Субсидия күрт артқанымен, отандық өнімдер неге қымбаттауда?

2027

Үкімет ауыл шаруашылығы саласына 1,2 триллион теңге қайтарымсыз көмек қаржы төлейтін болады, деп хабарлады inbusiness.kz.

Субсидия күрт артқанымен, отандық өнімдер неге қымбаттауда?

Осы қараша айының басында Премьер-Министр Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерін қараулыққа айыптады.

Үкімет басшысының шамданатын жөні бар. Биыл мемлекет отандық агроөнеркәсіптік кешенге беретін субсидия қаражатының көлемін жүздеген миллиард теңгеге көбейтті. Ал оның "қайтарымы", алғысы ретінде фермерлер, соның ішінде ылан-ойран ел қаражатын алғандар өз өнімдерінің бағасын шығандатып жіберген.

"Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялау екі есеге ұлғайтылды! Бірақ оны алатындар азық-түлік бағасын 20%-ға көтергенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайға көне алмаспыз! Егер біз субсидия берсек, онда олар да өзіне тиісті міндеттемелер қабылдауы керек. Субсидиялау жүйесі нақты жұмыс істеуге тиіс", – деді Әлихан Смайылов.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев биыл инфляцияның шектен шығып, тарихи рекорд орнатуына тамақ өнімдері ең көп үлес қосқанына назар аудартты.

Оның мәліметінше, осы жылдың 10 айында азық-түлік инфляциясы 20,5%-ға жеткен. Өткен айдың қорытындысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бәрі дерлік қымбаттады. Соның ішінде әсіресе, жұмыртқа бағасы тек бір айда ғана 7,6%-ға, ұн 3,9%-ға, күріш 3%-ға, сүт 2,2%-ға өсіп шыға келген.

Министрлік жұмыртқа, өсімдік майы, күріш сияқты жекелеген тауарларды өндірушілердің арамза, жосықсыз әрекеттерін әшкерелепті. Олар мысалы, бастапқы бағаны арзанға босатады, бірақ ол бағамен төл делдалдары ғана ала алады. Олар ары қарай нарыққа еселеп қымбатқа сатады. Салдарынан, мысалы, құс фабрикалары орасан субсидия алғанына қарамастан, көлеңкелі жолдармен тауарын қымбаттата қояды.

"Абай облысына барғанымызда, байқағанымыз Семейден 200 шақырым жерде орналасқан құс фабрикалары жұмыртқаны ондығына 360-380 теңгеден сатқан, ал соңғы сатып алушыға ол 600 теңгеден өткізіледі. Осыған байланысты монополияға қарсы әрекет етудің шұғыл шараларын қабылдау қажет. Сонымен қатар соңғы кездері баспасөзде жекелеген тауар өндірушілер алдағы уақытта бағаның тағы көтеретіні туралы мәлімдемелерін жариялауда. Бұған да тиісті түрде ден қою қажет", – деді вице-министр Арман Шаққалиев.

Бірақ олигархтар жайлаған нарықты қатаң тәртіпке келтіре алатын азулы орган байқалмайды. Премьер Әлихан Смайыловтың өзі Баға белгілеу тізбегін тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын қайта форматтау тапсырылғанын еске салып, бірақ бұдан нәтиже шықпағанына, тіпті көкөніс сақтау қоймалары бойынша деректер базасын өзектілендіру жүргізілмегеніне қатты кейіді.

Басқа қайраны қалмаған Үкімет басшысы саланың баға көтеріп отырған жосықсыз субъектілерін көмек қаржыдан айыруды ұсынды.

"Негізгі жеткізушілердің кім екенін, бағаның неге өсіп жатқанын анықтау керек. Егер олар өз үстемеақы-маржаларын бағаны көтеру есебінен алса, онда нарықтық ортада жұмыс істесін, ал біз субсидияларды басқа бағыттарға жұмсаймыз. Өңірлерде рұқсат етілген сауда үстемесіне және арнайы комиссиялардың жұмысына мониторингті жүйелі жолға қою қажет. Әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің негізсіз өсуіне жол бермеу жұмысын күшейтуге тиіспіз. Қажетті құралдардың бәрі бар", – деді Ә.Смайылов.

Дегенмен шенеуніктердің бар бітіргені – бюджет шығындарын арттырып, аграрлық алпауыттарды субсидияға қарық қылу болып отыр.

Белгілі құқықтанушы Марат Бәшімов Facebook парақшасында Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэрдің "Родина" агрофирмасы мен Геннадий Зенченконың "Зенченко и К" компаниясы әдейі жасағандай, өз өнімдеріне бағаны дәл сайлау қарсаңында күрт қымбаттатып жібергені елдің зығырданын қайнатқанын айтады.

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев болса, субсидияның әрі қарай ұлғайтуға күш салып жатқанын жеткізді. Ол кейбір тауар өндірушілердің мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтуды сұрайтынына назар аудартты.

Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша республикалық бюджетте ауыл шаруашылығын субсидиялау мөлшері 2023 жылы 405 миллиард, 2024 жылы 424 миллиард, ал 2025 жылы 440 миллиард теңгені құрайтын болады. Яғни 1,2 трлн қаржы шығындалады. Бірақ бұл сома алда бюджет түсімінің ұлғаюына қарай тағы артпақ.

АШМ басшысының айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы саласын Үкімет тарапынан қаржылай қолдау көлемі 450 миллиард теңгеге жетті. Ал жылдың басында бюджетте тек 311 миллиард ғана бөлінген еді. Келесі жылға 405 млрд теңге қарастырылған. 

"Біз Ұлттық экономика министрлігімен, Қаржы министрлігімен алдын ала келістік: келер жылы бюджетті нақтылау кезінде қосымша қаражат қосатын боламыз. Түсімнің түсу нәтижесі бойынша ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру көлемінің оң өсу динамикасын сақтаймыз деп отырмыз. Қосымша қаражат сұраймыз", – деді депутаттарға Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар бірқатар аграршылар биліктегілердің өздеріне тиесілі субсидияларды бермей жатқанына наразылық білдіріп, Президентке хат жазуда. Олар мысалы, субсидия бөлу үшін қажетті норматив ретінде әкімдіктердің аса ірі кәсіпорындардың көрсеткіштерін алатынына қарсы.

Солардың бірі алматылық "Камертон" компаниясы" ЖШС өкілі Татьяна Холодова Президент әкімшілігіне хатында субсидияға қатысты бірнеше мәселе көтерді. Компания меморгандарға да бірнеше рет өтінішпен жүгінді, тек сырғытпа жауап келеді екен. Кәсіпорын 2017 жылдан бері ірімшік өндірісімен айналысады, тәулігіне 66 мың литр сүтті өңдейді. Өндірістерінің бәрі Алматыда орналасқан.

"Ірімшік өндірісін арттыру үшін арнайы бағдарлама аясында субсидиялауға жататын құрылғы сатып алынды. 2022 жылғы маусымда инвестицияны субсидиялауға өтініш бердік. Содан бері қанша ай өтті, алайда біріншіден, QOLDAU.KZ сайтында субсидиялауға арналған сома жарияланбаған. Екіншіден, Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы бизнестің өтініштерін қарайтын комиссия құрамын бекітпеген. Қағидалар бойынша биылғы 1 ақпанға дейін бекітуге тиіс болатын. Басқарма директорының орынбасарымен кездестік, ол комиссияны бекіту үшін қала әкімдігінің бұйрығын күтіп отыр. Бұл комиссиясыз кәсіпкерлерге субсидия ұсынылмайды. Егер биылғы 15 желтоқсанға дейін субсидия туралы шешім қабылданбаса, онда біз оны мүлдем ала алмаймыз, өйткені өтінімге тіркелген растаушы құжаттардың мерзімі аяқталады", – деді Т.Холодова.

Ол тағы бір мәселені көтерді: Алматыда сүтті өңдеп, одан түрлі өнім шығаратын кәсіпорындар сүтке кететін шығындардың бір бөлігіне субсидия алғысы келеді. Бұл қолдау "Өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау қағидаларында" көзделген.

"2021 жылдан бері сатып алынған сүт шығындарын өтеуге өтініш бере алмай келеміз. Себебі кепілдендірілген сатып алу бағасын анықтау үшін көтерме жеткізушілердің цистерналармен жеткізетін сүті ғана басшылыққа алынады. Ал Алматыда сүтті алып цистерналармен жеткізетін көтерме жеткізушілер жоқ. Сондықтан біз жеткізушілерден, тіпті мал ұстайтын халықтан сатып алу бағасы кепілдендірілген сатып алу бағасы ретінде қабылдануын ұсынамыз", – деді кәсіпкер.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, сөз болып отырған кәсіпорын ірімшік өндірісіне арналған құрылғысы үшін субсидия ала алмауы мүмкін. Себебі, онысы 2020 жылы іске қосылыпты. Мерзімі өтіп кеткен: АӨК субъектілері шығыстарын өтеу бойынша субсидиялау қағидаларының 11-1-бөліміне сәйкес, 24 ай ішінде сатып алынған техника мен жабдықтар ғана субсидиялауға жатады екен.

Ал басқа ұсыныстары пысықтаудан соң қабылдануы мүмкін.

"Мемлекет басшысының субсидиялау тетіктерін жетілдіру тапсырмасын орындау мақсатында қазіргі уақытта Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Топ құрамына "Атамекен" палатасының, салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі орталық және жергілікті органдардың, Антикордың өкілдері, Парламент депутаттары кірді. Бүгінде жұмыс тобы субсидиялау қағидаларын қайта қарау, олардың мөлдірлігін арттыру, субсидияларды атаулы-адресті ету, оларды мемлекеттің өнеркәсіптік саясатымен тығыз байланыстыру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ субсидия алғандар өзіне мемлекет белгілеген тиісті міндеттемелерді қабылдауға тиіс болады", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Субсидиялау саласын реформалау аясында 2023 жылдан бастап, жаңалық, жеке норма енгізіледі: оған сәйкес, субсидиялау нормативтерін "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КеАҚ (НАНОЦ) әзірлейтін болады. Яғни тағы бір квазиалпауыт пайда болатынға ұқсайды. Әзірге шенеуніктердің шабан қимылы салдарынан саладағы былықтар шешілмей, әрі қарай қордалануда.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться