Соғыстың Израильге қаншаға түсіп жатқаны белгілі болды

3372

Бұл елдің Қаржы министрлігі 2024 жыл Израиль үшін 2023 жылғыдан анағұрлым нашар болатынын жариялады.

Соғыстың Израильге қаншаға түсіп жатқаны белгілі болды Фото: green-rg.ru

Қанды қырғынның қарусыз Палестина халқына қаншаға түсіп жатқаны белгілі.

Газаның Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Израильдің әуеден, теңізден және жерден үстемелете соққылауынан тек бір тәулікте кем дегенде 349 палестиналық қаза тапты, 750 адам – жараланды.

Соғыс басталғалы мыңдаған бейбіт тұрғын көз жұмды.

БҰҰ дерегінше, Израильдің бомбалауы салдарынан 6 мыңға жуық бала мерт болды. Соңғы жылдары бірде бір қарулы қақтығыста дұшпан осынша баланы өлтірмепті.

Associated Press хабарлауынша, Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастығы кеңесінің саммитінде сөз сөйлеген Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған "ел тізгінін уысында ұстап қалу үшін тұтас өңірге қатер төндірген" Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяхуды айыптады.

"17 мыңнан астам палестиналықтарды, негізінен балаларды және әйелдерді қырып салу – бұл адамзатқа қарсы қылмыс және әскери қылмыс. Израиль бұл қылмысы үшін жазадан құтылып кетпеуге тиіс. Нетаньяху билігі саяси өмірін ұзарту үшін біздің бүкіл өңіріміздің қауіпсіздігі мен болашағына қауіп төндірді", – деп мәлімдеді түрік лидері.

Бейбіт өмірде Нетаньяхудың үстінен өз елінде қылмыстық іс қозғалған болатын. Бірақ ел басшысы болып қала берсе, оны қылмыстық қудалаудан премьерлік иммунитеті қорғайды. Газадағы соғыс нәтижесінде оның өз еліндегі рейтингтері көтеріліп барады.

Осының алдында америкалық басылымдар, соның ішінде New York Times халықаралық сарапшылардың байламына жүгіне келе, Израильді "Газа секторында геноцид жасап жатқаны" үшін айыптады.

Халықаралық институттар мен гуманитарлық, құқық қорғаушы ұйымдар да осы ұстанымда. Басты жаһандық ұйым саналатын БҰҰ Израильдің тоқтаусыз бомбалауы салдарынан бейбіт тұрғындар қынадай қырылып жатқанын сынап, Израильдің іс-қимылдарын "ұжымдық жауапкершілігі бар әскери қылмыс" деп тануға болатынын мәлімдеді. Әскери сарапшылардың бағалауынша, Израиль шағын Газа секторына күніне орта есеппен 4 мың снаряд пен зымыранды атады.

Халықаралық Қызыл Крест те БҰҰ ұстанымымен келісетінін мәлімдеді.

Amnesty International ұйымы "Израильдің заңсыз шабуылдары, іріктеусіз, жаппай бомбалауы салдарынан азаматтық тұрғындардың жаппай құрбан болып жатқанын құжат жүзінде растағанын" жариялады. Ұйымның қорытындысы бойынша Израильдің бұл тірлігі "әскери қылмыс" ретінде Халықаралық сотта жеке тергелуі керек.

Израиль өзінің әскери шығындарын негізінен жасырады. Кеше мысалы, тек 3 жауынгерінің қаза тапқанын растады.

Еврей халқы ежелден тиын санап үйренген ел. Бұл жолы да жергілікті сарапшылар, экономистер соғыстың еселеп өсіп бара жатқан қаржылық шығынын есептеп әлек. Мұны биліктен қоғам да талап етіп отыр.

Осыған орай кнессеттің (парламенттің) қаржылық комиссиясының отырысында Қаржы министрлігінің бюджет бөлімінің басшысы Йогев Градус Нострадамустың рөлін ойнауға ұйғарды.

Оның болжамынша, Израильдің жағдайының 2024 жылғы нашарлауын зұлматтығы жөнінен тіпті 2023 жылмен салыстыруға да келмейді. Әзірге министрлік "соғыстың құнын екі есе көтерді". Оны өтеу, бюджеттің жыртығын жамау үшін келесі жылы кәсіпкерлерге, секторларға берілетін жеңілдіктер қысқартылып, салықтар күрт көтеріледі деп күтілуде.

"Біз ел тарихындағы драматикалық кезеңді бастан өткерудеміз. Оған тіпті коронавирус кризисі де ілесе алмай қалды. Біз қателестік, жыл бұдан да жақсы болуы мүмкін еді. 2023 жылдың қиындығы 2024 жылғысына тіпті ілесе де алмайды. Сіздер, үкімет пен депутаттар биыл қабылдайтын шешімдердің кейінгі жылдар үшін драматикалық салдарлары болады", – деп Йогев Градус жиналғандардың зәресін ұшыра түсті.

Сөйтіп, Градус соғыс мәселесінде екіге жарыла бастаған израильдік қоғамдағы пікірталастың "градусын көтеріп" жіберді.

Жыл аяқталып қалса да, израильдік парламент елдің жаңа бюджетін қабылдамады. Оның құжатын үшінші және төртінші оқылымға дайындау үшін қаржы комиссиясы қарауда.

Өйткені соғыстың шығыны қайта-қайта өсуде. Газа секторындағы ұрыс қимылдары басталғанда, Қаржы министрлігі "бұл соғыс бюджетке жалпы алғанда 100 миллиард шекельге (шамамен 27 миллиард долларға) түседі" деп бағалаған еді. Алайда соғыс ауқымы кеңейген сайын шынайы шығын одан бірнеше есе көп болатыны анықталды.

Қараша айында Қаржы министрлігі соғыстың 1 күні шамамен 1 миллиард шекель (270 миллион доллар) тұратынын хабарлады. Бұл сомаға тек әскерилердің, резервистердің жалақысын төлеу, шығыстарын өтеу, азық-түлікпен, отынмен, оқ-дәрілермен (снарядтар, зымырандар, оқтар және басқасымен) қамту сияқты тікелей шығындар ғана кірді.

Сол сомаға әзірге әскери техника, қару-жарақ кірмейді. Олар бұрыннан сатып алынған және қоймаларда жатыр, тиісінше, бюджеттен шығысты талап етпейді. Ертең олар тауысылып, жаңа қорларды сатып ала бастаса, жалпы шығын еселеп артады.

Енді міне, қаржылық комиссияның отырысында Қаржы министрлігі соғыстың құнына қатысты жаңа бағасын ұсынды. Кемінде 191 миллиард шекель (51 миллиард доллардан көп). Сарапшылар бұл санның да ақырғы еместігін мәлімдеді.

Себебі, бір апта бұрын Израиль Банкі басқа санды (163 млрд шекель) ұсынған еді.

Израильдік журналист Юрий Легков израилдік тарап "Темір қылыштар" атаған қазіргі соғысты елдің бұрынғы әскери операцияларының шығынымен салыстырды. Мәселен, 2006 жылғы жазда бір айдан астам уақытқа созылған "Екінші Ливан соғысы" тікелей Израиль қазынасына 8,2 млрд шекельге түсті. Бұл көрсеткішке экономиканың жанама шығындары, залалдары кірмеді.

2009 жылы небәрі үш аптадан сәл ұзаған "Құйылған болат" операциясы оның бюджетіне 3,8 млрд шекель шығын келтірді.

2012 жылғы қарашада 7 күн бойы жүрген "Бұлтты баған" операциясының шығыны ресми жария етілмеді. Дегенмен, 1-3 миллиард шекель аралығында бағаланады.

"Мызғымас жартас" операциясы шамамен 50 күн жүрді және 8 млрд шекель шығынды талап еткен.

Бұл жолғы соғыстың ауқымын олардың ешқайсысымен салыстыруға келмейді. Оның үстіне Израиль Газа секторын Палестинадан толығымен бөліп алып, түпкілікті оккупациялау ниетін жариялады. Мұны Премьер-Министр Биньямин Нетанияхудың мәлімдемесіне сілтеме жасап, израилдік "Кан 11" арнасы хабарлады.

"Соғыстан кейін Газада жаңарған Палестина әкімшілігі түгіл, бұдан былай ешқандай Палестина әкімшілігі болмайды", – деді Израиль лидері Газа секторының соғыстан кейінгі тағдырына арналған келіссөздер барысында.

Ол осы ұстанымын кнессет депутаттарына да жеткізді және мұны биік лауазымды америкалық шенеуніктерге жеткізуді тапсырды.  

Қарашада АҚШ Президенті Джо Байден The Washington Post газетінде басқан мақаласында соғыстан соң Газа секторын Хамас емес, Палестина әкімшілігі басқаруға тиістігін нықтай келе, Америка бұл өңірде азаматтық реформалар жүргізуді, демократия орнатуды талап ететінін мәлім етті.

Оның айтуынша, реформалар Палестинаны нығайту, оны тұрақты ету, билігін бүкіл секторға тең тарату үшін қажет.

Ол Газа секторы мен Палестина автономиясы "жаңарған Палестина әкімшілігі" туының астында бірігетінін мәлім еткен.

Израиль болса, басты одақтасының бұл жоспарына түкіріп отыр. Бірақ 2 миллионға жуық тұрғыны қалған өңірді оккупациялап, бақылауда ұстап тұру қыруар шығынды талап етеді. 10 миллиондай тұрғыны бар Израильдің салық төлеушілері мұндай алапат жүктемені еңсере ала ма?

Бұл аз болғандай, Израиль операция ауқымын кеңейте бастады. Кеше ол көрші Ливан еліне жердегі артиллериялармен, әуедегі авиациямен, дрондармен сұрапыл шабуыл жасап, шииттік "Хезболла" радикалды ұйымының нысандарын соққылап қиратты. Ол объектілер арасында, Израильдің сендіруінше, содырлардың инфрақұрылымы, бекіністері, әскери нысандары, қару сақтау қоймалары және басқасы бар. "Хезболланың" штабы да бомбаланды.

Әлеуметтік желіде күйреген тұрғын үйлер бейнеленген бейнежазба тарады.

Бұған жауап ретінде Ливан Израильдің солтүстігіндегі түрлі әскери нысандарға бірнеше зымыран ұшырды. Мысалы, Израильдің бекеті атқыланған. Зымырандардың көбісі нысанасына жетпей, айдалаға құлағаны белгілі болды.

Өткен тәулікте Тель-Авивке де шабуыл жасалды. Израилдік ИТВ 12-ші арнаның хабарлауынша, бұрынғы астанаға кем дегенде 10 зымыран ұшырылған. Оның бәрін "Темір күмбез" әуе шабуылынан қорғаныс жүйесі қағып түсті. Зымырандардың жарықшақтары, бөлшектері Тель-Авивтің бірнеше ауданына, "Макс Пейн" техникалық оқу орнының маңына құлады. Адам шығыны жоқ. Өрт тұтанған. Қаланың солтүстігінде бір адам жарықшақтан жеңіл жараланды.

Сонымен бірге Израиль Газа секторындағы ұзақ, итжығыс соғысқа дайындалуда. Билік қорғаныс бюджетін ЖІӨ-нің 1,5%-ына дейін күрт ұлғайтуға шешім қабылдады. Сарапшылар мұны израильдік экономика көтере алмауы мүмкін деп тұспалдайды. Кішкене Израиль көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағандай болып шығуы ғажап емес.

"Бұл қадам қорғаныс бюджетін жыл сайын 20 миллиард шекельге (шамамен 5,3 млрд долларға) тұрақты негізде арттырып отыруды талап етеді. Оның салдары ауыр болады. Онсыз да соғысқа 190 миллиард шекельден астам бір реттік шығын шығарылғалы тұр. Бір рет соғатын ғаламат "шоктан" Израиль экономикасы естен танып қалмай, еңсеруі мүмкін. Бірақ тұрақты түрде түсетін ауыртпалық ол үшін нағыз проблема", – дейді израильдік The Marker сарапшысы Мейрав Арлозоров.

Оның айтуынша, Израиль милитаристік мемлекетке айналып барады. 2000 жылдардан бері керісінше, қорғаныс шығыстарының үлесін үнемі кемітіп, азаматтық мұқтаждықтарды өтеуге, азаматтар мен кәсіпкерлерге түсетін салықтық жүктемені жеңілдетуге күш салып келген еді. Бұл факторға жоғарғы технологиялардың дамуы қосылып, елдегі өмір деңгейінің екпінді өсуіне ықпал етті.

Енді билік 180 градусқа кері бұрылып отыр. Сарапшылар әскери шығындардың артуы мемлекеттен біріншіден, халықтың қажеттіліктеріне, әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер салуға бағытталатын қаржыны қысқартуды, екіншіден, салықты арттыруды, үшіншіден, мемлекеттік борыш пен бюджет тапшылығын ұлғайтуды талап етеді дейді. Мұның бәрі Израиль экономикасының өсімін тежеп, құрдымға тартады, дағдарыс қаупін туындатады.   

Мемлекеттердің лидерлерінің өз елін дамытып, өз халқының күйін күйттеу орнына көрші халықты қыруға әуестенуі адамзатты ақырзаман жарына жығып тынуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу