Суэц каналын бөгеген кеме жайлы не білеміз?

4065

Азия мен Еуропа арасындағы ең қысқа теңіз жолы жабылды. Сондықтан ғаламдық нарыққа тауар жеткізу мен бос контейнерлерді қайтару үлкен проблемаға айналып барады.   

Суэц каналын бөгеген кеме жайлы не білеміз?

Контейнер таситын мега-кемеге алып экскаватор мен эскадрилья жіберілді. Оларға қарап, алдағы күндері ұлы операция жүргізілетінін болжауға болады. Суэц каналын кесе көлденең бөгеген зәулім үйдей су көлігі қазір әлемдегі ең маңызды сауда жолдарының бірінде үлкен кептеліске себеп болып отыр.

Мұнда бейсенбіде буксирлер мен қазушылар жұмыс істеді. Осы сәтте дүниежүзілік нарыққа жүк тасымалдайтын 150-ден астам кеме Жерорта теңізі мен Қызыл теңіздерді жалғайтын каналдың екі жағында қалып, әрі-бері өте алмады.

Египеттің Суэц каналы өзінің 150 жылдық тарихында талай соғыстар мен дағдарыстарға куә болды— бірақ Ever Given кемесінің тұралауы әйгілі арнаны бұрын-соңды болмаған қиындыққа душар етіп отыр.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

Бұл әзірге толық түсініксіз. Кеме Қызыл теңізден каналға сейсенбі күні таңертең еніп, 45 минут бойы жүзіген.

Кеме операторы мен Мысыр шенеуніктері оқиға үшін сағатына 50 шақырым жылдамдықпен соққан желдің екпінін және осы аймақты басып өткен құмды дауылды айыптап отыр.

Жүк кемелері соңғы жылдары көбейді. Себебі, жанармай бағасы өскен шақта мұндай алып қайықтар әр контейнер үшін отынды аз жағып, жүкті молырақ тасымалдай алады. Кейбіреулер Ever Given кемесінің тұралауына тоқтауына  себеп көп болуы мүмкін дейді.

Clyde & Co фирмасының серіктесі әрі теңізбен жүк тасымалдау жөніндегі заңгер  Ян Вудс бұл оқиғаға "факторлар жиынтығы" түрткі болды деген пікірде.

"Электр қуатының жоғалуы, рульдегі ықтимал проблемалар кемені тоқтатып тастауы ғажап емес. Дегенмен, біз толық тергеудің нәтижесін күтуге тиіспіз,” – дейді Вудс АР агенттігіне берген сұқбатында.

Қазір Египет ыңғайсыз жағдайға душар болып отыр. Себебі, атақты су жолы ұзақ уақыт бойы мысырлықтар үшін ұлттық мақтаныштың символы саналды. Президент Әбдел Фаттах әс-Сисси оны кеңейтуге 8,2 миллиард доллар инвестиция салып, жаңартылған каналды 2015 жылы қайта ашты.

МҰНЫ ҚАЛАЙ ТҮЗЕУГЕ БОЛАДЫ?

Әзірге буксирлер мен өзге техника кемені босата алмай жатыр. Бір кездері Италияның "Коста Конкордия" круиздік лайнері мен Ресейдің "Курск" атомдық қайығын көтерген құтқару тобы бейсенбіде Нидерландыдан  Мысырға ұшып барып, кемені босату жұмыстарына қосылды.

Кеменің салмағы - шамамен 220 000 тонна, ұзындығы 400, ені 59 метр. Осының өзі оны жылжытуға мүмкіндік бермейтін сияқты. Ауыр жүкті жеңілдету үшін аталған еуропалық команда кем дегенде кейбір контейнерлерді алып тастап, кеменің суын құрғатуы керек. Содан кейін оны қайтадан сүйреу мен итеру қажет болады.

Жергілікті үкімет өкілдері бастапқыда мұны істегілері келмейтінін айтты, себебі, контейнерлерді түсіру бірнеше күнге немесе аптаға созылуы мүмкін.

НЕЛІКТЕН БҰЛ МАҢЫЗДЫ?

Осы канал арқылы әлемдік сауданың 10% - дан астамы, соның ішінде әлемдік мұнайдың 7% - ы өтеді. Арна бөгелгеннен кейін Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы шамамен 3% - ға өсіп, 63 долларға дейін көтерілді.

Суэц каналынан өтетін тауарлар әдетте шығыстан батысқа қарай жылжиды. Парсы шығанағындағы мұнай мен сұйытылған табиғи газ да, супермаркеттерге арналған қытайлық жиһаз бен киім де Африканы айналатын 5000-шақырымдық жолдан гөрі осы каналды қолданғанды тиімді көреді. Өйткені, бұл жолмен жүкті діттеген жерге 7-10 күн ерте жеткізіп, қаржы үнемдеуге болады.

Lloyd ' s List журналының есебінше, Суэц каналы жабылғанда күн сайын миллиардтаған доллардың тауары нарыққа жете алмайды. Ал, коронавирустық пандемия кезінде тұтынушылық тауарларға сұраныс күрт өсіп отыр

Каналдың кесе-көлденең жабылуынан тауар жеткізу кешіктіріліп қана қоймай, бос контейнерлердің Азияға оралуы да мұңға айналып барады.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу