның орнына француздық "Реноның" тастап кеткен заманауи платформасы пайдаланылатынын жеткізді.

"Біз еліміздегі ең үздік саналатын автозауыттан айырылып қаламыз ба деп қатты қорықтық. Өкінішке қарай, "Рено" бізбен қош айтысты. Сондықтан біз осы индустрияны сақтауға ұйғардық. Бізде кезінде "Москвич" шыққанын еске түсірдік", – деді С.Собянин.

Бұл ретте билік француз инвесторының дап-дайын зауытына қытайлар келеді деп үміттеніпті. Алайда өткен аптада "Москвичтердің" өндірісін жолға қоюдың мүмкін еместігі белгілі болды. Өйткені қажетті жабдықтар да, дайын үлгілер де жоқ. Ал "отандық автомобилді нөлден жасау шетелдік әріптестердің қолдауынсыз қолдан келмейді". Осының алдында, 16 мамырда Мәскеу елден кеткен Renault тобының меншігіндегі активтерін национализациялап, орнына "Рено Россия" компаниясын құрды да, француз инвесторының дүние-мүлкін, мәскеулік автозауытын соның меншігіне 1 рубльге сатты. Ресейлік басылымдар "Москвич" маркасымен қытай көліктері – JAC кроссоверлері шығарылатынын жазды. Алайда қытай инвесторлары әзірге одан аяқ тартып отыр.

Ал санкциялық қыспақ үдеп барады. Осы аптада Еуропа Ресейге қарсы санкциялардың алтыншы пакетін енгізді. Арасында ішінара мұнай эмбаргосы бар. Олардың әсері шілде айына қарай анық сезіледі деп күтілуде.

Осылайша, Батыс санкциялары Кеңес одағының мұрагерін де ойсырата бастағаны аңғарылады.

Енгізілген санкциялардың саны мен көлемі жөнінен әлемдік рекордсменге айналған Ресей құрдымға құлдилауын жалғастыруда. Ресейлік сарапшылардың мойындауынша, әзірге ол тұңғиықтың түбі көрінбейді. РФ Экономикалық даму министрлігі 2022 жылғы сәуірде Ресейдің ЖІӨ-сі жылдық мәнде бірден -3%-ға құлағанын мәлімдеді.

Салыстыру үшін айтсақ, биылғы қаңтарда 5,6%-ға, ал ақпанда 4,1%-ға өскен еді. Яғни батыстық санкциялар әп-сәтте, екі ай ішінде Ресей экономикасын прогрестен рецессияға бір-ақ лақтырды. Жалпы алғанда, былтырғы 2021 жылы РФ ЖІӨ-сі 4,7%-ға артқан болатын.

РФ Экономика министрлігі экономиканың лезде кері кетуі "тарихта теңдесі жоқ санкциялық қысымның" нәтижесі екенін көрсетті. Ол көліктік-логистикалық коллапс туғызған, ішкі сұранысты күрт азайтқан.

Мысалы, автокөліктердің бағасының шарықтап кетуі салдарынан Ресейде жаңа көліктердің саудасы бірден 85,4 пайызға құлдырады.

РФ Қаржы министрлігі елдің ЖІӨ-сі санкциялар кесірінен биыл 12%-ға құлайды деп болжапты. Бұл "ондаған жылдық экономикалық өсімді жоюы мүмкін" екен. Ақпарат құралдарына "ағып" кеткен бұл болжамды ведомство енді мойындамай отыр. Біздің Ұлттық банктің аналогы – Ресей банкі 2022 жыл қорытындысында РФ ЖІӨ-сі 8-10%-ға кемиді деп жорамалдайды. Еуропалық комиссия осы жылы РФ экономикасы 10,4%-ға құлайды деп болжады.

Салыстырсақ, дефолт болып, рублі 3,2 есеге девальвацияланған (1 доллар үшін 6,8 рубльден 22 рубльге дейін) 1998 жылы РФ ЖІӨ-сі небәрі -5,3%-ға төмендеген болатын. Ресейлік экономистердің "бұл жолы тоқсаныншы жылдардағыдан да нашар болады" дегені осыдан.

Ресей банкі 2022 жылдың қорытындысында инфляция 17%-ды құрайды деп болжайды.

Белгілі бизнесмен, жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Сергей Костецкий Ресейдің ірі қалаларының өзінде құрылыс алаңдары тоқтап жатқанын айтады.

"Ресейліктер үшін төл баспанасын иелену арманы әрине, алыстай түсті. Елге келетін шетелдік инвестициялар тыйылды. Бұл құрылыс нарығына да әсер етуде. Құрылыс компаниялары жоспарлаған жаңа жобаларын жаппай тоқтатып жатыр, оларға салынып жатқан жобаларды аяқтауға да қаражат жетіспейді. Құрылыс материалдарының тапшылығы туындады. Күрделі конструкциялар, құрылыс материалдары нарығында импорттың үлесі өте жоғары. Кейбір салада жартысынан астамы шетелден тасылатын", – дейді сарапшы.

Қолда бар барлық материалдар күрт қымбаттаған. Құны орта есеппен 50 пайызға көтеріліпті. Сондай-ақ кабельдер өнімінің бағасы – 40-70%-ға, құбырлар мен фитингілердікі – 57%-ға, кондиционерлеу жүйелерінікі – 55%-ға өскен. Осы және басқа да өнімдерсіз ешбір тұрғын үй және коммерциялық мүлік қолданысқа беріле алмайды, онсыз жылу, су, кәріз жүйелерін тарту, электр энергиясымен жабдықтау мүмкін емес. Мұның бәрі шаршы метрлердің құнының шарықтауына соқтырды. Баспана қарапайым халыққа қолжетімсіз болып қалды. Бұған қоса, ипотека да қымбаттаған. Егер соғыс бастағанға дейін Ресейде тұрғын үй заемдары 7-8 пайызбен берілсе, қазір 18 пайыздан арзаны жоқ екен.

Құрылыс саласы экономикалық күйзеліс кезінде экономикаға дем беретін, жұмыс орындарын ашатын, халықтың рухын көтеретін сектор саналады. Оның орнына құрылыс саласы РФ экономикасын ары қарай күйрететін түйткілге айналуда.

Дегенмен бұл тек – қиындықтардың бастауы ғана. Экономистер мен қаржыгерлер Ресейді алда дефолттардың бірнеше толқыны басатынын қаперге салды.

Bloomberg 25 мамырда Ресей үшін дефолтқа қарай кері санақ басталғанын ескертеді. Себебі өткен сәрсенбіде АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Ресейден мерзімі біткен лицензиясын ұзартпай, кері қайтарып алды. Еуробондтарды РФ долларға сатқандықтан, бұл лицензия оған сыртқы қарыздары бойынша есептесуге долларлық есепшоттарын пайдалануға мүмкіндік беретін. Бірақ доллардың иесі – Америка. Тиісінше, ол өз валютасына қатысты кез келген шешімді қабылдауға, айталық, жау елге оны пайдалануға тыйым салуға құқылы.

Бұл ретте Мәскеу қулық жасап, 27 мамырда төленуге тиіс құнды қағаздары бойынша купондық төлемдерін лицензия мерзімі өткенге дейін, бірер күн бұрын төлеп тастады. Алайда 27 мамырда ресейлік облигацияларды ұстаушыларға ол төлемнің сол бойы жетпегені анықталды. Америка тарапының тосқауылдауы нәтижесінде шамамен 100 млн доллар төлем екі ортада "ілініп" қалды.

Сол себепті Ресейге ол төлемін әрі өткізіп, дефолттан құтылуға 30 күн өтпелі кезең берілді. Мәскеу бұл мәселені реттей алмайтынға ұқсайды, өйткені АҚШ-қа қылар қайраны жоқ. Ендеше 27 маусымда Ресейге дефолт болу қаупі төнді. 

Bloomberg Ресейдің бір ғасырдан, 1918 жылдан бері осындай ірі дефолтқа душар болғалы тұрғанын жазады. Себебі 1998 жылғысы – техникалық дефолт болатын. Әлем елдері сонда Ресейге көмекке келген. Ал 1918 жылы жас большевиктер мемлекеті патшалық Ресейдің қарыздарын төлей алмай, бас тартуға мәжбүр болды. Сөйтіп Кеңес мемлекеті дамыған елдерден оқшаулана бастады. Ақпарат агенттігінің сарапшылары "Ресей қайтадан қаржылық оқшаулануға найзағайдың жылдамдығымен жойқын түрде құлдилап бара жатыр" деген байлам жасады.

Өкінішке қарай осының бәрі іргедегі Қазақстанға әсер етпей қоймайтыны сөзсіз. Көршідегі алапат инфляция бізге "экспорталуы", бізде баға қымбатшылығы басталуы ғажап емес. 90-шы жылдары күйзелістің не екенін қазақстандықтар біледі. Олай болса, Смайылов Үкіметі дайын отырса, әзір екенін халыққа жария көрсетсе, жөн. Жаңа Қазақстанда халық пен билік диалогы мықты болады дегені қайда?!

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу