Субсидия жымқыру: жемқор шенеуніктер мен алаяқ аграршылар

5002

Президент барлық жауапты тұлғаларды жазалауға пәрмен берді.   

Субсидия жымқыру: жемқор шенеуніктер мен алаяқ аграршылар

Триллиондар төгілген сала кері кетті

Ауылшаруашылығын қаржыландыруда рекорд жасалуда. Саланы дамытуға соңғы бес жылда бюджеттен 2 триллион теңге жұмсалған. Қайтарымы шамалы. Жүздеген миллиард құмға сіңген судай жоқ болды. Қазақстан ауылшаруашылығы өнімдерінде импортқа қатты тәуелді екенін биылғы жаз көрсетті. Сәбіз, картоп, көкөніс соңынан елдегі барлық азық-түліктің бағасы шарықтады. Сөрелерде көршілердің импорттық өнімдері үстемдік етеді.  

Аста-төк субсидияның құйылғанына қарамастан, тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанда малдың барлық дерлік түрі кемігенін Inbusiness.kz таяуда жазды. Өсімдік шаруашылығы да тоқтаусыз деградациялануда. Қазақстан егін алқаптарының әр гектарынан дамыған елдер түгіл, посткеңестік елдерден 2-3 есе аз өнім жинайды.

Соған қарамастан, енді АШМ Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бес жылдық "Ұлттық жобасына" тағы 4,9 триллион теңге ақша бөлінуіне қол жеткізіпті.

Салаға бұрын жұмсалып кеткен қаражаттың талан-тараж етілгенін бірден бірнеше ведомство әшкерелеп отыр. Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысында бірнеше фермердің 380 миллион теңге бюджеттік субсидияны заңсыз алғанын анықтады.

"Агенттіктің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменті 8 шаруа қожалығының басшыларына қатысты субсидияны заңсыз иелену дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Олар "Сыбаға" мембағдарламасы аясында субсидия алуға өтінім бергенде жалған мәліметтерді көрсеткен", – деп хабарлады ведомство.

Схема келесідей: фермерлер субсидия алу үшін Ресейден ірі қара малды сатып алғанын және әкелгенін растайтын жалған құжаттарды ұсынған. Мұндай құжаттарды Ресейде сатып алуға болатыны мәлім. Алайда АШМ-нің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық инспекциясының дерегінше, аталған заңды тұлғалар ірі қара мал сатып алуға өтінім жібермеген. Әрі олар малды Ресейден Түркістан облысына әкелу бойынша бағыттық қағаздарды да алмапты. Соған қарамастан, субсидия беріліп кеткен.

Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, тек осы 8 шаруа қожалығына ғана заңсыз төленген субсидиялардың жалпы сомасы 380 миллион теңгені құрады. Ал соның негізінде олардың алған жеңілдікті несиесінің жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асқан.

Схема, схема, схемалар...

Қарағандылық аграршы Кәрібек Байкенже субсидиялардың ұрлануына ақпараттық жүйелердегі олқылық та себепкер екенін айтады.

"Адал ауыл кәсіпкеріне субсидия алу қиын. Жүйеге құжаттарымызды жолдасақ, субсидияға бөлінген қаражат таусылып қалғанын айтады. Субсидия бюджеттен қаржы бөлінген кезде таратылады, алайда оның нақты қай күні үлестірілетіні хабарланбайды. Беріп жатыр дегенді естіп, дереу кіре қойсаң, ханталапайға түсіп, бір сағат ішінде таратылып кеткен болып шығады. Әлдекімдер күнібұрын біліп, ала қоятын секілді", – дейді ол.

Қазіргі кезде Қазақстанда ауылшаруашылығын субсидиялау үшін екі жүйе – Qoldau (өсімдік шаруашылығына) және "Ақпараттық-талдау жүйесі" пайдаланылады (ол мал шаруашылығына арналған, бүгінде жаңа ережелерге сәйкес, субсидия қабылдау Субсидиялаудың ақпараттық жүйесі subsidy.plem.kz арқылы жүзеге асырылады). Qoldau жүйесінде 2018-2019 жылдары мал басын субсидиялау да жүргізілді.

Жүйе заңды тұлғаның, жеке кәсіпкерліктің, шаруа қожалығының тіркелуін, меншігінде жер телімінің, техникасының, малының болуын талап етеді. Алайда жүйелердің кемшін тұстары жетерлік. Мысалы, ол субсидия алушылардан әкелген малының табынын не отарын, егілген егістігінің ауқымын көрсететін видеоесеп те талап етпейді. Фото болса жеткілікті. Кейін тексеруші комиссия келгенде субсидияланған сиырлар бір фермадан екіншісіне көшіп жүреді екен. Яғни бір табын сиырдың арқасында бірнеше фермер мол субсидия алатын болыпты.

"Мұндай схема еліміздің әр өңірінде қолданылатынын естігенмін, бірақ оны шенеуніктердің бірінің қолдауынсыз, не көз жұма қарауынсыз жүзеге асыру қиын. Себебі қазігі кезде субсидия айталық, әр сиырдың не бұқаның басына беріледі. Тиісінше, бюджет қаражаты оның құлағындағы радиожиілікті сырғасына қарай бөлінеді. Сондай-ақ ол мал басы САТЖАҚ-та (селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық қорында) тіркелген болуы қажет. Әрине, сырғасы жоғалып қалды деп, жаңасын алатын, сөйтіп, субсидия алған сиыр субсидияланбаған жаңа сиырға "айналып" шыға келетін кездері болады. Мұның бәрі заңсыз нәрсе", – деген пікірде К. Байкенже.

Жалпы салада өте көп қаржы талан-тараж болып жатқанын бұған дейін Есеп комитеті де ескерткен. Былтыр таратылған "ҚазАгро" холдингін тексерген аудиторлар оның мемлекетті шамамен 250 миллиард теңге шығынға отырғызғанын әшкерелепті. Бұдан бөлек, 392,5 миллиард теңге қаражат пен актив тиімсіз пайдаланылған. Холдинг 2017–2018 жылдары 1,6 триллион теңгені кредит пен лизинг түрінде үлестіріп жіберген. Оны алғандардың үлкен бөлігі кейін банкрот болып, қайтармаған. Жұмысының залалды болғанына қарамастан, "ҚазАгро" басшылығы жыл ішінде 4,3 миллиард теңге көлемінде сыйақы алып отырған. 

"Қаржы жымқырған тұлғалардың бәріне түрмеде орын жетеді"

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таяуда бірден бірнеше өңірде – Нұр-Сұлтанда, Шымкентте, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында ауылшаруашылығын дамытуға бөлінген қаражаттың ұрлануы фактілері бойынша жаппай тұтқындаулар жүріп жатқанын хабарлағаны мәлім. Арнайы операция жалғасуда екен. Антикоррупциялық орган 1 қарашада 30-дан астам тұлғаның ұсталғанын хабарлады.

"Барлық ұсталғандар ауылшаруашылығы субсидияларын ұрлауға қатысқан", – деген агенттік толығырақ ақпаратты БАҚ-қа кейін жариялауға уәде етті.

Кейбір бейресми деректер бойынша, күдікке іліккендер көп. Арасында Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қаржы министрлігінің кедендік қызметінің қызметкерлері, бизнесмендер, оңтүстік өңірлердің депутаттары да бар көрінеді. Мұндай жағдайда шенділердің, басқа да қатысты тұлғалардың шетелге шығуына тосқауыл қойылады.  

Kozachkov offside Telegram-арнасы тағы бір схемаға назар аудартады.

"Коррупциямен күресуші орган асыл тұқымды малдың субсидия қаражатын қалтаға тоғытудың схемасын әшкереледі. Схема қарапайым: мемлекет асыл тұқымды сиырлар мен бұқалар сатып алынғанда, оның құнының жартысын субсидиялайды. Бұған қоса, фермер қалған жартысына жеңілдікті кредит ала алады. Ақша қолына түскеннен кейін фермер ол малын Өзбекстан мен Тәжікстанға сатады. Қымбат ірі қара мал кеденнен жалған құжаттармен өтеді. Ал ресми түрде ол мал "тосыннан өршіген инфекцияға бола" немесе "аяғы сынды" деп, сойып тасталған болып есептеледі. Бұл схемаға фермерлер, кеденшілер, ветеринарлар, елордадағы шенеуніктер атсалысқан", – деп хабарлайды Телеграм-арна. 

Бұл схеманың кең жайылуы кесірінен соңғы бірер жылда мемлекет бір миллиард доллардай бюджет қаражатын жоғалтыпты.

Өз кезегінде жемқорлықпен күресуші орган АШМ-нің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің лауазымды тұлғаларынан тұратын, тірі малды шетелге шығару схемасын жүзеге асырған ұйымдасқан топты әшкереледі. Фермерлердің айтуынша, елімізді кезген өзбек трейдерлері тірі мал үшін салмағының әр келісіне 1 100-ден 1,5 мың теңгеге дейін санап беруге дайын екен. Ал қазақстандық делдалдар әрі кетсе, тірі салмағына 900 теңгеден ғана ұсынады.

Нәтижесінде, әлгі топ сиырларды көрші елдерге табын-табынымен айдаған. Салада субсидияланған малды тірі күйде сыртқа әкету құбылысы белең алды. 2021 жылдың басынан бері осы жолмен 139 мың бас мал шетелге тірілей әкетілген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 18 есеге көп! Сонымен бірге шетелден ет импорттау өсуде, биыл ол бірден 45%-ға артты. Қазақстандықтар сиырды көрші елде сойып, ет күйінде қайта импорттап жатыр.

АШМ орталық аппаратының шенеуніктері – аталған комитет пен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды тұлғалары субсидия берілген малдарды заңсыз Өзбекстанға әкеткені үшін кәсіпкерлерден тұрақты түрде пара алып отырған. Мысалы, елордадағы лауазым иелері түгіл, тек Түркістан облысының инспекция маманының біреуінің банктік картасына 47 миллион теңгеден астам қаражат түсіпті.

Субсидиялау мәселесіне қатысты сыбайлас жемқорлық пен ақша жымқыру фактілері бойынша егжей-тегжейлі ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Марат Ахметжанов ел Президенті Қ. Тоқаевқа Екібастұз қаласындағы жұмыс сапары кезінде, республикалық кеңесте хабарлаған. Жиынның бұл бөлігі журналистерсіз өткендіктен, әзірге ол ақпарат жария болмады. Бірақ Мемлекет басшысы оны "өте ауыр" деп бағалады.

"Фактілер, әрине, өте ауыр. Мемлекетке миллиардтап шығын келтіріп отыр. Тергеу жалғасуы қажет. Тергеудің сапалы болуға тиістігіне ерекше назар аудартамын. Бұл кесірлі тәжірибе бірнеше жыл бойы орын алып келгенін атап өткен жөн. Сондықтан тергеу жұмыстарын одан әрі жоғары деңгейде жүргізуді тапсырамын. Барлық жауапты тұлғаны жазалау керек! Түптеп келгенде, олардың барлығына түрмелерде орын жетеді", – деп қатаң ескертті Қ. Тоқаев.

"Субсидиялау ақпараттық жүйесінің" дерегінше, 2021 жылы 98 млрд 701 миллион теңге субсидия берілді. Оның ең көбін, 15,7%-ын не 15,4 миллиардын – Алматы облысы, 13,2%-ын немесе 13 миллиардын – Ақтөбе облысы, 9%-ын немесе 8,8 миллиардын – СҚО алыпты. Бұлардың қаншалықты әділ берілгенін аудиторлар анықтай жатады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу