Сығымдалған газды электронды алаңда сату кешеуілдеуі мүмкін

11511

Энергетика министрлігі Жанармай одағын қолдап отыр. 

Сығымдалған газды электронды алаңда сату кешеуілдеуі мүмкін

2025 жылы еліміздегі сығымдалған газ нарығы Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығына есігін айқара ашуға тиіс. Осы тұста ішкі нарық бәсекеге қабілетті болуы үшін келер жылдан бастап сығымдалған газды түгелдей электронды сауда алаңына шығару жоспарланған болатын. Энергетика министрлігі бұл мерзімді 2024 жылға дейін созуды ұсынып отыр. Әйтпесе, газ құю стансаларында сығымдалған газ бағасы 40 пайыздан 3-4 есеге дейін қымбаттайды-мыс.

Электронды сауда алаңы арқылы жұмыс істеу идеясы тәуелсіз газ құю стансаларына ұнағанымен, газ қоймаларының иелеріне ұнамай отыр. Тараптардың пікірі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Open Space форматындағы жиынында талқыланды. 

Жалпы, жаңадан құрылған агенттік энергетика саласындағы монополияның мұртын бұзуға құлықты көрінеді. Құзырлы орган өкілдері көмір, жанармай, сығымдалған газ нарықтарында делдалдардың тым көп екенін алға тартып отыр. Агенттік өкілі Арсен Ысқақов осы мәселе туралы мазмұнды баяндама жасады.

"Бұл салада негізгі ойыншылардың монополиясы айқын көрініп тұр. Негізгі ойыншылардың үлесі мұнай және мұнай өнімдерінің нарығындағы 86 %, тұрмыстық көмір нарығында 78 %,  сығымдалған газ нарығында тіпті 95 %-ды  құрайды", – дейді ол. 

Мұның қарапайым тұрғынның қалтасына тікелей әсері бар көрінеді. Мысалы Шұбаркөл көмірінің кеніш басындағы толайым бағасы 5819 теңге. Оны 17 тасымалдаушы ұйым бөлшек саудаға 10 117 теңгемен сатып отыр. Ал бөлшек саудадағы ойыншылар қарапайым халыққа көмірдің бір тоннасын 12 500 теңгеден сатады.  Сонда кеніш басындағы баға қарапайым тұрғынға жеткенше 98 % өседі екен. Қаражыра көмірі де  қарапайым халыққа осылай бірнеше рет қымбаттап жетеді. Кеніш басында 4 117 теңге, толайым саудада 6 288 теңге, қарапайым халық үшін12 700 теңге. Мұндағы үстеме баға тіпті 155 %-ға жеткен.

Ал мұнай өнімдерінің нарығында санаулы ғана компания үстемдік етіп отыр. 

"Санаулы ойыншылар мұнай мен газ саудасының барлық сатысында тізгінді иемденіп алған. "ҚазМұнайГаз", "CNPC" компанияларының мұнай өндірісіндегі үлесі 50 % болса, өңдеудегі үлесі 100 %. Ал мұнай өнімдерінің нарығындағы үлесі 75 %. Мұнда да сауда ашық алаңнан тыс жүреді. Яғни келіссөздер екіжақты келісімшарт негізінде бекітіледі. Сәйкесінше, ашықтық жоқ", - дейді агенттік өкілі.
Сығымдалған газ нарығында да осыған ұқсас жағдай қалыптасқан. 
"Қазір тәуелсіз газ құю стансалары өнімді тек газжелілік ұйымдар арқылы ғана сатып ала алады. Өндіруші  газдың әр литрін 16 теңгеден береді. Құбыр иелері оны газ құю стансаларына 45 теңгеден сатады. Ал стансалар көлік иелеріне 75 теңгемен сатады. Егер өнім газжелілік ұйымдар арқылы емес, электронды сауда алаңы арқылы сатылса, газ құю стансалары бір литр сығымдалған газды 29 теңгеге сатып алар еді",дейді ол.

Бұл нарықта жыл сайын 100 мың тонна сығымдалған газ саудаланады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрғасы Серік Жұманғарин тараптардың пікірін тыңдай келе жоспар мерзімін шегерудің бірнеше сценариін пысықтауды тапсырды.

"Энергетика министрлігі 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық сығымдалған газды электронды сауда алаңына беруі керек. Бірақ ондағы қауымдастықтар бұлай болса, баға 40 %-ға өседі деген уәж айтып отыр. Энергетика министрлігі енді осы мерзімді шегеріп, жыл сайын 25 %-дан беріп, 2024 жылы аяқтауды ұсынды. Бәлкім жыл сайын 25 %-дан енгізіп 4 жылға созғанша, 50 %-дан енгізіп, екі жылдың ішінде аяқтау керек шығар. Электронды алаңға қаңтарда емес, шілдеде енгізсек, халықтың қалтасына салмақ түспейтін шығар. Осы сияқты бірнеше нұсқаны пысықтаңыздар. Солардың негізінде ғана шешім қабылдауымыз керек", – деді Серік Жұманғарин.

Есжан Ботақара