Су саласын басқару жүйесіне институционалдық өзгерістер енгізіледі

1582

2023 жылдың соңына дейін Қазақстанда су саласын басқарудың мемлекеттік жүйесінде институционалдық өзгерістер жүргізіледі, оның шеңберінде су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларын нығайту және Су кодексін әзірлеу жоспарлануда. 

Су саласын басқару жүйесіне институционалдық өзгерістер енгізіледі

Су саласын дамытудың үш жылдық жобасы әзірленіп, Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында өзгерістер болады, оның жанынан салалық талдау орталығы ашылады.

Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Серікқали Брекешев мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.

"Біз су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлейміз, оған институционалдық сипаттағы да, практикалық қолдану мәселелері де кіреді. Біріншіден, су ресурстарын басқарудың қолданыстағы институционалдық жүйесі басқарудың барлық функционалдық кешенін, атап айтқанда талдау, жоспарлау, іске асыру, бақылауды іске асыруға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты, 2023 жылдың соңына дейін су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларын нығайтуды, сондай-ақ жаңа Су кодексін әзірлеуді көздейтін су саласын басқарудың мемлекеттік жүйесінде институционалдық өзгерістер жүргізу ұсынылады. Жаңа Су кодексімен жұмысты бастадық", – деді Брекешев.

Сонымен қатар ғылыми-зерттеу, талдау және жобалау жұмыстарына негізделген су саласының ағымдағы жағдайын кешенді жүйелі бағалау үшін Экология министрлігі Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын трансформациялауды жүргізеді және оның жанынан су саласының салалық талдау орталығын ашады. Ал білікті кадрларды даярлау үшін М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің базасында гранттар бөле отырып, базалық бейіндік ЖОО-ны айқындау мәселесі пысықталуда.

Сонымен бірге Брекешев су ресурстарын тиімді пайдалану және ысырабын қысқарту үшін 2023-2025 жылдары неғұрлым стратегиялық маңызды су шаруашылығы жобаларын іске асыруды ұсынды.

Атап айтқанда, бұл сегіз жаңа су қоймасын салу, 16 апатты ГТҚ қайта жаңарту, 120 суару каналын жөндеу, суды бөлу және есепке алу процестерін цифрландыру және автоматтандыру. Сондай-ақ суды үнемдеу үшін су үнемдеу технологияларын қолдануға және су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыратын тарифтерді белгілеу қажеттілігіне баса назар аударылатын болады.

"Тариф су тұтынушыға судың экономикалық құндылығы бар екенін және оны ұтымды пайдалану керектігін көрсетуі керек", – деді министр.

Жасын Қалибек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу