СOVID-19. Қазақстандағы ахуал

10569

ПТР-тест алудың тәсілі орта жолда өзгерді  

СOVID-19. Қазақстандағы ахуал
Денсаулық сақтау министрлігі пневмониямен ауырғандарды қандай санатқа жатқызарын білмей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан ақыл сұрап отыр. Халықаралық ақпарат құралдарының қысымы министрлікті осындай қадамға мәжбүрлесе керек. Оның үстіне елдегі эпидемиологиялық жағдай да ведомствоны тығырыққа тіреп отыр. Жыл басынан бері пневмониямен ауырғандар саны 100 мың адамға жақындаған. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен  қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев осындай ақпарат айтты. 

"Қазіргі уақытта ауыр жағдайдағы науқастарымыз реанимация және анестозиология бөлімдерінде жатыр. Олардың саны – 306. Ауыр жағдайда 265 адам, өте ауыр жағдайда 41 науқас жатыр. Жасанды өкпе аппаратына 67 науқас, инвозивті емес жасанды өкпе аппаратына 133 сырқат қосылған. Өз бетімен демалатын, аксогенді терапия алып жатқан 106 сырқат, өзі күшімен демалатын 9265 сырқат бар. Бірінші жартыжылдықта пневмониямен 98 мың адам сырқаттанған болатын. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 50 пайыздан жоғары",  деді ол онлайн-брифингте.

Брифинг барысында Тимур Сұлтанғазиев қанша дәрігердің тиесілі өтемақы алғанын айтып бере алмады.

Журналистердің бірнеше қайтара қойған сұрағына сырғытпа жауап беріп, жалтарған маман "Сізбен жеке байланысқа шығамын" деп құтылып отырды. 

"Біздің қолымыздағы деректер бойынша 51 дәрігер коронавирустық инфекция жұқтырып қайтыс болды. Біз әріптестеріміздің отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Барлық қайтыс болған дәрігер мемлекеттік наградалармен марапаттталды. Індет жұқтырған медицина мамандарына өтемақы төлеудің механизмі бар. Өңірлік комиссиялар әрбір жағдайды қарап, ауру жұқтыру және қайтыс болу жағдайларын зерделеп, Денсаулық сақтау министрлігіне қаулысын жібереді. Дәрігердің инфекцияны қызметтік міндетін атқарып жүргенде жұққаны анықталуы керек. Қазір осы деректерді сәйкестендіріп жатырмыз. Осыдан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан өтемақы төлеу туралы хат жіберіледі", – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Денсаулық сақтау министрлігі мамыр мен маусым айларында ПТР-тест зерттеулерін жылдамдату үшін адамдарды топтап тексеріп келген. Мұны мамандар өз арасында "пулинг" технологиясы деп атайтын көрінеді. Бір қызығы, араға бір ай салып ведомство бұл тәсілден бас тартып, қайтадан әр адамның талдауын жеке зерттеуге көшіпті. 

"Маусым айында тест жасау үшін "пулинг" деген технология қолданылған болатын. Ол тәсіл бойынша, мысалы, 5 адамның талдауларын бір пробиркаға салып, тезірек  анализ жасаған болатынбыз. Мамыр және маусым айларында күнделікті ПТР-тестің үлкен мөлшерін көрген болатынбыз. Ол кезде біз профилактикалық скринингтер жүргізген едік. Симптомдары жоқ, сырқат емес немесе науқаспен байланыста болмаған ұжымдарда тексеріс жүргізу кезінде мұндай технология  дұрыс болған еді. Ал қазіргі уақытта біздің тестілеу тактикамыз өзгерген. Маусым айының соңынан бастап жаңағы  коронавирустық инфекциялардың саны жоғарылағаны байқалуда.  Сондықтан мұндай технологияны жүргізу қажет болмай қалды. Сондықтан біз бөлек-бөлек,  әрбір адамға жеке зерттеулер жүргізе бастадық. Соның әсерінен тестілеудің мөлшері біршама азайғанын көріп отырмыз. Мұны шешу үшін алдында да айтқанымыздай, Үкімет резервінен қосымша қаражат бөлінген. Комитеттің зертханаларына қосымша ПТР-анализаторлар сатып алынатын болады. Сол құралдар келгеннен кейін тестілеу мөлшері үлкейеді. ПТР-анализаторлар мен 1,2 млн тест жүйесін сатып алу үшін 15,6 млрд теңге бөлінген болатын",  деді комитет төрағасы.

 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу