Су үнемдегендерді қолдауға 214,6 млрд теңге бөлінетін болды

363

Сонымен қатар, су беру қызметінің құнын да субсидиялау көзделген. 

Су үнемдегендерді қолдауға 214,6 млрд теңге бөлінетін болды Фото: eldala.kz

Су ресурстары және ирригация министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында су үнемдеу бағытында қабылданып жатқан шараларды мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министрлік мәліметінше, мемлекет су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыруға күш салып келеді.

– Атап айтқанда, фермерлердің су алу және беру инфрақұрылымын жүргізуге, су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға жұмсаған шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, пайдаланылатын технология мен тарифке байланысты су беру қызметінің құны субсидияланады, – делінген хабарламада.

Су ресурстары және ирригация министрлігі су үнемдегендер үшін бөлінген қаржы туралы да ақпарат берді. 2026-2028 жылдарға су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған инвестициялық субсидияларға 214,6 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде:

• 2026 жылы – 58,5 млрд теңге; 
• 2027 жылы – 74,6 млрд теңге; 
• 2028 жылы – 81,5 млрд теңге субсидия ретінде жұмсалмақ.

Сонымен қатар, су беру қызметінің құнын да субсидиялау көзделген. Бұл мақсатқа жалпы 13,5 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 2026 жылы – 4 млрд, 2027 жылы – 4,7 млрд, 2028 жылы – 4,8 млрд теңге бөлінеді.

Одан бөлек, су үнемдеген шаруаларға суарау құрылғылары жеңілдікпен сатылады.

– Су үнемдеу технологияларын енгізуге жеңілдетілген қаржыландыру құралдары қолданылады. "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ның "Агролизинг" бағдарламасы шеңберінде жаңбырлатып суару жүйелері жылдық 12,6% мөлшерлемемен 10 жылға дейін, ал тамшылатып суару жүйелері 12,6% мөлшерлемемен 5 жылға дейін қаржыландырылады. Қазіргі уақытта елде жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жабдықтарын өндіретін 7 отандық зауыт жұмыс істейді, – делінген ресми жауапта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу