Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан халықаралық турнирде қазақстандық боксшылар осындай қызық оқиғаны тіркеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ағайынды спортшылар Нұрлан және Даниял Сапарбай (+90 келі) өзара жекпе-жек өткізуге шықпады. Басты себеп – Даниял Сапарбайдың шаршы алаңға шығудан бас тартуы. Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі сондықтан да Нұрлан Сапарбайдың автоматты түрде жарыстың ширек финалына жолдама алғанын хабарлады.
Еске салайық, "Странджа" кубогы – әуесқой бокс әлеміндегі ең беделді додалардың бірі. Тіпті, оны бейресми түрде "кіші әлем чемпионаты" деп те атайды. Биылғы жарыс 1 наурыз күні өз мәресіне жетпек.
Аталған турнирге Қазақстан құрамасы сапынан 39 спортшы қатысып жатыр. Олардың 19-ы ерлер арасында бақ сынаса, 20-сы – әйел.