Сырдария өзеніндегі гидронысанның жағдайы мүшкіл

16 жыл бұрын 1,5 млрд теңгеге салынған тораптың кепілдік мерзімі 20 жылға жетпей сыр берген.  

Сырдария өзеніндегі гидронысанның жағдайы мүшкіл

Қызылорда облысында қауіпті жағдайда тұрған бірнеше нысан бар. Олар – Жаңақорған ауданындағы Жиделі су қоймасы, Қызылорда қаласындағы Сырдария өзеніндегі гидронысан және Сырдария ауданындағы Әйтек су торабы. Енді бұл нысандар күрделі жөндеуден өтетін болады.

Алдымен Жиделі су қоймасынан бастасақ. Биыл су қоймасына республикалық бюджеттен 450 млн  теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

"Жылда "Жиделі" су қоймасына қыста "Түлкілі" өзені мен тау суынан 10,5 млн текше метр су жиналады. Биыл бұл межеден асып кетсе жағдай қиынға соғады. 37 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген қойманың суы тасыса бөгетті бұзып кетуі әбден мүмкін еді. Бүгінде жағдай орнықты, жұмыстар жүріп жатыр", – дейді Жаңақорған аудандық "Сушар" өндірістік учаскесінің басшысы Әбдімәжит Ахметов.

Су қоймасын Жайылма мен Сүттіқұдық ауылының тұрғындары егіс пен мал суатына пайдаланады. Егер су қоймасының бөгеті бұзылса 1,5 мыңнан астам тұрғыны бар аталған екі елдімекенді су басып қалар еді. Қазіргі таңда қауіп сейіліп, мердігер "Г.С.Г Высотник" ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын бастап кетті.

Учаске бастығы Рахматулла Ерназаровтың айтуынша, бүгінде бірінші бөгетті нығайту жұмыстары аяқталып қалған.

"Ыза су мен су толқыны бөгетті шайып кетпес үшін, арнайы ылғал ұстағыш материал мен габионды сетка пайдаланылып жатыр. Олар қиыршық тастармен толтырылатын болады. Тас жергілікті жерден алынып отыр. Онан бөлек 4,5 шақырым су құбыры ауыстырылады. Арнайы су мамандары үшін басына тұрғын үй де салдық. Әзірге бұл жұмыстарға 5 техника 15 адам жұмылдырылып отыр. Алда қосымша "Жұмыспен қамтудың Жол картасы" аясында 27 жергілікті азаматты жұмысқа тартпақпыз. Жалпы жөндеу жұмыстарын жоспарда көрсетілген 2 ай мерзімде 1 қарашаға дейін аяқтаймыз", – деді учаске бастығы.

Сырдария өзеніндегі гидронысанның жағдайы тіпті мүшкіл. Мамандар 12 арнайы техникамен тоспа түгел құлап қалмауы үшін қабырғаларын 13 тонна таспен бекітіп қойды. Бірақ бұл уақытша қауіпсіздік шаралары болып саналады. Нысан толық жаңғыртылмайынша қауіп сейілмек емес. Алда-жалда су түгел торапты шайып кетсе, 16 мың гектар алқапқа су жеткізу мұң болары кәдік.

"Жыл аяғына дейін сүңгуірлерден құралған жобалаушы топ өкілдері нысанды толық зерттеуден өткізеді. Келер жылдың сәуір айына дейін жобалық-сметалық құжаттары дайын болуы тиіс. Өйткені егіс алқаптарын суару кезеңінде құрылысты бастап, 6 айда аяқтауымыз қажет. Ұзындығы 58, ені 54 метрді құрайтын нысанда қазір төтенше жағдай жарияланды. Жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы көлемі әзірге белгісіз", - дейді "Қазсушар" РМК филиал директорының орынбасары Хамит Биімбетов.

Осыдан 16 жыл бұрын 1,5 млрд теңгеге салынған тораптың кепілдік мерзімі 20 жылға жетпей сыр беріп, темір жақтаулары төмен сырғып, су асты бетон платформасы 6 метрге шөгіп кеткен. Секундына 700 текше метр су өткізетін гидроқұрылғы арқылы Жалағаш, Сырдария аудандарының егістігі суарылады. Сонымен қатар Еліктай, Соркөл және Әйтек каналдары толтырылады.

Көктемгі су келер кезеңде Әйтек су торабының төменгі бьефіндегі темір бетон плиталары мен жағалары опырылып, ағысқа әсер етті. Салдарынан ауданға қарасты елді мекендерге қауіп төнген жағдайы бар. Жедел арада қалпына келтіру құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, оған республикалық бюджеттен 47 млн. теңге бөлінді. Ал, жалпы құрылысты қалпына келтіру үшін "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы арқылы 700 млн. теңге қаржы бөлінеді. Әйтек су торабын қалпына келтіру жұмыстарына 150 адам қамтылмақ.

"Қазсушар" РМК Қызылорда филиалының "Сырдариясушар" өндірістік учаскесінің басшысы Б.Искаков жоба аясында атқарылатын жұмыстарды айтты.

"Құрылыс барысында табаны, жағалары, барлығы 300 метр жер бетондалады. Сондай-ақ су ағысын бәсеңдететін құрылғылар салынады. Құрылыс басталғанда оның сапалы жүргізілуі және жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуы бақылауда болады", - деді учаске бастығы.

Нұрбек Дәуренбеков


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу