Солтүстік Қазақстан майлы дақылдарға ден қоюда

2486

Аймақ әкімі Құмар Ақсақалов 2018 жылы майлы дақылдар алқабын 1 млн гектарға жеткізуді көздеп отыр.

Солтүстік Қазақстан майлы дақылдарға ден қоюда

Еліміздегі астықты үш өңірдің бірі саналатын Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы тазартылған күнбағыс майын өндіруді мықтап қолға алмақшы. Алынған өнімді алыс-жақын шет мемлекеттерге экспорттау да жоспарда тұр. Сол себепті облыста жыл сайын күнбағыс майына қажетті шикізат көлемін арттыруға ерекше назар аударылуда. Биыл облыста 712 мың гектар аумаққа майлы дақылдар егілген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 39%-ға көп.

"Майлы және дәнді-бұршақты дақылдардың астық өндірісімен салыстырғанда екі-үш есе тиімділігі бар. Біз аталған дақылдардың табыстылығын ескере отырып, келесі жылы майлы дақылдар егілетін аумақты 1 млн гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз", – деді Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Естеріңізге сала кетейік, бұл өңірдегі егістік алқабының жалпы көлемі шамамен 4 млн гектарды құрайды. Енді облыс билігі жалпы егістік көлемінің ширегін майлы дақылдардың үлесіне бермек. Әкімнің айтуынша, өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге байланысты арнайы карта әзірленген. Картаға сәйкес биыл 29 млрд теңгеге 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

"Бұл жобалардың біразы пайдалануға берілді. Мәселен, біздің облыста майлы дақылдарды қайта өңдейтін еліміздегі ең ірі зауыт бой көтерді. Бірнеше күн бұрын аталған зауыттың екінші кезеңін – тазарту цехын іске қостық. Алынған өнім толықтай көршілес мемлекеттерге экспортталады. Ағымдағы жылы 100 мың тонна шикізатты қайта өңдеп, тазартылған майды Қытайға экспорттауды жоспарлап отырмыз", – деді Құмар Ақсақалов.

Қытай нарығынан бөлек, май және қайта өңдеуден өткен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері Солтүстік Қазақстаннан көршілес Ресей Федерациясына жеткізілмек.

"Біз ауыл шаруашылығы өнімін экспорттайтын Қазақстандағы ірі өндіріс орталығы болуымыз керек. Себебі еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда Солтүстік Қазақстанның басымдықтары көп. Мәселен, облыспен көршілес жатқан Ресей өңірлерінде 6,5 млн-нан астам адам тұрады. Бұл үш өңір – Түмен, Омбы және Курган облыстары. Біз өнімді аталған өңірлерге экспорттай аламыз", – деді тұрғындарының көп бөлігі ауылдық жерде тұратын өңірдің басшысы.

Майлы дақылдар кластерінен бөлек, Петропавлда жасымық өндірісіне деген қызығушылық артып келеді. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, биыл 223 мың гектарға жасымық егілген.

"Былтыр жасымықтың бір тоннасы 220 мың теңгеден сатылды. Ал аталған өндіріске жұмсалған шығын шамамен 50-60 мың теңгені құрады", – деді Құмар Ақсақалов.

"Жасымықты өсірудің артықшылықтары бар. Алдымен оның пісіп-жетілген уақытын қадағалап отыратын тәжірибелі мамандар керек. Себебі жасымық бүгін егіп, ертең жинап ала салатын өнім емес. Оған ерекше күтім керек. Ал біздің шаруалар бидай өсірумен ғана айналысады. Әйтеуір, жарытып өнім алмасақ та, дәстүрден жаңылмай жылда себеміз. Біздіңше, бұл дұрыс емес. Әртараптандыру деген болу керек. Бірақ ол үшін жұмысшылар білімін жетілдіруі тиіс. Сондықтан қыс мезгілінде шаруаларды партаға отырғызып, оқытатын боламыз", – деді ол.

Облыс басшылығы бидай өсіру бағытында да қосымша табыс әкелетін дәстүрлі емес әдістерді қолданып көрмек. Бұл ретте биоотын шығаратын елге әйгілі "Биохим" кәсіпорны қайта қалпына келтірілуде.

"Тайынша ауданындағы "Биохим" туралы айта кетейін. Кәсіпорын шамамен бес жылдай тоқтап тұрды. Өкінішке қарай осы аралықта оның кейбір бағдарламалық және басқа да жабдықтары жоғалды. Қазір жаңа инвестор мұның бәрін қалпына келтіруде. Бұйыртса, қарашаның соңы немесе желтоқсанның басында аталмыш жоба іске қосылады. Сөйтіп глютен мен крахмал алатын боламыз. Ал келер жылы бұл қатарға биоэтанол қосылады", – деді Құмар Ақсақалов.

Еркебұлан Қыздарбек, Игорь Воротной

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться