Стати сарсаңға салды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3177

Жарты миллиард доллар Қазақстанның қалтасында қалатын болды.  

Стати сарсаңға салды

Қазақ елі ағылшынның жаһандық құзыры бар сотының көзін біздің елімізден қыруар қаржы талап еткен молдавиялықтың алаяқ екеніне жеткізді.

Жаһан тарихында тұтас мемлекеттен талап етілген аталған сома сонша ғаламат болмағанымен, мұны зор еңбек және үлкен жеңіс деп санауға болады. Себебі біріншіден, молдавиялық азамат бұған дейін Қазақстанға қарсы дауында арбитражда жеңіп шыққан болатын. Екіншіден, қазіргідей күйзеліс ұзаған кезеңде Қазақстан үшін жарты миллиард доллардың өзі қомақты қаржы саналады. Үшіншіден, егер ел үкіметі сол өтемқаржыны дауласушыға төлеуге мәжбүр болғанда, соның кесірінен, республикадағы әлдебір әлеуметтік нысанның құрылысына не әлдеқандай маңызды жобаның жүзеге асырылуына нұқсан келіп, зардап шегуі мүмкін еді. Себебі отандық басты экспорттық тауары – мұнайдың бағасы жоғары өрлеу орнына, тіпті елу долларлық межесінен төмен түсе бастады.

Енді міне, Қазақстан Молдова азаматына 500 млн доллар өтемақы төлеу туралы арбитраждық шешімнің заңсыз екеніне ағылшын сотын сендірді. Мұның өте қиын екенін айта кеткен абзал. Себебі Батыста арбитраждар сатылмайтын, пара алмайтын, адал судьялар саналады. Өйткені олардың қызметінің құны қымбат, олар онсыз да ай сайын миллиондаған доллар пайда табады, тиісінше, параға көп қызықпайды, оның орнына аста-төк табыс әкелетін арбитраждық лицензиясынан айырылып қалудан қорқады.

Сондықтан Қазақстанның қорғаушылары басқа тәсілді пайдаланған, олар арбитраж шешімі молдавиялықтың алаяқтық әрекеттеріне негізделуі мүмкіндігін дәлелдеп бақты. Яғни әлгі даукес судьяны алдаған болып шықты.   

Егер оқиға тарихына шолу жасай кетсек, 2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық трибунал Молдова азаматы Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарды және Қазақстанды оларға 500 млн доллардан астам өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұл хабар батыс ақпарат құралдарында жарияланды. Әрі оны қазақ елінің сүрінгеніне масаттанатын, сол үшін "тасадан тас лақтыратын" қастары барынша таратып, түсіндіріп бақты.

Бірақ мемлекетіміз жігері жаншылып, салы суға кеткен жоқ. Қайта "Ұлыбританияның әділ сот төрелігінің Жоғарғы сотының Корольдық орынтағының сот алқасының шаруашылық істері жөніндегі палатасына" қарсы шағым түсірді. Ақыры қысқартып, "ағылшын соты" аталатын осы палата 2017 жылдың 6 маусымында Қазақстан Республикасының талабының негізі барлығын растады және алаяқтық фактілерінің ашылуына байланысты алдыңғы шешім Англияның бұқаралық әділдік тәртібіне қарама-қайшы келетінін атап өтті.

"Шағымданушылар пайдасына шешілген ол шешім "алаяқтық жолмен алынды" деп санауға сенімді негіз бар. Тиісінше, әділ сот төрелігі мүддесі үшін алаяқтық факті туралы дәйектемелерді зерделеп, қарау қажет" делінген ағылшын сотының үкімінде.

Ал бүгін Лондонның Жоғарғы соты дауласушыларға Қазақстанның пайдасына жатқызылған сот шешіміне қарсы шағым енгізуге тыйым салып тастағаны жария болды. Ағылшын соты бұл үкімін 27 маусым күні шығарыпты. Ендеше, халықаралық арбитраждың жарты миллиардтық өтемақы туралы шешімі орындалмайды. Британдық судьялар Анатол Стати тобы алға тартқан төрт дәйектемесінің бірде бірін салмақты деп таппаған. 

Айтқандай, Анатол Стати даукес өтемақы ретінде Қазақстаннан үш миллиард доллар талап еткен болатын. Әрине жарты миллиард та оның қалтасын теспейтін. Бірақ оның осы өтемақыға да лайықты еместігін білетін Қазақстан тарапы дауды арбитражда қарау аяқталған соң да іздене жүріп, ақыр соңында әлгі алаяқтың басқа арбитраждардағы сот үдерістеріне де қатысқанын және ол дауларда да оның мүддесін белгілі бір заңгерлер тобы ілгерілеткенін анықтайды.

Анатол Стати Қазақстандағы газ өңдеуші зауытқа (ГӨЗ) қатысты ел үкіметінің басын шетелдік сотқа сүйреген болатын. АҚШ бастамашылығы арқасында жүзеге асқан ақпаратты жария ету процесі нәтижесінде Қазақстан ГӨЗ-ді тарта отырып, алаяқтық схема жасалғанын дәлелдейтін деректерге қол жеткізді.

Жаңа дәйектемелерге сәйкес, Анатол Стати Perkwood атты ағылшындық "жалған кәсіпорынды" пайдалана отырып, газ өңдеуші зауыттың құрылысына жеткізілген құрал-жабдықтардың құнын 100 млн долларға асыра бағалайды. Шындығында, ол жабдықтарды нарықта адал жұмыс жасайтын басқа тәуелсіз неміс компаниясы өндірген және жеткізген. Бұл ретте оның бағасы әлгі соманың шағын бір бөлігін ғана құраған.

Мұнымен тоқтап қалмаған алаяқ жалған басқарушылық қызметтері үшін 44 млн доллар сыйақы төлейді. Сондай-ақ шын мәнінде болмаған құрылғылар үшін тағы 72 млн доллар ақы аударады. Бұл жалған төлемдер Анатол Стати компаниясының қаржылық есептілігіне енгізілген.

Осы арқылы дауласушылар Қазақстанға инвестиция құю бойынша ірі қаржылық ағындарды қолдан жасаған. Бірақ ол қаржылар Қазақстанға келмей, Анатол Статидің пайдасына бағытталып отырған. 

ГӨЗ құрылысы Молдова азаматының компаниясының облигацияларын шығару (құнды қағаздарын сату) арқылы тартылған қаражаттар есебінен ішінара ғана қаржыландырылған. Кәсіпкерсымақ осы арқылы өз облигацияларын ұстаушылардан 400 млн доллардан астам қаражат алған. Олардың бәрі бұл қаржылар Қазақстандағы іскерлік операцияларға жұмсалып жатқанына бек сенімді болған және сәйкесінше, оның алаяқтық әрекеттерінен еш хабардар болмаған.  

Оның үстіне Анатол Стати Perkwood жалған компаниясының өз фирмасымен "аффилирленгенін", қазақша айтқанда, сыбайласқанын жасырып қалған.

Шетелдегі соттарда Қазақстанның мүдделерін қорғауға жауапты орган – әділет министрлігінің басшысы Марат Бекетаев бұл хабарды қуана қарсы алғанын білдірді:

"Басты мәселе – "Қазақстанға енді бес жүз миллион доллардан астам өтемақыны төлеу қажет пе?" деген сауал болса керек. Оның жауабы – төлеудің керегі жоқ!" деді министр. Ол Қазақстанның ұстанымының дұрыстығын дәлелдеу қолдан келетініне сенімді болғанын айтады.  

"Біз Бас прокуратурамен жұмыс жасай отырып, қылмыстық әрекет жүзеге асқанын растайтын құжаттардың бір бөлігін жинай алдық. Бірақ процесс осымен бітпейді, жалғасады: біз басқа елдерге де сұраулар бағыттайтын боламыз!" деп хабарлады әділет министрі Марат Бекетаев.

Әділет министрлігі таратқан ақпарға жүгінсек, Қазақстан Республикасы өзіне қарсы дауласушылар тарапынан алаяқтық әрекеттер жасалғанын мойындату үшін ары қарай жұмысты жалғастырады. Бұл бойынша тыңдаулар алдын ала 2018 жылдың қазанына тағайындалған.

Қазақ мемлекетінің мүдделерін қорғау және ұсынуды әділет министрлігі қамтамасыз етуге міндетті. Ол өз кезегінде Herbert Smith Freehills LLP халықаралық заңгерлік фирмасының қызметіне жүгініп отыр.  

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу