Солтүстік облыстар таяу жылдары экономикалық белсенді 170 мыңдай адамнан айырылуы мүмкін

Бек Темір Бек Темір
2788

Алдағы жылдары Павлодар облысынан көршілес өңірлер мен елдерге қоныс аударушылардың саны артуынан аймақта жұмысқа қабілетті және жоғары кәсіби мамандарға тапшылық пайда болмақ.

Солтүстік облыстар таяу жылдары экономикалық белсенді 170 мыңдай адамнан айырылуы мүмкін

Павлодар облысы индустриалды аймақ болғандықтан қашанда жұмыс қолы қажет. Қарапайым жұмыс қолы жалдап әкелсе де табылар, ал жұмбағын көпшілік түсіне бермейтін "баспен" жасайтын шаруалар, соның ішінде соны технологияларды меңгеру, қиын механизмдерді басқара білетін жоғары білікті мамандар ше? Олар қашанда сұранысқа ие. Алайда соңғы жылдары Павлодар облысынан ірі қалалар мен тарихи отандарына от көргендей ағылған тұрғындардың қарасы қалыңдап отыр. Бұл жергілікті өндіріс ошақтарында жұмыс істейтін мамандардан айырылып қаламыз ба деген қорқынышты туындатып отырғаны өтірік емес. Жақында Павлодар облыстық әкімдігінде аймақты 2030 жылға дейін дамытуға арналған келелі жиында бұл өзекті мәселені аймақтық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев та тілге тиек еткен еді. Оның сөзіне қарағанда, еңбекке қабілетті жастардың көршілес мемлекеттерге кетуіне көптеген себептер бар. Мәселен, жергілікті мектептердің түлектері үшін Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарымен бәсекелесу қиын. Көптеген білімді жастар республикалық маңызы бар қалалар мен Астанаға ағылуда. Мұның барлығы айналып келгенде ертеңгі күні өндіріс орындары мен кәсіпорындар жоғары білікті кадр тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келуіне әкеп соқтыруы ғажап емес. Ресейдің шекаралас аймақтарындағы жоғары оқу орындары, әсіресе техникалық білім беретін білім ошақтарындағы сапа әлдеқайда жоғары екенін жақсы білеміз. Әрбір ата-ана өз баласының, әсіресе тізгін ұстарларының техникалық мамандықты игергенін қалайды. Бұған дау жоқ. Алайда сол оқуға жіберген балалары ертеңгі күні қайтып келіп Қазақстанның игілігі үшін еңбек ете ме? Мәселе осында болып отыр.

Жасыратын түгі жоқ, зауыттар мен ақшалы кәсіпорындарда еңбек ететін көптеген басқа ұлт өкілдері қазір тарихи отандарынан баспана сатып алып, жағдайларын жасауға асық. Сол секілді солар балалары оқу бітіре салысымен "балаларыма кетіп бара жатырмыз", "ол жақ зейнетақыны жақсы төлейді", "Қазақстанда туыстарым қалмады, ертең өлсем кім көмеді?" дегендей сылтауларын алға тартып, тарихи отандарына тартып отырады. Оқып келгеннен кейін Қазақстанда түгенше жыл еңбек етесің деген талап қойылатындай балалары "Болашақ" бағдарламасымен оқып жатса бір сәрі. Алайда шетелдегі баласының ас-суын айырып, киім-кешегі және жатар орнын қазақ елінде нәпақа тауып қамтамасыз етіп отырғандарын ешқайсысы ойға алмайды. Осылайша Қазақтан тапқанын шетелге инвестиция қылып отырғандар аз емес. Сондықтан да тарихи отандарын көксегендерге жол жабылмаса да, олардың бізден тапқанын өзгеге салуына жедел түрде заңды бір әрекет жасаған абзал болар.

Павлодардан үдере көшушілердің тағы да бір себебі жергілікті экология мәселесі. Зауыттар қалдықты 100 пайыз сүзіп алатын шетелдік сүзгілер орнатуда, тың технологиялар қолдануда, ауаны ластамаймыз деп ақпарат таратуда. Экологиялық бекеттер жұмыс істейді. Тек экология жақсарып кетті деп айтуға ерте. Әйтпесе, аспаннан "күл" жауа ма? Тіпті, бірнеше жыл бұрын қалаға көршілес орын тепкен ауылда үш басты қозы да туған. Ертеңгі күні үш басты бала туып жатса не істемек? Мұның барлығы жергілікті тұрғындардың көкейлеріне "тез арада Павлодардан қашу керек" деген қитұрқы ой ұялатып отырғаны өтірік емес. Оның үстіне соңғы кезде Павлодарда басқа кеселді былай қойғанда, адам өліміне үкім шығаратын қатерлі ісік ауруы белең алып барады. Бұл аймақта жаңа онкологиялық аурухана салуға итермелеуде. Айта берсе, мұндай себептер шаш-етектен.

Қазіргі басты мәселе мамандарды қайтіп ұстап қалу керек деген сауалдың төңірегінде болып отыр. Ірі кәсіпорындар өздеріне маман дайындау үшін дуалды оқыту бағдарламасы секілді әдістермен колледждердің студенттерін қамқорлықтарына алуда. Гранттар бөлуде. Игілігін уақыт көрсетер.

Жақында баспасөз мәслихатын өткізген ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов те Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында тұрғындар саны азайғанын, егер әрекеттенбесек алдағы бес жылдың ішінде 167 мың экономикалық белсенді адамнан айырылатынымызды қадап айтты. Қазір оңтүстік аймақтардан солтүстікке көш басталды. Тек олар жыртыққа жамау бола аласа жақсы.

Айтып-айтпай не керек, Павлодарда кадр тапшылығы мәселесінің туындауы өзекті болып қалуда. Соңғы кезде бақуаттылық артса да, аталмыш шаруаны шиыру қолдан келмей тұр. Кетем деушілердің көп мәселесі сылтау ғана. Бастысы тілі сайрағандардың жүрегінде "елім" деген сезімнің солуында болып отыр. Бабалары көлеңкесін күнелткендердің балаларының маңдайы күнге тигенде жасап отырғаны осы. Ащы да болсын шындық. Әрине, кетем деген қызды да ұстамайды. Кеткеннің орны толар. Тек қазірден әрекеттенбесе ертең кеш болайын деп тұр. Себебі техниканың тілін білетін мамандардың азайғаны   сезіле бастады. 

Бек Темір

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу