Сүт экспортына тыйым салынуы мүмкін

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5361

Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттерге жаңа техникалық талап енгізіледі. 

Сүт экспортына тыйым салынуы мүмкін

2020 жылдан бастап Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттерде өндірілетін және саудаланатын сүттің сапасына жаңа техникалық талап қойылады. Бұл техникалық регламентке сай келмейтін сүт пен сүт өнімдерінің экспортына тыйым салынады деген сөз.

Жасыратын несі бар, жаңа талап еліміздің сүт өндірушілеріне қауіп төндіріп тұр. Себебі бізде сүттің 80%-ын жеке шаруалар өндіреді. Ал олар сүттің сапасына бас ауыртпайды.

Статистикалық дерекке сүйенсек, елімізде жыл сайын 5,5 млн тонна сүт өндіріледі. Оның 4 млн тоннасы жеке қосалқы шаруашылықтарға, 1,5 млн тоннасы біріккен шаруа қожалықтарына, яғни сүт кооперативтеріне тиесілі.

Кооператив дегеннен шығады, ұмытпасаңыздар, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында сүт кооперативін дамытуға басымдық берілген. Құжатқа сәйкес, үкімет ауыл тұрғындарын бір кооперативке біріктіріп, жергілікті жерлерде кемі 100 сиырдан сүт қабылдайтын бекет ашуды көздеді. Әу баста бұл бастама ерекше қарқынға ие болды. Тіпті 5 жылда 1 мың сүт кооперативі құрылады деп жар салынды. Бұл аз десеңіз сүт кооперативтері 350 мың адамның басын біріктіреді деп сүйінші сұралды.

Жоспар бойынша сүт кооперативтері сүт зауыттарын шикізатпен қамтамасыз етуге тиіс болды. Осылайша жабайы саудаға шектеу қойып, отандық маркамен шығатын сүт және сүт өнімдерінің саны мен сапасын арттыру жоспарланды. Ал "ҚазАгро" xолдингі сүт кооперативтерін субсидиямен жарылқайтын болды. Бірақ, иә, бірақ, мұның соңы сиырқұйымшақтанып кетті.

Сүт өндірумен айналысатын жеке шаруа қожалығының иесі Берік Айболатовтың айтуынша, Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттерде өндірілетін сүттің сапасына ерекше талап қойылған кезде  оның кәсібі тығырыққа тіреледі.

"Техникалық талап бойнша, сүттің құрамындағы антибиотик пен бактерия және соматикалық талшық тексеріледі екен. Мұндай сынаманы үй жағдайында алу мүмкін емес. Ал зертхана күн сайын әр сынамаға ақша сұрайды. Сонда табысымызды күн сайын зерттханаға беріп отырамыз ба?

Сапасы сын көтермейтін сүт нарыққа шығарылмайды. Біз бәсекеге қабілетсіз болып қаламыз. Өндірген өніміміз өтпейтін болады. Ақырында банкротқа ұшыраймыз", – деді жеке шаруа қожалығының иесі.

Естеріңізде болса, биыл қыркүйек айында "Зенченко и К" серіктестігі

Ресей нарығына өнім шығаруын тоқтатты. Бұған Ресей ауыл шаруашылығы бақылау басқармасының тыйымы себеп болды.

"Зенченко и К" сүт зауытының директоры Георгий Целыхтың сөзінше, 2019 жылдың қыркүйегіне дейін солтүстіктегі көршіміз сүт пен сүт өнімдерінің сапасына 15 түрлі шектеу қойған.

Айта кетейік, отандық сүт өндіруші Ресей нарығына осыдан 3 жыл бұрын шыққан.

"Қорған, Омбы қалаларындағы дүкен сөрелеріне қойылған сүт, қаймақ, қатық сынды өнімдерімізді жергілікті тұрығндар сүйсініп жеді. Біз мұны тауар саудасынан түскен табыстан білдік. Ресей ауыл шаруашылығын бақылау басқармасы біздің өнімдерде санитарлық талап сақталмаған дегенді желеу етіп, бізді өз нарығынан аластатты. Яғни жосықсыз бәсекелестікке жол берді", – деді Георгий Целых.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу