"Странджа" турнирі: Қазақстан боксшыларының ширек финалдағы нәтижелері белгілі болды

184

"Странджа" турнирінде Қазақстан ерлер құрамасының боксшылары ширек финалда шаршы алаңға шықты.

"Странджа" турнирі: Қазақстан боксшыларының ширек финалдағы нәтижелері белгілі болды Фото: boxingkazakhstan

Болгарияда өтіп жатқан додада 20 қазақстандықтың ішінен тек екеуі ғана жартылай финалға жолдама алды. Күн тәртібінде 10 отандасымыздың жекпе-жегі жоспарланған еді.

50 келі салмақта ел чемпионы Даниал Сәбит ширек финалда Түркия өкілі Улас Ялчинкаямен қолғап түйістірді. Екі раунд қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы айқын басымдық танытып, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Қарсыласы қабағындағы жарақатына байланысты жекпе-жекті жалғастыра алмады.

Ал 55 келідегі Бағлан Кенжебек моңғолиялық Билгуунсейхан Хархууга қарсы өткен кездесуде 0:5 есебімен жеңіліп, жарысты аяқтады.

Әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллинов те ширек финалдан аса алмады. Ол Әзербайжан боксшысы Малик Хасановқа 0:5 есебімен жол берді.

70 келіге көтерілген Мұхаммедсабыр Базарбайұлы АҚШ спортшысы Лавант Броулимен болған жекпе-жекте 0:5 есебімен ұтылып қалды.

Жағымды жаңалықты Фарух Тоқтасынов жеткізді. Германиялық Рэнди Ботикалимен өткен тартысты кездесуде ол 4:1 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты. Айта кетейік, Фарух – осы турнирдің 2025 жылғы күміс жүлдегері.

85 келіде Сұлтанбек Айбарұлы әлем чемпионы Акмалжон Исроиловпен жұдырықтасты. Бірінші раундта белсенділік танытқанымен, жекпе-жек 0:5 есебімен қарсыласының пайдасына шешілді. Осы салмақтағы тағы бір қазақстандық Бекзат Таңатар украиналық Матвей Ряжбаға 0:5 есебімен есе жіберді.

90 келіде Дәулет Төлемісов АҚШ өкілі Джозеф Авинонгиамен кездесіп, 0:5 есебімен жеңілді. Нурмагамед Юсупов та өзбекстандық Самир Собировтан 0:5 есебімен ұтылды.

Аса ауыр салмақта (+90 келі) Нұрлан Сапарбай өзбекстандық Озодбек Әлиевке 0:5 есебімен жол берді.

Осылайша, ширек финал қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасынан екі боксшы ғана жартылай финалға өтті. Енді олар турнирдің жүлделері үшін таласты жалғастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу