Сүт шикізатына қатаң талап қойылады

19721

Өндіріс иелері жаңа стандарттарды енгізуді кейінге қалдыруды сұрады.  

Сүт шикізатына қатаң талап қойылады

Қазақстан сүт өнімдерін өндірушілері "Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентін енгізу мерзімін 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартуды сұрады. 

Қазақстан сүт одағының (ҚСО) атқарушы директоры Владимир Кожевниковтың айтуынша, еліміздің сүт өндірісі саласын Кеден одағының (КО) стандарттарына сәйкестендіру үшін ұзағырақ уақыт қажет. 

"Халықаралық тәжірибені зерделей отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен КО техникалық регламенттерін енгізуді кейінге қалдыруға өтініш білдірдік. Бүгінгі күні еліміздің сүт өңдеу кәсіпорындары халықтан сүт шикізатын қабылдауға дайын. Дегенмен бұл жерде сүт өнімінің қауіпсіздігі жайлы айтып отырмыз. Қауіпсіздік дегеніміз – сүттің құрамында антибиотик пен дене жасушаларының болмауы және микробиологияның қалыптылығы. Ал микробиологияның қалыптылығы – сиыр сауудың дұрыс орындалуы. Мысалы, сиырдың желінін жуу, алғашқы сүтін ағызу, сүтті сүзу, салқындату тәрізді көптеген жөн-жосықты дұрыс орындау қажет. Бұның бәрін сүт тапсырушыларға түсіндіріп, дәрістер өткізіп жатырмыз. Ең бастысы ,тазалық, малдың ауырмауы. Егер мал ауырып, дәрі егілсе, жануарды қатаң бақылауда ұстау керек. Антибиотиктің күшіне қарай он-он бес күндей егілген сиырдың сүтін өңдеуге өткізіп жіберуге болмайды", – дейді ол. 

Ал Қазақстан сүт одағының жоба жетекшісі Сәуле Жанкина антибиотиктердің зиянына айырықша назар аудару керектігін ескертті. 

"Біріккен ұлттар ұйымының мәліметтері бойынша, бүгінгі күні жыл сайын миллионға жуық адам антибиотиктер себебінен қайтыс болуда. Аталмыш дәрі-дәрмектерді қайнату немесе басқа да технологиялық процестер көмегімен сүттен шығарып тастау мүмкін емес. Антибиотиктер сүт арқылы адам ағзасына еніп жиналып қалады. Соның салдарынан адам ағзасы антибиотиктерді қабылдамайтын жағдай орын алуы мүмкін. Бұл жерде туындап отырған үлкен мәселе – ветеринариядан хабары жоқ, мал дәрігері емес адамдардың үй жануарларын өз бетімен емдеуі, орынсыз дәрі-дәрмек егуі. Бақылаусыз егілген малдардың етін жеп, сүтін ішкен адам ауырушаң болып қалуы мүмкін", – деді ол. 

Владимир Кожевников сүт өңдеу орындарында шикі сүт тексерістен өткеннен кейін ғана қабылданатынын айтты. 

"Барлығы дұрыс түсінуі үшін айтайын, қазір біз сүтті бұрынғы нормативтермен қабылдап жатырмыз. Өндірісте сүтті өңдеп, талап етілген деңгейге жеткізе аламыз. Сондықтан зауытта өңделген сүт барлық талапқа сай. Алайда сүтті өндірісте өңдеу қосымша шығын талап етеді. Құрал-жабдық та қымбат тұрады. Жаңа регламент енгізілгеннен кейін, талапқа сай емес сүтті қабылдай алмаймыз. Сол себепті шаруалар санитарлық-гигиеналық, ветеринарлық талаптар мен температуралық ережелерді сақтап, сүтті жақсы сапада жеткізгені жөн. Мысалы, Хорватияда сүт өткізуші сынақ үшін аз ғана сүтті тексеруге береді. Егер ол сүт талапқа сай келмей, басқа сүтті бүлдірсе, кінәлі адам бұзылған барлық сүттің шығынын өтейді. Біз де осыған келетін боламыз", – деді. 

Сәуле Жанкинаның айтуынша, бұдан былай қабылданатын сүт шикізатына қойылатын талаптар күшейеді.

Алайда Кеден одағының қатал талаптарына біздің шаруалар әлі толық дайын еместігін ескертті.

"Сондықтан "Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентін енгізуді кейінге қалдыруды сұраймыз. Техрегламентті енгізу мерзімін созу-созбау туралы шешімді қабылдау 19 желтоқсанда Санкт Петербург қаласында өтетін отырыста қабылданады", – деді Сәуле Жанкина. 
Еске сала кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарында Кеден одағының техникалық регламенттерін енгізу жөнінде Қазақстанға берілген кейінге шегеру мерзімі аяқталады. Кеден одағының жаңа талаптарына сәйкес, қайта өңдеуге түсетін сүт шикізаты тағам қауіпсіздігінің техрегламенттеріне сәйкес келуге тиіс.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу