Сөреден сүрілгендер: отандық өнім супермаркеттерде қысым көре ме?

2436

Түркияда супермаркеттерге кірген қазақстандықтар оның түрік тауарына толып тұрғанына таңданады. Одақтастарымыз Ресейде, Беларусьте, Армения мен Қырғызстанда да солай. Неге Қазақстан өз тауарын сөрелерден ысырды?

Сөреден сүрілгендер: отандық өнім супермаркеттерде қысым көре ме? Фото: Максим Морозов

Отандық өнімдердің қазақстандық гипер-супермаркеттердің сөрелерінде тым азайып кеткеніне қатысты мәселе қайта бас көтеруде. Себебі, 2015 жылғы 11 ақпанда Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Елбасының тапсырмасымен барлық өңірде іске қосылған "Қазақстанда жасалған!" акциясының соңы сиырқұйымшақтанып барып, тиылды. Сонда отандық өндірушілерді қолдау мақсатында еліміздегі барлық сауда желілерінде қазақстандық тауарларға арналған желілер жаппай пайда болды. Оның көгілдір түсті эмблемасы да жасалып, сөрелерге жабыстырылды. Жұрт алыстан танып, тартылуы үшін.

"Барша қазақстандықтарға жолдаймын: келіңіздер, патриот болайық, отандық тауарларды сатып алайық!", – деп үндеумен қайырылған еді Н.Назарбаев.   

Ритейл саласындағы бизнесмендер бұл науқанның әкімшілік ресурс күшімен, қысыммен жасалғанын айтады. Әкімдіктердің қызметкерлері тексеріспен келіп, ол сөрелерде тек отандық өнімдер тұруын бақылап кететін болған. Президенттік бастаманы сақтамаған кәсіпкерлерді әкімқаралар мен шенеуніктер қырына алған. Елде билік транзитімен бірге бұл акция да ескінің еншісінде қалғандай.

Сондықтан қазақстандық өндірушілер, мысалы, "Парфюмерлік-косметикалық өнімдерді және тұрмыстық химия тауарларын өндірушілер қауымдастығы" жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі қазіргідей дағдарысты шақта ескі, бірақ ізгі бастаманы қайта көтеріп, қажетке жаратуды және кеңейтуді ұсынады.  

Ескі құралдың "Жаңа Қазақстанға" қажеті бар ма?

Қауымдастықтың байламынша, қажеті бар және ол отандық өндірістің орнықты дамуына, әр сегменттегі отандық нарықты қазақстандық тауарлармен молықтыруға жәрдемдеседі, сондай-ақ тұтынушыларды Қазақстанда жасалған өнімдерді таңдауға ынталандырады

Қауымдастық өкілі Татьяна Заварзинаның айтуынша, жаңа Министрлер кабинетіне осындай өтінішпен шығуға азық-түліктік емес тауарлардың қазақстандық өндірушілерінің көптеген сұраулары түрткі болып отыр. Олар еліміздің ірі қалаларында сауда орындарына төл өнімдерімен кіре алмай жатқандарына шағымданыпты.

"Қазіргі кезде Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы "Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы" №264 бұйрығы күшінде. Оған сәйкес, сауда субъектілері отандық өндіріс тауарларын көрнекі және нақты қолжетімді орындарда орналастыруға міндетті. Сондай-ақ елімізде жасалған азық-түлік тауарларына жалпы сауда алаңының немесе сөрелік кеңістіктің кемінде 30 пайызы бөлінуге тиіс. Бұл норма азды-көпті сақталады және отандық азық-түлік өндірушілердің саудасына, өтуіне игі ықпал етуде. Алайда азық-түліктік емес тауарларды өндіретін отандық өндірушілер де қамқорлық пен қолдауға мұқтаж", – деді ол.

Қауымдастық өкілі бір мысал келтірді. Қазіргі кезде мегаполистердегі супер-гипермаркеттерге кірсеңіз, кір жуу ұнтағы, ыдыс, еден жуу құралдары, тұрмыстық техниканы тазалау құралдары тұрған сөрелерде қалпымен шетелдік, негізінен Ресейде жасалатын батыстық брендтердің өнімдері иін тіресіп тұрады. Ал бүгінде сапалы және қауіпсіз тұрмыстық химия құралдары елімізде де жасалатынын көпшілік біле бермейді. Көз алдында тұрмаса, қайдан біледі?

"Қазақстандық өндірушілер сапалы тауар өндіреді, алайда құны қымбат жарнамалық науқан жүргізуге мүмкіндігі жоқ. Мысалы, "Procter&Gamble" әлемдегі ең ірі жарнама беруші болып табылады, ол жарнамаға 8 миллиард доллардан артық қаражат жұмсайды. Кең ауқымды жарнама арқасында халық соның шығаратын "Fairy", "Head&Shoulders", "Миф" және басқа да өнімдерін жақсы біледі, кең тұтынады. Ал отандық "Effect" атты ыдыс жуу құралы барын не Avrora Cosmetics өнімдерін жұрт біле бермейді. Отандық тұрмыстық химия өнімдері Ресейге, Қырғызстанға экспортталады", – деді Т.Заварзина.

Оның айтынша, мемлекет осы индустрияның қалыптасып, нығаюына қуатты қолдау көрсетіп отыр. Компаниялар салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдаланады.

"Нәтижесінде, құрылғалы бері отандық химия өндірісі 4,5 есеге өсті. Өнім ассортименті де кеңеюде. Қазір Қазақстанда полипропиленнен жасалған өнімдер, каустикалық сода, тұз қышқылы, шампуньдер, косметикалық бұйымдар және басқасы шығарылады. Нарық сұранысына сай келетін сапалы өнімдер жасалады. Президент Қ.Тоқаев мемлекеттің қосымша директивті шараларды қабылдайтынын айтты. Үкімет осы жұмысты тездетсе дейміз. Отандық бизнестің әлеуетін арттыру қажет", – дейді қауымдастық өкілі.

Өз кезегінде бизнес "өндіріс көлемімен қамтамасыз ету, бағаларды ұстап тұру, адамдарға жұмыс беру, салық төлеу және басқа да міндеттемелер алуға дайын" екен.

Ұсыныс біреу: жалпы сауда алаңының немесе сөрелердің кем дегенде 30%-ын отандық азық-түліктік емес тауарларды өндірушілердің өнімдері үшін заң жүзінде бекітіп беру.

Ритейл не дейді?

Еліміздегі танымал супермаркет желісінің атқарушы директоры Руслан Кәрібаев бұл идеяны қолдамайды.

"Отандық өндірушілермен ынтымақтасып көрдік, бірақ одан бас тартуға тура келді. Себебі, өнімдерін уақытылы жеткізбейді, сөрелер бос тұрады. Оның үстіне ассортименті де бай емес. Бұл тұтынушының көңіл-күйіне теріс әсер етеді. Клиенттер бізге келуді қойса, өзге бәсекелестерімізге ұтыламыз. Сөрелерді жалға беруден табыс табамыз, басты бір кіріс көзіміз осы. Кез келген жеткізуші келісімге отырып, оны ала алады. Енді осы нарықтық қатынастарға әкімшілік ресурсты араластыру қажет емес деп санаймын. Біз онсыз да отандық азық-түлік өнімдеріне сөрелеріміздің 30 пайыздайын бердік. Тағы отыз пайызын отандық азық-түліктік емес тауарларға брондап қойсақ, бизнесіміздің рентабельділігі құлдырайды", – дейді ол.  

Оның орнына бизнесмен мемлекетке нарықтық тәсілді таңдауды ұсынады: бірқатар елдердегідей отандық тауар үшін сауда алаңының арендасын субсидиялауы қажет.

Бұдан бұрын "Magnum Cash&Carry" бас директоры Александр Гарбер де осы мәселеге пікір білдірген болатын. Оның байламынша, қазақстандық ритейл ресейдікінен он жылға арттап қалды. Еуропалық елдердің шаңына да ілесе алмайды.

"Осының бәрі тауар өндірушілерге кедергі келтіреді, ғаламат резервке ие өңіраралық кооперацияның артуын тежейді. Ірі қалаларда, әсіресе, өңірлерде супермаркеттер жетіспейді. Ритейл саласы тиісті қолдау көрмегендіктен, жете дамымады. Аймақтағы өндірушілер сөрелік кеңістікке қатты зәру. Содан сөрелерге жіберудегі әділетсіздік туралы мәселе туындап жатады. Сөрелер жетіспегендіктен оған қол жеткізуде де бәсеке туындайды. Шынында, сөрелер тапшы. Біз мысалы, тілек білдірген барлық өндірушілердің өнімін тегіс орналастыра алмай жатамыз", – деді ол.

Жалпы, Үкімет алда отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелерін пысықтамақ. Әзірге, Сауда және интеграция министрлігі өңірлерде көтерме-тарату орталықтары салынып жатқанын, соның арқасында бүкіл еліміз бойынша "Қазақстанда жасалған" тауарлар үшін кең ауқымды өнім өткізу жүйесі құрылатынын еске салды.

Жанат Ардақ